06 Мамыр, 2011

Ықпалы зор ынтымақтастық

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Тәуелсіздік сарайында 2011 жылғы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі экономикалық және әлеуметтік жағдайға жа­салған шолудың тұсаукесеріне арналған баспасөз мәсли­ха­ты болып өтті. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, Азия-Ты­нық мұхиты бойынша экономикалық және әлеуметтік комис­сия­ның (ЭСКАТО) атқарушы хатшысы Ноэлин Хейзер қатысты. – 2011 жылы Азия-Тынық мұ­хиты өңіріндегі дамушы елдердің экономикасы 7,3 пайызға өседі, – деді басқосуда БҰҰ Бас хат­шы­сы­ның орынбасары Н.Хейзер. Сон­дай-ақ ол аталған өңірдің 2008-2009 жылғы дағдарыстан кейін өткен жылдан бастап жедел қалпына келе бастағанын тілге тиек ете келе, 2010 жылы бұл ай­мақ­тың экономикасы 8,8 пайызға дамығанын айтты. Сонымен бірге өңірдегі дамушы ірі мемлекет­тердің экономикасы қарқынды ілгерілей бермек. Олардың ішінде Қытай – 9,5 пайызға, ал Үндістан – 8,7, Индонезия 6,5 пайызға өседі деп күтілуде. Жалпы алғанда, биылғы жыл­да­ғы даму кең ауқымда қалып­тас­пақ. Шығыс және Солтүстік- Ш­ы­ғыс Азиядағы өсім – 7,9 пай­ыз­ды, Солтүстік және Орталық Азия – 4,8, Оңтүстік және Оңтүс­тік-Батыс Азия – 6,8, Оңтүстік-Шығыс Азия – 5,5 және Тынық мұхиты аралдарындағы дамушы елдердің экономикасының өсімі 5,5 пайызды құрамақ. «Алдыңғы жылы 1,2 пайыз көлеміндегі өсімнен соң Қа­зақ­стан экономикасы өткен жылы жыл­дам, яғни шамамен 7 пайыз­ға өскен. Біздің болжам бойынша 2011 жылы 6,2 пайызға артады», – деді Н.Хейзер. Сарапшының пайымдауынша, Қазақстан Үкі­метінің банк секторын тұрақтан­дыру арқылы  экономиканы тұ­рақ­тандыру шаралары маңызды қадам болған. Дүние жүзіндегі мұнай және өзге де минералды ши­кізаттарға сұраныстың артуы 2010 жылы өндіріс қарқынының өсуіне себеп болған. Әйтсе де, елімізде ауыл шаруашылығы ай­тар­лықтай төмендеген. Өйткені, астық шығымына өткен жылғы құрғақшылық әсер еткен. Басқосу соңында Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов халық­ара­лық ынтымақтастық бойынша ЭСКАТО-ға қатысушы елдермен ықпалдастыққа баса назар ауда­ры­лып отырғанын айта келе, еліміз БҰҰ-ның Азия-Тынық мұ­хиты өңірі бойынша экономика­лық және әлеуметтік комиссия­сы­мен, Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның өзге де агенттіктерімен ты­ғыз ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруы керектігін де назардан тыс қалдырмады. Ол Қазақ­станның дағдарыстан кейін да­муы Үкіметтің дағдарысты еңсе­ру бағытындағы шараларды жыл­дам атқаруына байланысты бол­ға­нын да алға тартты. Сондай-ақ, Премьер-Министр халықаралық бәсекелестік қатаң талаптар бой­ынша іске асырылатынын және осыған орай инновацияларды иге­рудің маңыздылығы бұрын­ғы­дан да артып отырғанын қаперге салды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.