14 Мамыр, 2011

Жеке өкілдің Римге сапары

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ Іс басындағы төр­аға­сының Төзімділік және кемсітуге қарсы күрес мәселелері жө­нін­дегі жеке өкілі, Парламент Сена­ты­ның депутаты Әділ Ахме­тов­тің Римде (Италия) мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым­дар және діни бірлестіктер өкіл­де­рімен кездесуінде діни еркіндікті ілгерілету, діни тұрғыдағы, жатсыну мен нәсілдік кемсітуге қарсы іс-қимыл мәселелері сөз болды. Кездесу ЕҚЫҰ Іс басындағы төр­ағасының үш жеке өкілінің Италия мен Ватиканға биылғы бірлескен сапары аясында болды. Киелі Тақтың мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшысы – ар­хиепископы Д.Мамбертимен кез­десуі барысында кемсітуге қар­сы күрес пен діни еркіндік мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді. Д.Мамберти дінаралық үнқа­ты­су мен конфес­сия­аралық өзара түсіністікті орнықтыруға Қазақ­стан­ның қосқан үлесін жо­ға­ры бағалай келіп, Қарағандыдағы католик шіркеуі құры­лысының қол­дау тапқаны және аяқталуына орай алғыс айтты. Италияның мұсылман қо­ға­мы­­ның өкілдерімен, Министрлер кеңесінің, Италия ІІМ діни қаты­настар жөніндегі ди­ректораты­ның, Тең мүмкіндіктер депар­та­ментінің және Кемсіту мен нәсі­л­шілдікке қарсы ұлттық кеңсенің сарапшыларымен кездесулерде қу­ғындауды, жатсыну және нә­сіл­шілдікті мемлекеттік саясат дең­гейінде жою саласындағы шаралар әзірлеу қажеттігі атап көр­се­тілді, деп хабарлады  Парламент Сенатының баспасөз қызметі.