Кеше «Нұр Отан» ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің ұйымдастыруымен «Кеден одағы Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандырудың қозғаушы күші» атты дөңгелек үстел болып өтті.
Отырысқа Экономикалық саясат жөніндегі кеңес төрағасы Кенжеғали Сағадиев жетекшілік етті. Ал Экономикалық интеграция жөніндегі министр Жанар Айтжанова, Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау, Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов, Мұнай және газ вице-министрі Ләззат Қиынов, Көлік және коммуникациялар вице-министрі Азат Бектұров баяндама жасады.
Жалпы, еліміз өтпелі кезең ішінде 400 тауарлық позициялар бойынша кедендік салықтар ставкілеріне қосылуы бойынша 3 пен 5 жыл аралығындағы жеңілдіктерге ие болды. Мысалы, дәрі-дәрмек өндірісі мен құрал-жабдықтарды шығаруына 5 жылға арналған нөл пайыздық салық белгіленген. Бұл ретте біртұтас кедендік тариф 10-15 пайыз деңгейінде екені белгілі. Сол сияқты химиялық өнімдерге арналған шикізатқа 4 жылға арналған нөл пайыздық салық көзделіпті. Бұдан басқа техникалық реттеу, ветеринарлық, санитарлық және фитосанитарлық талаптарға қатысты халықаралық келісімдер бекітілген. Соның нәтижесінде тауарларға қойылатын талаптар құжаттары бір-біріне жарай беретін норма өмірге келгені мәлім.
Кеден одағының алғашқы нәтижелері көрсеткендей, 2010 жылы Ресеймен өзара сауда-саттық 27,2 пайызға, ал Белоруссиямен 55,8 пайызға өскен. Қазақстан өнімдерінің Ресейге экспорты 35,9 пайызға артқаны атап өтерлік. Сонымен, Кеден одағы елдерімен сыртқы сауда 28,1 пайызға артып, 12,9 миллиард АҚШ долларынан 16,5 миллиард долларға дейін өсіп, Қазақстанның жалпы сауда айналымының 18,5 пайызын құраған. 2011 жылдың 1 тоқсанында еліміз бюджетіне түскен сырттан әкелінген тауарларға салынған салық өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 233,2 пайызға артқан. Бұл түсімнің 25,3 миллиард теңгеден 59 миллиардқа дейін өскендігін көрсетеді. Дөңгелек үстелде Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік Баймағанбетов, Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин және Кеден одағына қатысты мәселемен айналысатын бірқатар министрліктер мен ведомство өкілдері де сөз алды. Депутаттардың көптеген сұрақтарына жауап берілді. Отырыстың қорытындылары бойынша тиісті ұсыныстар әзірленді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.