18 Мамыр, 2011

Асау арын, дархан дарын

792 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Қа­сым Аманжолов – 100 Қазақ поэзиясының екінің біріне иық тоспас тәкаппар мұзартының бір биігіне қо­нып, нық орныққан мұзбалақ ақын Қа­сым Аманжолов бүгінгі ұрпаққа әрі сүй­с­і­не, әрі сынай қарайтын қырағы қалыпта. Сүйсінетіні, «сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» деп өзі айтқандай, бүгінгі біз­дің болмыс бітіміміз бен жарқын дәуі­рі­мізге қиял көзін қадаған Қасым уақытпен ілескен ұрпақ жаңаруынан терең маз­мұн­дағы сапалық сипатты қапысыз таныған тәрізді: сынай қарайтындығы, от пен дауыл шарпысынан туған тәкаппар да текті жырларымызды зерделей алар кімің бар дейтіндей. Неге екенін қайдам, тым ертеректе ақын­ның жалғыз шумақ: Құраулап жылқы шақырған, Қоңырау үнді келіншек, Қуалап құлын қайырған, Қайда жүрсің, жеткіншек? – деген омырауға үзіліп түскен сыңар тамшы – сырлы өлеңін оқығанда балауса сезімімді мұң шалып, көзіме жас үйірген еді. Енді аңдасам, Қасым ет жүрегін елжіреткен ұлы сағынышын, туған жерден алшақ, майдан даласында жүргендегі сырлы сезімін жалғыз шумақтың бойына байлап бере білген екен ғой. Сол сағынышы «Қайда жүрсің, жеткіншек?» деген сөздің өн бойында бұғынып жатқан жоқ па? Жобасы, Қасым ақын поэзия сарайы­ның қақпасын еркін айқара ашып енгенде өз өлеңдерімен бірге соны сарын, тың тегеу­рін, қуатты динамизмге толы тау тең­­селтер ерен екпінді ала келгендей. Қа­зақ сөзінің жарқ-жұрқ еткен жасынды қал­пын соны ырғақ, тосын ұйқас, тұң­ғиық иірімдермен байытты. Ғабит Мүсі­репов айта­тын «қатар тұрған екі сөз бір бі­ріне өз сәу­ле­сін түсіріп тұруы керек» деген қағи­да­тын Қасым өлеңдері толық өтеп тұрғандай ма дерсің. Өйткені, онда қызмет атқармай бос тұрған селкеу сөзді таппаймыз. Қасым поэзиясының өзгелерге ұқса­май­тын ерен ерекшелігі неде деген сауал­ға талайлар жауап іздеген, әлі де ізденісті ойлар айтыла бермекке керек. Өйткені, ақынның ғажайып таланты сан қырлы жау­һардың жарқылындай ерекше жара­ты­лыстағы құдіретті құбылыс. Күн нұры қай қырынан түссе де жарқырай түсетін асыл тастай ақын сөздері де терең мазмұндық сипатта байқалады. Қасымның мол мұра­сы­ның кез келген тұсынан тосын бір нұр­лы сипатқа тап келесіз. Ол сипат өлең бойындағы топан судай тасқынды қозға­лы­сымен сізді де бей-жай қалдырмай, еліктіріп ала жөнеледі. Мәселен, соғыс даласында оқ пен оттың арасында жалын кешіп жүрген ақын Қасым: Хат жоқ елден: достан да, жақыннан да, Шынымен-ақ шіркіндер ұмытқан ба? – деп кейістігі мол мұңдану үстінде оты­рып: Жалғыз сенсің сырласым, осы өлең, Ақын жыры, туысы, досы – өлең. Мейлі мені ұмытсын дүние жүзі, Жырлап тудым анадан, жырлап өлем, – деп жан сырласы, көңілінің хошы – өлеңі екендігін ескертеді. Бұл өзін өзі алдар­қату, жалаң жұбату емес, өлең алдындағы ар тазалығы, көңіліне көрік қосқан жан салтанаты, деп бағаланбаққа керек. «Өзім туралының» өн бойындағы тұ­нып тұрған Қасымның азаматтық бейнесі, ұстанған бағыт-бағдары, ақындық кре­до­сы, пайым-парасаты, болмыс бітімі, то­ла­йым тұлғасы ғаламат поэтикалық қуатпен сомдалған ғой, осы туындысында ақын: Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.   Барым да, бақытым да осы өлеңім, Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім. Өмірге келгенім жоқ бостан босқа, Мен қайтып, босқа жасап, босқа өле­мін, – деу арқылы өлеңге деген өз пози­ция­сын білдіріп қана қоймай, сол өлеңмен етене егіздігін, өлеңмен бірге жасап, бірге ғұмыр кешіп келе жатқандығын айқын аң­ғартады. Ақын үшін өлеңнен басқа қас­тер­лі де, қасиетті ұғым жоқ. Екінші ғұмы­ры – өлмес ғұмыры өлең екендігін бек жақ­сы сезінеді, ендеше жасық өлең жазу­ға қақысы жоқтығын шегелей бекемдейді. Сондықтан да, ақын «сөз соғам құла­шым­ды еркін керіп, суарып шынықтырам күйге малып, болсын деп әрі әдемі, әрі берік» деген ұлы мақсат қояды алдына. Ақын бұл сертінен шықты, шыққанда да қазақ поэзия әлеміне самғай көтерілген бір шоғыр жарық жұлдызды жыр жауһар­ларын оңды-солды еркелете еркін шашып, қазақ­тың қасиетті төріне оздырды. Оның өлең­дері­нің ғасырлар озса да өңі кетіп оңбай­тын­дығы, мінсіз, суретті сипат­тары­ның си­қыр­лы реңкінің тозбайтындығы да осыдан. Қасым поэзиясына ендей бойлап, те­рең тұңғиығына сүңгіген сайын адуынды дауыл қуаты санаңды ауыр салмағымен илеп, жаншып алады, енді бірде анаңның мақпал алақанындай майда жұмсақ қал­пы­мен маңдайыңнан сипап, өн бойыңды майдай ерітіп, елжіреген сезіммен әл­ди­лей ала жөнеледі. Оған жиі-жиі ойға оралар «Ақын өлімі» дастаны мен «Дариға сол қыз» толғау өлеңінің өн бойындағы ыза-кекпен суарылған кесек те келісті шу­мақ­тар, от оранған соғыс даласынан Дариға-өмір, Дариға-арманын шарқ ұра іздеген елең-алаң сезім селі дәлелдікке жүрмек. «Келмейді өлгім, Келмейді өлгім. Қайратым қайда, Келші осындайда». Дедім де тұрдым, жүгіре бердім. Қолымда найза, шағылып айға. Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым. Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс. Таба алмай жүрмін, Айқайлап ән сап, Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?! немесе «Абдолладағы» («Ақын өлімі»): Құдірет күші, жер жаһанның Қанатын бер қыран құстың. Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың! Күллі әлемнің ашу-кегі Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені Бомба бол да жарыл жүрек! Соғыстың сұрапыл, сипаты, өлім мен өмірдің сілкініс тіресі, өмір болып ақын жанын жігерге малып, алға жетелеген Да­риға қыз бейнесі немесе Абдолла ақын­ның жалын ішінде алау болып жанған жалаулы бейнесі, сол бейнені қия шыңға қы­рандай самғата көтеріп әкеткен қаһар­мандыққа толы күрескер рухы, асқақ ай­бын­ды аруақты тұлғасы мәңгілік есте қа­лады. «Айға шағылған найза» тұтқан сарбаз бейнесі қалың жауды қоғадай жа­пы­рып, алға ұрандата ұмтылған баяғының аңыздағы батырларынан елес берсе, кекке суарылған жүрегін көкірегінен суырып алып жау жолына бомба етіп атқалы тұрған Абдолла ақын бейнесі рухы ерен еңселі ер сипатын санаңа әкеліп, терең тебіреніспен сіңіріп кетеді. Ерен динамика, қуатты сілкініс, тегеурінді қимыл се­нің де марғау жаныңа маздатып от тас­тай­ды, самарқау санаңа болаттай серіппелі сілкініс әкеледі. Бұл сөз қуаты, Қасым ақын­ның текті талантының отты табы, табын­дырар қалам қарымы. Қасым поэзиясында жүрек қылын мақ­палдай жұмсақ лебімен тербететін нәзік те сыршыл лиризмге молынан суарылған сұлу лирика, әуені пәрменді, айбыны ас­қақ буырқанған асау азаматтық бағыттағы өлеңдері қос өрімдей қатар түсіп оты­ра­ды. Ақын қай арнада сөз қозғап, ой тербетсе де ағынан жарылып әділін айтады, ащы да болса ақиқатты алға тартады. Ол өз заманының мінберіне көтеріліп алып қалың жұртқа қарата сөз арнайды. Бұл ақынның ұлы бақыты, батпанды жүк арқалаған міндеті еді. «Өлеңнің қаптатармын отты селін» деп серттескен «от шайнаған тентек» ақын жауға деген өшпенділік, туған ел мен жерге деген зор сүйіспеншілік сыр­ларын жыр тілінде барынша жарқырата көрсете білді. Кезінде Николай Тихонов «бүкіл қазақ поэзиясының інжу мар­жа­ны» деп бағалаған «Ақын өлімі» поэма­сы­нан бастап «Орал», «Байқал», «Елге хат», «Полковник Әлпинге», «Жыл­қай­дар» тәрізді он сан жырлары майдандық поэзияның үлгісіне айналды. Жауынгер ақындар ішінде Қасым поэзиясы пәрменді қуатымен ерекше бағаланды да. Қош бол, досым, жақыным, Уақыт тығыз, сөз қысқа. Кетіп бара жатырмын, Сұрапыл бір соғысқа , – деген Қасым соғысты кезеңнің кескін сипатын көп сөз­ділікке салынбай-ақ «уақыт тығыз, сөз қыс­қа» деп келтесінен қайырып тастау арқылы ұғындырып, сені де қыл арқандай ширатып, шымырлы ой сорабымен алды-артыңды орап тастайды. Өзінің майдан даласына бел буып, етек-жеңін түрінген қалпын, шұғыл аттанып бара жатқанын байқатады. Немесе, «Орал» өлеңіндегі: Қош бол енді, Оралым, Күле бер шалқып, сайранда! Айтпақшы, қайда бораның, Кетейін алып майданға, – деп шұғыл шешімге келеді. Ата жаумен айқасқа сыбай-салтаң түсе қалуға болмас, ол үшін Оралдың ашулы боранындай қайрат жігермен араласу керек болады ғой дейсің. Үстімде сұр шинелім, Ақсаңдай басып келемін. Баяғы Қасым, бір Қасым, Баяғы күйім, өлеңім, – деген ақын от оранған майдан төрінде жүріп те өзінің азаматтық асқақ рухына, ақындық қуат қарымына бір мысқал сызат түсірмей, керісінше, өршіл басын биік ұстап, найзасы мен өлеңін қатар жұмсап, ата жауды табаны астына тас-талқан етіп таптап, елге жеңіспен оралады. «Жеңдік қой жауды, арман не құрбым» – деп қуанышты шаттығын жасыра ал­ма­ған ақын бейбіт тұрмыстың қан ба­зар­лы ортасында жүріп те жыр әлеміне құлшына құлаш ұрды. Оның өлең өлкесіндегі екінші есті де еңселі кезеңі басталды. Жүрмін жортып қызықтап, Көше қоймай баспаған, Сыбырлайды жапырақ, Жалт қарайды тас маған. Алматыға оралған ақын сағынышын сарқып, мауқын басар мұңсыз тірлік құ­ша­ғында жүріп жамырасқан жапыра­қ­тардан сыр аңдап, жалт қараған тастарға тіл бітіреді, солардың өзіне ақтарыла айтар тылсым күйін тыңдайды. Мұнда да ақын Қасым өлең жолдарына тосын теңеулер мен соны сарын әкелген шеберлік қалпынан айнымайды, нені жырлап, неге қалам сілтесе де барынша беріле, егіле, төгіле көңілінің көк еті сөгіле жырлайды. «Жалт қараған тас» деген бейнелі тіркестің кейіннен көп ақынның тіліне тиек болғанын бек жақсы білеміз. Бұл даланы анам жаспен суарған, Бұл далада атам қолға ту алған, Бұл далаға жылап келіп уанғам, Бұл даланы алғаш көріп қуанғам. Бұл далада өскен жанда жоқ арман! Ақын Қасым ұлы мекені – Даласын осылайша жырлайды. Бұл ақындар үшін сарқылмас ұлы тақырып – мәңгілік та­қы­рып болғанымен дәл Қасымдай Даласын, Қазақстанын ерен шабыттың аясында аялай жырлаған ақын шамалы болды. Көбі Қасым толғанысының деңгейінен асар әбжілдік таныта алмады. Қасым соқпа­ғы­нан шығып кетер соны жол таппады, таптаурынға тап келді. Уа, дариға – алтын бесік туған жер, Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр. Жата алмас ем топырағында тебіренбей, Ақын болмай, тасың болсам мен егер, – деп тебіренген Қасым алдындағы өлеңінің логикалық жалғасына осылайша өріс ашып, ғажап шеберлікпен өріп түсі­реді. Өз сезімін ерекше нұрлы сипатпен ажарландырып, арнасын кеңейтіп, тұң­ғиы­ғын тереңдете түседі. Туған жер деген қасиетті ұғым кімге болсын қадірі асқан, баға жетпес қымбат-ақ. Бірақ Қасымның мына шумағынан соң сіздің де туған то­пыраққа деген мархабатты мейіріміңіздің еселеніп сала берері ақиқат. Қасым Аманжоловтың өлеңдерін оқу үстінде оның өз дәуірінің дауылпаз жыр­шысы болғандығын қапысыз танимыз. Оның партия, Ленин, колхоз, социалистік құрылыс, қызыл әскер тақырыптарына шабыттана қалам тербеуі осының айғағы. Бұл социалистік кезең көрінісі, замана та­лабы, қоғам сұранысы. Ендеше, осы орай­да ақын Қасымға ревизионистік көз­қарас аясында мін тағуға қақымыз мүлдем жоқ! Сөйте тұра, Қасым: Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танимысың сен мені, Мен қазақтың баласы! – деп бар дауысымен тіл қатудан еш тартынған жоқ. Бүгінгі «көкбөрінің ұрпағымын» деп да­был­датып жүргендердің қасында Қасым­ның сол тұстағы патриоттық көңіл күй ауаны, өз халқын барынша әспеттей оты­рып жырлай алуы азаматтық тектілік тұрғысынан да, саяси қалыппен алғанда да тым асқақ әрі батыл естіледі. Ақын ақиқатшылдығы, дар алдында да тартын­бас тегеуірінділігі де осында. Қасымның өз тұсындағы әріптес­тері­нен мойны озық, еңселене көтерілуі поэ­зиясындағы диапозоны кең, динамизмге толы қуаттылығымен қатар, ірі пат­риот­тығы әрі оны бүкпесіз бар дауысымен жыр­лай алуы десек, ақиқатты аттап кетпеспіз. Бір ғажабы, Қасым қазақ даласының қай пұшпағына табаны тисе де сол өңірдің өз тума перзентіндей тебірене жырлады. Бүгінгі жер-жер, ру-руға, ауыл-ауылға бөлшектеніп алып, үй ішінен үй тігіп жатқан таяз, тар қылықты қалам­гер­лерге Қасым позициясы үлгі болса дейсің. Аядай ғана қазақ даласын бөлшектеудің не реті бар деп күйзелесің. Қасымның шығармашылығы әр сал­а­ны: прозаны, драманы, сынды да қамты­ғанын білеміз. Сөз жоқ, ұлы ақынның қаламынан төгіліп түскен дүниенің бәрі жасаулы жиһаздай сән-салтанатымен көңіл көзін қызықтырады десек, әбестіктен гөрі әсіре­леу болып шығар. Не десек те, Қасым бізге ең алдымен, ақындығымен қымбат. Ол аударма саласында да өндірте, өтімді жұ­мыс жасады. «Аударған дүние сенің өз мүл­кің болсын» деген қағидаға адал бол­ды. Оған Пушкиннің «Полтавасын», Лер­монтовтың «Маскарадын», Шевченко­ның өлеңдерін мысалға алуға болар еді. Қасым бұл орайда да аударманың клас­си­калық үлгісін жасап берді. Ол ақырғы тынысына дейін өмір күйін толғаумен болды. Өлім­мен күресте зор қайрат, тегеурінді табан­ды­лық танытты, өлім алдында жасып, боркеміктенбеді. Әттең, жоқ қой қанатым, Жерім көп ұшып баратын. Борышым көп беретін, Сыбағам көп алатын, – деген ол шы­нында да өмірге деген ұлы құштар­лы­ғынан танбады. Өлімді аулақ серпіп тастады. Көңілдің күйін төгейік, Арманда кеттік демейік. Бәрін де беріп ел, жұртқа, Қарыздар болмай өлейік, – деген Қа­сым өмір-бесіктің әлдиінде жатып өлім кү­йіне бой алдырмай өмірден өтті. Бүгінгі мөлшермен есептегенде, өзек өртердей тым ерте өтті, өйткені, берері мол болатын. Ақын Ғафу Қайырбеков ұстазы Қа­сым­ның әншілігін, күйшілік өнерін көп ай­татын. Көкшетауға келген сапар­ла­рын­да ұлы ұстазының «Дариға сол қыз», «Туған жер», «Нұрлы дүние» әндерін әсерленіп айтатын. Бұл да көбіміз біле бермейтін Қасымның бір ғажап қыры ғой. Мен бұл мақалада Қасымның өлең өлкесіне келуін, эволюциялық өсу жолын, кемелді биікке көтерілу кезеңдерін хроно­ло­гиялық жағын сақтап, жүйелеп жаз­ба­ған тәріздімін. Ғалым сыншы бол­маған­дық­тан, оны міндет те санамасам керек. Негізгі мақ­сат, ақын поэзиясындағы ойда жүрген кейбір тұстарға назар құлату, ақынның туған елге деген ерен де еңселі махаббаты, соғысты кезеңдердегі айбын­ды үні, сезім ахуалдарын айту болатын. Өзінен бұрынғы және өз тұстастарынан ерекшелендірер сипаттарына да қал-қадірімізше қалам бағыттағандай болдық. Сөз барысында кемшін соқпасақ, асыра әспеттей айтқан тұсымыз жоқ та шығар деймін. Себебі, заманымыздың заңғар ақы­ны Қасым Аманжолов өлеңдері «өзі­мен бірге өлген» жоқ, өлмес ғасырларды бетке алып, неше буын ұрпақпен қанат­таса, қатарласа алға самғай бермек, сан мың қазақ оқыр­мандарына адал қызмет атқара бермек. Өйткені, оның өлең жолдарында бай­тақ жүректі дархан та­ланттың арман аңсары, ең бастысы, қа­сиетті өнерге, өлең тәрізді жарқын құбы­лысқа сарқа жұмсаған шексіз адалдығы жатыр. Төлеген ҚАЖЫБАЙ.