08 Маусым, 2011

Аспантаудың ақиығы

533 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Мұқағали-80 Бір-біріне бауыр басып, тектұрлары төбесімен көк тіреген бұл өлкеге пенденің сүйінгеннен басқа ешқандай шарасы жоқ. Кешігіп келсе де көктемі қандай! Сіреу қар көбесі сөгілісімен жаратылыс жайнап сала береді. Өртеңде бөртегүлдер бүр жарып, беткейлерде бозқараған гүлдейді. Бозборан түтекте жұмыртқа шайқаған қы­рандар шаңқылдайды. Құж-құж құз­дарын­да қозықасын ерткен құлжалар қылтияды. Шыңдар мен шатқалдарда жастық әлемі­нің жасыл жебесіндей шыршалар шаншы­лып, жанарды жаулайды. Сағындырып келген назерке жазы ше? Жұрттың арқа-басы кеңіп, бұлттармен араласып, жай­лауға көшеді. Желіден босаған құлындар жұнттай болып, түгі жылтырап, асау желмен жары­са­ды. Енесін емексітіп қозы-лақ оты­ға­ды. Сал дәурен ұзағынан сүйін­ді­ре­тіндей. Бірақ, томсырайып кешеу күз келіп, қайдағы-жайдағы тәтті мұңды қозғап, тыраулаған тырналар көші кернейлетіп кү­н­гейге тартады. Жоталарда жынын шашқан бурадай шөгіп алып, бұрқ-сарқ еткен қысын суреттеуге тіл жете ме? Пай-пай!.. Мұнда жер жүрегі лүпілдей соғып тұр­ғандай. Қашан барсаң да Абайдың Жидеба­йын­дай, Ілиястың Ақсуындай, Қасымның Қарқаралысындай Мұқағалидың Қарасазы да әдемі әсер қалдырады. Жыр кіндігі. Ол ойында ортекедей орғып, қырында көк­бөрі­дей жортып осында туып-өсті. Жал­ғыз емес екен. Нарынқолдың наркескен ақыны Еркін Ібітанов екеуі құлын-тайдай тебісіп, өмір мен өнер әліппесін ашты. Ағасы Бердібек, тұрғыласы Тельман және інілері прозашы Баққожа мен шайыр Ба­тық таяқ тастам жерде ғұмыр кешіпті. Ұжым­шар­дың алғашқы ұйытқысы әкесін майданға шығарып салып, орыс орман­дарының сол­түс­тік-батысында шейіт бо­ла­тын оны са­ғына жүріп, соқаға өгіз жегіп, бұғанасы әлі бекімеген қаршадай бала ма­сақ теріпті. Бұлар Мұқағалидың тұң­ғыш табалдырық аттаған өмір мектептері. Сары құрылықтың беломыртқасындай Тәңіртаулар тізбегі таусылған ба? Арыдан қаһарлы Хантәңірі қабақ түйіп қа­рауы­та­ды. Беріден біртүрлі Елшен­бүйрек елжіретеді. Ұлы таулар қоршай қаумалап мысы басатындай. Оны рухы биіктер мекендейтіндей тек. ХХ ғасырдың алпысыншы жыл­­дарының басы. Алматы кинотехни­ку­мын бітірген бір топ өрімдей жас құдай айдап тұз-дәм бұйырып, Кеген асып, На­рынқолға атбасын тіреген. Сондағы жұрт­тың шектен тыс қонақжайлылығы қайран қалдырған болса, әлі отызға жетпеген Мұқағали жанына жыр ұялатып, қыран қанатын қомдап, алыс көкжиекке көз жібергендей күй кешіп жүрген кезі болатын. Оған Қарасаз қыраны, Хантәңірі мұзба­ла­ғы десе де жарасып тұр. М.Мақатаев поэзия патшалығын иемденіп, Абай санатындағы биіктен түспей қалды. Сырым да осы. Жырым да осы алдыңда, Байқашы бір: бықсыдым ба, жандым ба? Махаңдар жоқ. Махаңдардың сарқыты Мұқағали Мақатаев бар мұнда! «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп жыр-әулиені пір тұтқан ақын дәстүр мен жаңашылдықты жалғастыра отырып, кімді айтты? Махамбет Өтемісұлын ба, жоқ Мағжан Жұмабайды ма? Бұл бізге жұмбақ болғанмен, өзіне аян. Ұлттық әдебиет та­рихы мысықкөмбеге айналдыруға ешқа­шан көнбейді. Нәйеті жиырма жылдың о жақ, бұ жағында Мұқағали Мақатаев қ­а­зақ ақынының қандай болуы керектігін танытып өтті. Қиырға ұшатын ата қыран­дай қайратқа мініп, мұзбалаққа тән мінез көрсетті. Жан-жануарлар мен құстар ішінен тек сұңқар тектес қанаттылар ғана аса өжеттікпен күн көзіне жасқанбай тіке қа­рай алады екен. Жетістіктері мен кемістіктері, жақсылығы мен жамандығы ұда­йы итжығыс, үнемі қыл үстінде жүретін адам ба­ласы арасында ақындар ғана шыж­ғыр­ған шындықпен бетпе-бет келіп, оның шы­ра­йы­на қаймықпай қарай алады. М.Ма­қатаев сондай жыр жар­қы­лы­нан жаралған жан. Гәп бұр­қы­ра­тып аз немесе көп жазуда емес. Қа­зақ­тың бас ақыны туған халқын сүй­гендіктен заман­дас­тарын қалай мі­неп-шеней­ді? Ол шығармаларын жинап, кітап шыға­ру­ды үрдіс етпепті. Бертінге дейін неге өлеңдерін Көкбай атынан жария­лады? Неге өйтті? Ол артына бар-жоғы 5313 жолдай жыр жазып, 1700 жол тәржі­ма жасап қалдырса; ең ұзақ еңбек еткен 1897 жыл – 397 жол, ал ең аз қалам тартқаны 1885 жыл – 14 жол. Мұқағали да осы санатқа жатады. Қалай, қайтіп жазам десе де оған онша кедергі бола алмай, еркін жүріп, еркін сілтеді. Кезінде Қазақстан Жазушылар одағы мен оның басылымы «Қазақ әде­бие­ті­нен» қағажу көрді. Алайда, қолын ешкім қаққан емес. Кейбір кө­кейкесті мә­се­­лелерді ақынның өзі тудыра­тындай, қа­са­қана жасайтындай көрінетін. Ол қалам тартқан қай тақырыпты алсаң да жәмиғат пен табиғат, адам мен заман, өмір мен өлім бәрінде де қамшы салдырмайды. Оқырман ойы мен қайсыбір әлеуметтік-қоғамдық күштер дүмпуімен ұлттық ақын болып санада қалыптасты. Оны қолтоқ­пақтай кекілді бала мен тұлымшағы желбіреген қыз­дан бастап, кеудесі қазынаға толы қарт­тар­ға дейін оқиды. Бірақ дүниежүзі деңгейіне көтере алмай жүргеніміз көңілге кірбің түсірмей ме? Абай мен Махам­беттің кебін ол да киді. Басқа басқа, тіпті ол қоңсымыз орыс тіліне де жөндеп ау­да­рылған жоқ. Ондай ниет те байқалмайды. Бұдан отыз жылдай бұрын шала-пұла асы­ғыс тәржі­ме­леніп жарыққа шыққан жетім жинақ па?! Жалпы, Мұқағали Мақатаев­тың ау­дар­машылығы ауқымында кеңінен сөз ететін кез жеткендей. Біз тек ол Алигьери Дан­те, Уолт Уйтмен және басқалар­ды қа­зақ­ша сөйлетті деп мәз болып жүр­ген­дейміз әлі. Ол қайтіп, қалай тәржіма­лады? Тағы да тілімізді тістегендей күйге тап болған жағдай. Бұл Шәкәрімнің тәр­жіма туралы айтқанына жан бітіре түседі: «Шы­ғарманы аударушы адам сол шығар­ма­ның мазмұнын түсінумен қатар жазушы­ның (яки ақынның – А.Н.) нәзік сезімін, шеберлігін, шығарманың қандай күйде, қан­дай рухта жазылғанын жақсы білу. Демек, аудармашы сол аударманың авторы­нан ой-санасы, сезімі төмен болса, онда аударма дәл болып шықпайды. Шығарма ауда­рыл­ғанда рухынан айырылып қалса, онда ау­дармашының жазушыға қиянат істегені болады». Аудармашылық қызметі Мұқа­ға­ли Мақатаевтың ақындық қуатын кү­шейт­песе әлсіреткен жоқ. Қай тақырып­ты жыр­ласа да ішкі қажеттіліктен туатын­дай. Табиғат па – тасасында адам, оның сезімі шарпысып жатады. Жапырақ-жүрек, жас қайың! Жанымды айырбастайын. Сен адам бола бастасаң, Мен қайың бола бастайын. Келісесің бе, жас қайың? (Көрінер, мүмкін, кімге ерсі) Өміріңді маған бір берші! Дүрбелең мына дүниені, Адам көзімен бір көрші. Қайың боп мен де бағайын, Орманнан орным табайын. Беймәлім мына өмірге, Қайың көзімен қарайын. Сен-дағы жерден нәр алдың, Мен-дағы жерден нәр алдым. Біреуден сен де жаралдың, Біреуден мен де жаралдым. Тілің жоқ, жанды қайың сен, Айырмашылығым – Адаммын. Адам қайыңға, қайың адамға айналып кеткендей жаратылысқа ажырамастай жан бітіп тұр. Тау мен дала, көл мен шөл, шо­рағай мен қарағай суреттелгенде ақын ар­қаланып, бай бейнелеу құралын жұмсап, бәрін ажарлы айшықтайды. Найзағай ша­тыр­лап, бұлттар көшіп, жауын нөсерлеп, қар қылаңытып, күн шапақтанып, таң нұр­ланады. Ол жұмыр басты пенденің көңіл күйімен астасқанда аспан айырылып, жер жарылмайды. Ақын күнделігінің арасында маусымның алғашқы онкүндігінде жай­лау­да тізеден аса қар жауғанын айтып, тау мінезіне таң қалғаны баяндалады. Ол кү­йі­ніш пен сүйінішін, жеруі мен зерігуін, құш­тарлығын сезімге орап жеткізеді, та­би­ғатқа ұмсынып, оны ғашық көзбен кө­ре­ді. Бұл саладағы біраз лирикасы өзектен өріліп, болмыс-бітіммен тонның ішкі бауын­дай тұтасып жататыны сондықтан. М.Мақатаев налыса да, қуанса да бүкпесіз жан сырын ақ қағазға ақтарады: «...әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай? Олай бола қой­мас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір-ақ арман бар екен. Ол – қалайда хал­қы­ма жағыну, ұнау деп едім. Халқым, үнім­ді қа­лай жеткізем саған?». Ақын – қазақ әде­биетіндегі күрделі құбылыс. Оның мұ­ңы мөлдір. Жан жарылысындай. Ел мен жер, өскен орта мен отансүйгіштігі орасан, оқшау. Басымды иіп, тіземді бүгіп тұрып, Ажарымда айдындай шуақ тұнып. Отанымды сүйемін күліп тұрып, Отанымды сүйемін жылап тұрып. Қыбланамадай жақсылыққа қарай бұ­ры­лып тұратын жүрегі қандай нәзік! Дү­ние­қоңыздық пен дәлдүріштікке, аярлық пен зұлымдыққа жаны қас, шындық үшін шырылдап, ара түседі, қатыгездік пен қа­рау­лыққа шыдамайды. Барлығына аңғал­дық­пен баладай сеніп, ұстанымдарында кіршіксіз ар-ождан мен биік адамгершілік мұраттарды ту етіп ұстап, жүрек отын маздатады. Көп өлеңдері мен толғау-поэ­ма­лары туған топырақ пен қазақ даласына деген ыстық сүйіспеншілікке суғарылып, перзенттік парасат пен махаббаттан нәр алып жатқандай. «Алатау, Алтай, Атырау» осындай өлең-өрнегінен туады. «Мен өзім­ді зерттей алмай келемін» деп жарық жалғанға жар салады. Менің көз алдымда екі Мұқағали елес береді. Біреуі – күн шуақ­ты, жайдары – жаз, жүзінен нұр ша­шып тұрған кез, онда сабазың үстіне тау құ­латсаң да, көтере береді. Екіншісі – ай­бар­лы арыстан, тісін қайрап атылуға жа­қын тұрғандай. Ол кезде жүзіне тура қа­рай алмайсың. Ақырын жүріп, аңдап сөй­лейсің. Мұқағалида әртүрлі мінез бар еді». Әйтпесе, ақын бола ма? Мінез байлығы оны шығармашылықтың шырқау шыңына шығарды. Ұлттық құндылықтар өз ал­ды­на, ол әлем және орыс әдебиетін жақсы біл­ді. Шалкөденің шалғынына жатып алып таудың шаңқай түсіне дейін ұлы ұстаз­дар­ды оқығаны, тіпті жаттағаны жасырын емес. 1973 жылдың күзінде біраз уақыт Мұ­қа­ғали Мақатаев Мәскеуде болып, М.Горький атындағы Әдебиет институтының жоғарғы курсында дәріс тыңдады. Ол мұнда орыстың көптеген А.Межиров, А.Вознесенский және басқа да ақындарымен танысып, емін-еркін сұхбат құрды. Көңіл көкжиегін кеңейтті. Мұнда қаншама беймаза мезеттерді бастан өткерді. Базбір сын­шылар бұны байқамаған­сып жүрген­дей. М.Мақатаев Мәскеу мери­диан­­дарын­да болып, базыналық жасап, за­ман­дас­тары­на наз білдіреді. Ақын осында жүріп, «Түсіме тау кіреді», «Жүрегім менің – жа­нартау», «Сағындым ғой», «Пушкинмен қош­тасу», «Сынық қанат шағалам», «Есенин-Маяковский» және өзге де өрелі де өрісті өлеңдерін жазды. Бұлар өршіл өмір­баянның жарқын беттеріне айналды. Енді жырмен өрілген бұл іздерді ешкім өшіре алмайды. М.Мақатаев қай тақырыпты қаузаса да тыңғылықты ізденіп, үлкен дайындықпен келетін. «Мавр», «Аппасионата» («Ильич»), «Ра­йымбек, Райымбек», «Чили – шуағым ме­нің», т.б. толғау-поэмалары сондай зерде қо­йып, шұқшия зерттеудің нәтижесінде жү­рек­терге жол тартты. Ақын тұрмыс тау­қы­метін тар­тып, қанша қатшылық пен зәрулікке ұшы­рап жүрсе де тағдырға мо­йын­сұнып, (анда-санда мойығаны болмаса) осалдық танытқан жоқ. Талантқа та­бынушылар аз емес бола­тын. Ғабит Мү­сіреповтің «Аққулар ұйық­та­ғанда» поэма­сы­на жылы лебіз білдіріп, ал­тын қалам сыйлауы, Әбділда Тәжібаевтың «Тұрпаты бөлек ақын келді» деп туған халқынан сүйінші сұрағандай болуы жай қатардағы қарапайым оқиға емес. Бұлар оған деген қамқорлық пен жанашырлықтың кенде болмағанын көрсетеді. Қазақтың ақиық ақы­ны атанған Мұқағали Мақатаев ширек ғасыр тынымсыз еңбек етіп, жеті жинақ шы­ғарып, артына қыруар мұра қалдырды. Олар туған халқының рухани кәдесіне жарап, үлкен қызмет атқарып келеді. Аян НЫСАНАЛИН. ___________________ Суретте: Мұқағалидың авторға жаз­ған хаты.