17 Мамыр, 2011

Табалдырық керек

512 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тәуелсіз еліміздің тари­хын­да тағы бір асудан өттік. Тағы да бір рет жалпыхалықтық сайлауда жасырын дауыс беру ар­қылы еліміздегі ең үлкен лауа­зымның иесін анықтадық. Бар­лық асулар мен өткелдер сияқты бұл сайлау да өзінің артына сабақ болар ұлағаттар тастап кетті. Соның бірі – президенттікке кандидат болып тіркелетін үміткерлерге де табалдырықтың қажеттілігін танытты. Ата Заңымыздың 41-бабына сәйкес, Қазақстан Республика­сы­ның Президенті болып Қа­зақстан Республи­ка­сында туған, 40 жастан кіші емес, елімізде кем дегенде 15 жыл тұрған кез кел­ген азамат сайлана алады. Оларға қойылатын тағы бір талап – мемлекеттік тілді еркін меңгерген болуы қажет. Осыларға сәйкес болған кез келген азамат саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсы­нуы­мен де, өзін өзі ұсынып та президенттікке кандидат болып тіркеле береді. Биыл осы құқын пайдаланып, талайлар тіркеліп, олардың барлық саны 22 адамға жетті. Оның ішінде үй шаруа­сындағы әйел де, жұмыссыз жүр­ген азаматтар да болды. Әри­не, олардың көбі президент болып, ел басқарайын деген жоқ шығар, қандай да бір себептермен көрініп қалуға тырысқандар екені анық. Соның ішінде президенттікке кандидаттардың сай­лау­алды үгіттеріне бөлінетін 6 млн.-нан артық қаражаттан да иегі қышығандар болмай қалған жоқ сияқты. Басқада жұмысымыз жоқ, қазақ халқы ежелден биік орында отырған адамды ғана емес, биік орынның өзін де сыйлаған. Оның қадірі мен қасиетін жоғары бағалап, ешқашан аяқасты етпеген. Халқымыздың қалыптасқан менталитеті осы. Сондықтан да, көп адамдар, ұлағатты ақсақал­дарымыз президенттікке үміткер­ліктің ойыншыққа айналғандай бол­ға­нына наразылықтарын білдіріп жатты. Соның ішінде хал­қы­мыз­дың ардақты ұлдарының бірі, атақты композитор, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев «Арзандамайықшы, ағай­ын» деген мақала да жазды («ЕҚ», 25.02.2011 ж.). Сөз жоқ, Қазақстан – демократия құндылықтарын жоғары бағалайтын зайырлы мемлекет. Барлық адам тең құқылы, бәрі де пре­зидент болуға ұмтылмақ қа­қы­сы бар. Ешкімнің осы құқын шектеуге болмайды. Ендеше, «ар­баны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» осындай тығырықтан шығып, президенттікке тек лай­ық­ты үміткерлердің өтінішін ғана қа­лай қабылдауға болады? Ол үшін Конституцияға ешкім­нің құқығын шектемейтін, тек ежелден екшеуіш құралы бо­лып келе жатқан табалдырық ту­ралы өзгеріс енгізу қажет. Қа­зақта «табалдырықтан аттады» деген сөз бар. Бұл адамның жаңа сапаға көшіп, жаңа ортаға өт­кенінің белгісі. Сол сияқты үміткер болу үшін де шағын табалдырықтан аттау керек. Ал бұл жердегі табалдырық деп отырғанымыз 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК). (Қазіргі бағамы 45 мың теңгеден артық). Осынша соманы үміткерлікке тіркелгісі келген азамат Орталық сайлау комиссиясының есеп-шо­тына аударып, түбіртегін өті­ні­шіне қоса тіркеп, ұсынуы қажет. Егер мұндай түбіртек болмаса, өтініш қабылданбасын. Ал оның атауын «кепілдік жарна» десе де болады. «Е, адамның президенттікке кан­дидат болу құқын шектеу осы емей немене» деп айтуға асық­па­ңыз. Бұл қаражат үміткердің мемлекеттік тілді меңгеру дә­режесін анықтайтын комис­сиясының отырысынан кейін үміткер сынақтан өтсе де, өте алмаса да оның есеп-шотына қайтарылсын. Ал егер сы­нақ­қа келмей қалса, онда қара­жаты мемлекеттік бюджетке түсім ретінде аударылсын. Конс­титуцияға енгізілетін өз­ге­ріс осы норманы қамтуы керек. Сонда бұл қаражат, біріншіден, кез келген адамның (оның ішінде мүлде лайық­сыздардың) өтініш бере беруін екшейді; екіншіден, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін бай­қайтын комиссияны ойын­шық қылғандай болып, оның сынағына келмей қалудан кепілдік береді; үшіншіден, қай­тадан өзіне қайтарылу арқылы ешқандай қаржылық салмақ түсіріп, қиындық тудырмайды; Ал, енді, кепілдік жарна неге 20 немесе 40 емес, 30 АЕК көлемінде болуы керек дегенге келейік. Өйткені, бұл қара­жат аз да емес, көп те емес, өзін президенттікке үміткер болуға лайықпын деп санаған адамның қалтасы көтеретін сома. Міне, Ата Заңға осы шағын өзгеріс енгізілсе, президенттік таққа кандидат болу да ойландыратын орын екенін әркім біле жүрер еді. Жақсыбай САМРАТ.