Маңғыстау шыны-пластикалы құбырлар зауыты пайдалануға берілгеннен бергі жеті жылда 1 миллион 900 мың метр құбыр шығарды. Сапалы өнімге сұраныс мол.
Осыдан жеті жыл бұрын 2003 жылдың сәуір айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұсауын кесіп, оң сапар тілеген бұл кәсіпорын бүгінге дейін еліміздегі бірегей өндіріс болып келеді. Елбасының өзі мұнай-газ саласына аса қажет кәсіпорынның өндірісі АҚШ-тың әйгілі «Entec Compositec Mashcnes» компаниясының станоктары мен «HITEC» компаниясының технологиясымен жабдықталып, өндірістің компьютерленгендігін жоғары бағалап, нақты ұсыныстар да берген-ді. Өйткені, пайдаланылып келген болат құбырлар 3-4 жылда ескіретін, ал оларды қайта қалпына келтіруге кететін шығын бастапқы құнынан да қымбат еді. Жаңа зауыт өнімі шыққалы бәрі басқаша болып отыр. Күту, пайдалану шығыны азайды. Гидравликалық, коррозиялық беріктігі ерекшеленіп, салмағының өзі төрт есеге жуық жеңілдепті. Ал пайдалану уақыты 40-50 жылға жететіндігі белгілі болуда. Мұндай қорытынды құбыр өндіру үшін зауытқа сонау Ресейдің Гусь Хрустаный, Дағыстанның Кзылюрт және Татарстанның Қазан қаласынан әкелінетін барлық шикізаттарды тексеріп, шығарылған өнімнің 100 пайыз сынақтан өткізілуі негізінде жасалыпты. Соның нәтижесінде зауыт өнімін АРІ-1S, BS әлем стандарты негізінде шығаруға қол жетіп отыр.
Өнеркәсіп орны жұмыс жасағалы Қазақстан мұнай алыптары аталатын Жетібай және Қаламқас кен орындарында 1800 километрден астам шыны-пластикалы құбырлар төселіпті. Сол кен орындары мамандары пікірінше құбырдың монтажына, пайдалануға кететін уақыт азайып, экологиялық жағдайға да оң әсер етіп келеді, – дейді кәсіпорын директоры Сәрсен Қырымқұлов.
Сайып келгенде бұл ұжымдағы Е.Көшкінбаев, Г.Якшибаев, С.Сейтов, В.Мельник, Б.Сисенов тағы басқа да еңбеккерлеріміздің ерен еңбектерінің жемісі, игі ізденістерінің ізі деуге болар.
Сондай-ақ, зауыт өнімдеріне деген қызығушылық күн санап артып «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бөлімшелерімен қатар қазірдің өзінде «ҚазМұнайГаз» Барлау.Өндіру» АҚ, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалынан, «Жалғызтөбе», «Бұрғылау» және басқа да серіктестіктерден тапсырыс түскен, сондай-ақ ресейлік екі мұнай компаниясының өкілдері арнайы келіп, зауыт өніміне деген қызығушылықтарын танытып, өзара байланыстарын бастапты.
Осы жерде кәсіпорын басшысы зауытта шығарылып сапасы мен төзімділігіне орай жоғары баға ала бастаған өнімдерді мұнай өндірісіне деген қажеттілікті өтеумен бірге тұрғындар сұранысына сай ауыз су құбыры ретінде де пайдалануға жарату үшін жұмыстануда екендігін жеткізді. Ол да Қазақстан Республикасы санитарлық эпидемологиялық органдары саласының мұқият, зерделі зерттеулерінен соң оң шешіліпті. Яғни, енді маңғыстаулық тұрғындардың ретіне қарай тез таттанатын болат құбырларды емес, заманауи шыны-пластикалы құбырларды пайдалануына мүмкіндік туып отыр.
Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.