18 Мамыр, 2011

Апта айшықтары

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қасым ақын мерейтойы жақын Қазақ поэзиясы алыбының туғанына 100 жыл толуы тамыз айында атап өтілгелі отыр. Осыған байланысты бүгінде  оған дайындық іс-шаралары қызу жүргізілу үстінде. Облыс әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев жетекшілік ететін мерейтойлық комиссияның кезекті мәжілісінде әзірлік барысы тағы бір пысықталды. Онда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым  Жайлыбай, белгілі ақын Серік Тұрғынбек, айтыскер Аманжол Әлтай және басқа да қатысушылар өз ой-ұсыныстарын ортаға салып, халқымызға ортақ тойды есте қаларлықтай өткізу жөнінде ақыл-кеңес қосты. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды. Ардагерлер жаңа үйге қоныстанды Қызылорда қаласының «Астана»  шағын ауданында 30 пәтерлі жалдық үй тұрғындардың игілігіне берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысты. – Елбасының бастамасымен қолға алынған «тұрғын үй» бағдарламасы аясында облыс орталығында көп қабатты 41 үй салынып, 1362 тұрғын жеке пәтерге ие болды. Жаңадан бой көтерген «Сырдария» шағын ауданы – осы бағдарламаның нақты жемісі,– деді Болатбек Баянұлы. Ал «Астана» шағын ауданының алғашқы тұрғындары ҰОС-ның ардагерлері екенін айтқан абзал. Бұл үйдің басты ерекшелігі, бірінші қабатында кеңсе орналастыруға мүмкіндік мол. Жақын арада Ақмешіт-Сырдария орталық мешітіне дейін осындай 13 үй салынбақшы. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда. Түркиядан табыспен оралды Өскемендегі «Үміт» балалар үйін ұзақ жылдардан бері тәжірибелі педагог, жетім балалардың «екінші» анасы Майра Бейсақанова басқарып келеді. Жақында балалар үйінің тәрбиеленушілері Түркияның Фетхие қаласында өткен «Алтын күн» халықаралық фестивалінен табысты оралды. Дүние жүзінің 23 елінің ең таңдаулы деген өнерлі жастары қатысқан байқауда өскемендік өрендер екінші орынды иеленіп, өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. «Үміт» балалар үйінің өнерпаздары бұған дейін Рессейде, Еуропа елдерінің бірнеше қалаларында да жеңімпаз атанған еді. Ал республикалық жарыстарда да үміттіктер алдыңғы қатарда. Өңір басшысы Б. Сапарбаев балалар үйіне жан-жақты көмек жасап тұрады. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен. Қала ханымдарының форумы Өткен аптада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Орал қаласы ханымдарының ІІ форумы өтті. Онда әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлі талқыланды. Ақын Ақұштап Бақтыгереева мен еңбек ардагері Мағрипа Ысқақова әйелдер ең алдымен ана болу үшін жаратылғаны жөнінде әлеуметтік ой-пікір сабақтады. Сондай-ақ форумда облыстағы үкіметтік емес әйелдер ұйымдарының гендерлік саясатты жүргізу жөніндегі қызметтері де сарапқа салынды. Жиын барысында бір топ әйелдерге Елбасының Алғыс хаты табыс етілді. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. Ана мен бала аллеясы ашылды Өткен аптада Павлодардағы перинаталдық перзентхана орталы­ғының ауласында Қазақстан  іскер әйелдері қауымдастығы қоғамдық  бірлестігі  мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен  «Ана мен бала» аллеясы ашылды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай басталған игі шараға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова және  қауымдастық  мүшелері  қатысып,  жас  көшеттер отырғызды. Алдағы уақытта осы аулаға құшағында сәбиі бар ана бейнесі салынған мәрмәр тас белгі орнатылады. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. Жалынды  жастар  бас қосты Еліміздің бойтұмары – Тәуелсіздік мерекесіне деген мағынасы зор ауқымды шаралар Жетісу жерінде  жарасым тауып, ұйымшылдықпен өткізіліп келеді. Алакөл ауданында бірнеше елді мекен жастарының бас қосқан «Біз – тәуелсіздік пен жасампаздықтың жалынды жастарымыз!» атты форумы өтті. Рухани бірлік – халықтар достығының қайнар көзі екендігін айғақтаған ойжайлаулықтар өз өнерлерін жан-жақты көрсетуге ұмтылды. Осы ауылдағы татар этномәдени орталығы ұйым­дастырған шеру де діттеген мақсатына жетті. Олар достықтың алмайтын қамалы, аспайтын асуы жоқтығын көрсете білді.  Алакөлдіктер аталған форумды думандатып өткізді. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында «Менің жасыл көшем» акциясымен мерейлі мерекеге орай осы күні 2000 түп ағаш көшеттері тігілді. Форумға қатысушылар табиғаттың тепе-теңдігін сақтау арқылы туған жерді көркейтуге өздерінің қомақты үлестерін қосты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы  облысы.   Салаға серпін берген бастама Көкшетау қалалық әкімдігінде жұртшылық жүрегін желпінткен меморандумға қол қойылды. Бастама иелері – Ақмола облыстық құрылыс кәсіпорындарының кеңесі мен «БТА Банк» АҚ Көкшетау филиалы үстіміздегі жылы облыс орталығында 60 пәтерлік жаңа тұрғын үй құрылысын жүргізіп, пайдалануға беруді жоспарлауда. Жаңа жобаның басты ерекшелігі, ең алдымен құрылыс саласының өкілдері мен 2011-2015 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына енбейтін азаматтардың қоныс той қуанышын көбейту болып табылады. Кеңес төрағасы Т.Шапағатов пен «БТА Банк» филиалының директоры Б.Ос­па­нов­тың айтуынша, бұл бастама қаладағы тұрғын үй кезегін азайтумен қатар, құрылыс индустриясы өкілдерінің қолын ұзартып, саланың мерейін өсіреді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.