«Құқықтық саясат кеңесіндегі талқылау барысында ізгілендіру аясында барлық баптарды зерттеп шығу шаралары ескерілді, оның ішінде жолдағы көлік қозғалысы баптары қамтылып отыр. Бүгінде Әділет министрлігімен бірлесе отырып, 14 бап бойынша жауапкершілікті жеңілдету шараларын айқындадық», – деді комитет төрағасы.
Осы орайда ол Ішкі істер министрлігі жол апаттылығы мен қауіпсіздік жағдайына тікелей әсер ететін ереже бұзушылықтарға айыппұл деңгейін төмендетуге қарсы екенін жеткізді.
«Мәселен, жол қиылысында тоқтайтын сызықтан көктайғақ салдарынан немесе байқамай 1 метрге асып кетсе, айыппұлды 5 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін төмендетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұраққа көліктерін қойып кеткендер үшін де айыппұл айтарлықтай азайтылады. Сонымен қатар көліктің жарығын қоспай жүргені үшін бірінші рет тек ескерту жасалады. Ал екінші рет осы себеппен тоқтатылса, онда 5-тен 3 АЕК-ке айыппұл төмендетіледі. Яғни, жолдағы апаттылыққа тікелей ықпал етпейтін баптар бойынша санкцияларды жеңілдету қадамына барып жатырмыз», – деді И. Лепеха.
Сөз соңында ол аталған баптар бойынша нақты шешім қабылданатынына сенім білдірді.