20 Мамыр, 2011

Олар енді Астанаға барады

420 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
“ҚазТрансГаз” АҚ шағын футболдан оқушылар арасында турнир өткізді Қолы бос, істерге шаруасы жоқ балалар жаман әдеттерге үйірсек келеді. Іс насырға шапқанда ғана “қап-ай” деп сан соғатын сәттер аз емес. Балаға бос уа­қы­тын пайдалы, шы­мыр болып өсу үшін спорт алаңдары керек. Мұндайда бәрін мемлекеттің мойнына салып, бір шетте тымпиып отыруға болмайды. Елім, жерім дейтін азаматтар артылған қаржысы­ның бір бөлігін спорт алаңдарын салуға пайдаланса нұр үстіне нұр болар еді. “ҚазТрасГаз” АҚ осы игілікті шараны бастап кетті. Былтыр Шым­кентте мектептер жанынан 3 жазғы спорт алаңын салып берген мұнай-газ басшылары биыл да қаладағы №50 мектептің қасынан біреуін қосты. Шетелде мұндай жазғы алаң­ша­лар­ды биік үйлердің жанынан көп кө­ресіз. Шағын футболға арналған жа­санды шөп жабындысы, көрере­мендер отыра­тын орындықтары бар алаңда футболдан бө­лек баскетбол, волейбол да ойнай беруге болады. Жан-жағында прожектор шам­дары бар, түнде де қызметіңізге әзір. “Қаз­Транс­Газ” АҚ жазғы алаң са­лып бердім, енді не істеймін десең өз­дерің бі­лесіңдер демепті, биыл Қазақ­стан­ның Тәуелсіз­дігіне 20 жыл толуы мерекесіне орай елімізде 2001 жылы туылған балалар ара­сында ша­ғын футболдан рес­пуб­лика­лық жарыс өткізуге мұрындық болған. “ҚазТрансГаз” АҚ қоғамдық бай­ла­ныс департаментінің бастығы Бауы­р­жан Бөрібек сұхбатында осындай алаң­дарды көрші облыстарда да салу­ды жалғас­тырып жатқандықтарын айт­қан. Жалпы, еліміздің мұнай-газ сала­сына иелік етіп отырған “Қаз­МұнайГаз” ком­паниясы Қазақстан бо­йынша 60 жазғы спорт алаңын салуды жоспарласа, со­ның 12-ін іске қосу “Қаз-ТрансГаз” АҚ-ға тиесілі. Бүгінде 2001 жылы дүниеге келген балалардың арасындағы шағын футболдан өткізіліп жатқан турнирді әр аймақ бойынша “ҚазМұнай­Газ­дың” еншілес кәсіпорындары өткізіп жатыр. Әр облыста үздік шыққан екі команда, бұныңыз он-оннан 20 бала және 5 жаттықтырушы Астанада өте­тін Үлкен кубокті сарапқа салуға қа­ты­сады. Әр аймақ бойынша. Оңтүс­тік өңір­ге жауапты болған “Қаз­Транс­Газ” АҚ жиыр­ма оқушы мен бес жаттық­тыру­шының Астанаға бару шығын­да­рын түгелдей өз мойын­дарына алады. Шымкентте осы іріктеу жары­сы­на 18 команда қатысты. Әділдік үшін ар­на­­йы мамандандырылған футбол мек­теп­­терінің оқушылары қатыстырылған жоқ. Сондықтан да, ойын ширығып бас­талды. Жарыстың екінші күнінде 18 командадан жүлделі орындарды бөлісу үшін 3 команда қалған. Ойын №50 мек­теп­тің жаңадан салынған алаңшасында өтті. “Өз алаңыңда қабырға да көмек­те­седі” деген қанатты сөз шеберлікке жүрмейді екен. Мектеп оқушылары мен ұстаздары жақ болып тұрса да осы мектептің футболшылары №64 мектеп оқушыларының асуынан өте алмады. 3-0 есебімен жеңілді. Сәл тынығып алғаннан кейін Мағ­жан Жұмабаев атындағы №39 мек­теп­тің оқушыларына қарсы шыққан. Бар­мақтай балалар ересектер қызы­ғатын­дай ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы таймның өзінде №50 мектеп қақпасына жауапсыз 4 доп са­лын­ды. Команда капитаны Никита жой­қын шабуылшы екен. Айып добы­ның бәрін сол тебеді. Стандарттан ұрып гол кіргізіп жіберді. Командада жақсы ойын өр­негі бар. Бір-бірін емеуріннен түсінеді, доп алып бара жатқан ойыншының пас беретін жерінен табыла кетеді. Екі жақтың жаттықтырушылары екі қапталда жанығып жүр. Құдды, 10 жасар балғындардың арасында әлем чемпионаты өтіп жатқандай. Есеп 4-1. Үшінші орын белгілі болды. Командалар біраз тыныстап алғаннан кейін алаңға қайта шықты. Жүлде - Үл­кен кубок және бірінші орын деме­се­ңіз, Аста­наға осы екі команда да барады. №39 мектеп оқушылары баяғы ойын өрнегіне салар дегенбіз. Бұл біз­дің ішкі ойымыз ғана екен. Кезінде жолбарыстай жылдам, арыстандай қайратты Диего Мара­до­наны ортаңқол командасына шақыр­ғанда “жалғыз жұлдыз не бітіреді, клуб сол орнында қалады” дегендер бол­ған. Жалғыз ағаштың жан қысыл­ғанда ор­ман да бола алатынын сол Марадона көр­сетіп, командасын ел чем­пио­натында бас бәйгеге іліктіріп еді. №64 мектептің орталық шебіндегі ойыншы, бойы да қарсыластарына қа­рағанда ұзындау Нұрбек ойын өрнегін мүлде өзгертіп жіберді. Ойлы ойынға қарсы тегеурін қосты. Дербиде қарсы­ласының адымын ашырмайды. Бірінші тайм 0-0 болып бейбіт тарқас­қанымен №64 мектептің оқушылары тегеурінді шабуылды күшейтіп жіберді. Қарсыластары сасқалақтап, білгенінен жаңылды. Қателесулері көбейді. Осы сәтті құрдастары жақсы пайда­лан­ды. Апай-топай екі гол соғып ал­ды. Осы есеп­ті ойын соңына дейін ұс­т­аған. Соны­мен бі­рінші орынды №64, екінші орын­ды №39, үшінші орынды №50 мектептің оқушылары бөлісті. Жарыс соңынан үздік қақпашы, үздік шабуылшы, үздік қор­ғаушы және үздік ойыншы марапатталды. “ҚазТрансГаз” АҚ-ның департамент басшысы Бауыржан Бөрібек осы тур­нирді ұйымдастыруға Шым­кент әкім­дігі, облыстық және қала­лық оқу бас­қар­маларының атсалыс­қанын айтқан. Біз облыстық білім басқарма­сы­ның бастығы Мырзабек Туған­баев­ты әңгімеге тарттық. – Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығын лайықты атап өту әрқай­сымыз­дың парызымыз, – дейді об­лыс­тың бас мұғалімі. – Аттың жалы, тү­йе­нің қо­мын­­да өскен, ер азамат­тары жа­лаң қы­лышымен елдің азат­тығын қо­р­ғаған, бодандықтың қамы­тынан құ­­тылуды аң­са­ған жылдардан осын­дай тамаша за­манға өттік. Бұл – Елба­сы­мыздың сын­дарлы саясаты­ның, мем­лекетіміздің өр­кен­дегенінің жемісі. Оқу-тәрбие жұмыстарында осы­ны аңғартуға күш салып жатырмыз. Отанын сүйген әрбір азамат менің еліме сіңіретін үлесім қандай деген уақытта тұрмыз. Осы ретте “Қаз­ТрансГаз” жігіттерінің елге сіңіріп жатқан жұмыстары сүйсінтеді. Бүгінгі 10 жасар балалар ара­сын­дағы турнир соның бір көрінісі ғана. Мектеп оқушылары өзіне керегіне қол жеткізуі керек. Спорт ойындары олар­дың күш-қуатын еселеп қана қоймай, сабағын жақсы оқуына, тәртіпті, тәр­биелі болып өсулеріне өз үлесін қоса­ды. Бүгінде турнир қала мектептерінде ғана өтіп жатыр. Негізінде, біз ауыл, аудан балалары ара­сында да осындай жарыс өткізуді қолға алып жатырмыз. Жарыс аяқталды. Енді 24 мамыр күні жеңімпаздар мен жүлдегерлер жаттықтырушыларымен бірге «Қаз­МұнайГаз» ҰК» АҚ ұйымдас­ты­ратын Үлкен кубокті сарапқа салу үшін Астанаға жолға шығады. – “ҚазТрансГаздағы” ағаларға рах­мет, – дейді 10 жасар футболшы Нұр­дәулет Қуанышбаев. – Жақсы жа­рыс өткізіп берді. Бәрімізге спорттық киімдер кигізді, сыйлықтар берді. Ал, ойын керемет өтті. Біз жеңдік. Астанада да жеңіске жетсек тамаша болар еді. Жеңілуді ойлап бара жатқан жоқпыз. Көреміз ғой. Футбол – ең көрермені көп ойын. Бүгінде әлемнің көз құрты болған Месси, Рональду, Кака, Озил сияқты ойын­шылар осындай балғын футбол­шылар арасынан шықты ғой. Бұл балаларда енді өз футбол алаңдары бар. Ондай болмақ қайда деуге болмайды. Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.