
Марат істен шыққан ұшақты басқа жаққа бұрып әкетпегенде, ауыл үстіне құлауы ықтимал болатын. Ол ауыл облыс орталығынан 97 шақырым жердегі «Просторное» деген қазақ ортасы. Бейбіт күннің батырларын барынша бағалай білу қажет. Жанын шүберекке түйіп, Отан алдындағы борышын орасан зор міндет деп қабылдаған қайсар жүректі осындай ұлдар ертең ел басына күн туған шақта да, екінші емес, ең бірінші сапта жасанған жауға найза ұсынып шанышар еді!..
Ақауы бар алып ұшақты ауыл төбесіне құлатпай өзін ажалға байлап беріп, Ақой (Просторное) ауылындағы қаракөз қандастарын аман алып қалған Едігеев ерлігі жоғарыдағы түз тағысының жанкешті ісінен кем дей алмас едік. Білікті маман Қарағанды әуе полкіне 2010 жылдан жетекшілік еткен болатын. Әрине, батыр ұшқыштың ерлігі ұмыт қалмайды. Соңында үш баласы мен жары қалды. Қазақ оны – «орнында бар оңалар» дейді. Ел үшін жанын қиған ерен ерлігі үшін I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ақой ауылында ескерткіш тақтасы тұр. Ол ескерткіш – Ақойда да, кейін Ақордада тұрса да артықтық етпейді. Ал жарқын бейнесі әріптестерінің әлі күнге жадында сақтаулы. Олардың қатарында Маратпен ұшақта бірге болып, аман қалған штурман Руслан Галымзянов та бар.
Бүтін бір ауылдың амандығын ойлап, өз басын өлімге тіккен батырға қандай ескерткіш қойсақ та лайық. Жас ұрпақ бүгінгі күннің батырларын білу керек. Мараттың көзсіз ерлігі – жас буынға үлгі-өнеге.
Сонымен қатар, апатқа ұшыраған «МиГ-31» әскери ұшағы Ресейдің Ржев қаласында күрделі жөндеуден өткен, кепілдік мерзімі әлі аяқталмаған ұшақ екенін осы жерде қайта еске сала кетпекшіміз. Жөндеу жұмыстарынан кейін небары 42 сағат қана ұшқан. Осы кезде батыр Тоқтар Әубәкіровтің «МиГ-21», «МиГ-23», «МиГ-25», «МиГ-27», «МиГ-29», «МиГ-31» − бәрі-бәрі біздің алдымыздан өтті. Кезінде өзім сынақтан өткізген екі ұшақты Ресейде енді ғана түрлендіріп, жарыққа шығарғалы жатыр. Бұйырса, екеуі де мықты ұшақ болғалы тұр. Ресейліктерге соны қалдырдым», деген әңгімесі еске түседі.
Сонда дейміз-ау, сынық ұшақтарын сынақтан өткізіп беретін Ресейдің қазір Тоқтар Әубәкіровтей батырлары қайда?! Қарусыз майданда қандастарымыз қынадай қырылып жатқанда осындай әңгімелер шындық шыңырауынан лекілдеп төгіледі...
Шын мәнінде, Марат Едігеевтің бала жасынан бастап әскери ұшақты таңдауы – тек Отанды сүю ғана емес, болмысындағы батырлық, қанындағы қайсарлық, түптеп келгенде, ер түрік бабаларынан қалған даңқ жолының дара соқпағы да шығар!..
Мараттың елдігі Қостанайда болғанымен, ерлігі мәңгі Қарағандыда!..
Жоқ, Марат Қостанайдыкі де емес, Қарағандыныкі де емес, Марат – қазақтыкі!
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы