Әдебиет • 24 Мамыр, 2011

Тірі сөздің туындыгері

2910 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітап­ханада көрнекті жазушы Дүкен­бай Досжан шығармашы­лығының 55 жылдығына орай «Көркемсөз шебері» атты кітап көрмесінің ашылу салтанаты өтті. 

Бұл көр­меге шы­ғармалары әлемнің 20 тіліне ауда­рылып, 7,7 миллион та­ралыммен оқы­лып келе жатқан көркемсөз шеберінің 130 еңбегі қойылған. Оқырмандардың назарына ұсы­нылып отырған осынау кітап көр­месі үш бөлімнен тұрады.

«Адам өз тағдырының ұстазы» бөлімі автордың өмірбаяны, өскен ортасы жайында мағлұматтар беретін ең­бектер мен фотосуреттерге арналса, алғаш шыққан еңбектерінен тартып, бүгінгі күнге дейінгі шығармалары мен әлем халық­тары тіліне аударылған кітаптары «Жазушылық – қанға сіңген мінез, сағыныш пен мұң егіз» бө­ліміне топтастырылған. «Қалам­герді қатары өсіреді» атты соңғы бөлімге шығармашылық өсу жолы мен еңбектері жайлы жа­зыл­ған монографиялар қойылған.

14 жасынан бастап тірі сөзбен сурет салуды серік еткен автор­дың қаламынан 11 роман, 22 хикаят, 100-ге тарта әңгіме туған. Зерттеушілер Д.Досжан шығар­ма­­шылығын үш салаға бөліп қа­растырады. Біріншіден, көне ға­сыр қойнауынан ер түрік рухын тірілткен 60 жылдар басындағы тарихи тақырыптары. Оған дәлел – «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби» атты кітаптары. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер шарпысуынан ұлттық рухын жо­ғалтып, мінез экологиясына ұшы­раған ұрпақтар образының гале­рея­сы – «Зауал», «Дария», «Та­бал­дырығыңа табын», «Жол­барыс­тың сүрлеуі», «Кісі ақысы» кіта­бы­нан табылады. Соңғысына ға­жа­йып тұлғалар ғұмырын көр­кемсөз­бен сөйлеткен «Мұхтар жо­лы», «Абай­дың рухы» роман­дары енеді. «Ақ Орда» романы, «Ас­тана­ның бас архитекторы» деректі хи­каясы тәуелсіздіктің тари­хын көр­кем кестелесе, қалам­гер­дің кейінгі кездері жазған «Кешірім», «Адам айна», «Александрия кі­тап­хана­сы» әңгімелері мен «Жа­нып-сөну», «Қы­зыл кеніш оқи­ғасы», «Жан тәтті» хикаяттары адам тағдырын әр қырынан суреттеген.

Жалпы, Д.Досжан XXI ғасыр – нарық заманының кейіпкерлерін сомдап жүрген бірден-бір жазушы. Жиында сөз сөйлеген Ә.Кекілбаев оған «Сөздің түбін қазып жазатын қазбагер жазушы» деп баға берсе, С.Оразалин қаламдас жазушының шығармашылығы мен адами қасиеттеріне тоқталды. Ар­қаға астанамыз алғаш көшіп келгенде қазақ 11% ғана еді, ал бүгінде қазақтың саны 77%-ға жетті. Астанада 101 жазушы бар екен. Қазақы әдеп, ұлттық психология қалып­тас­ты. Елорда рухани орталыққа ай­налып келе жатыр, осыған тәубе деймін, деген ҚР Президенттік мә­дениет орталы­ғының директоры, ға­лым Мыр­за­тай Жолдасбеков одан әрі өндірте жазып жүрген жа­зу­шыға шығар­машылық табыс тіледі.

Майгүл СҰЛТАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті