«Көк базардағы» өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған 3500 адамның аманатын арқалап, бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз қалмады. Содан кейін ел газеті «Егеменге» жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шенеуніктер орта тап өкілдерінің санын арттыруға үлес қоса ма десек біздер үлкен проблемаға тап болдық.
«Көк базар» бүгінде Астананың халқын, бала-бақшасын, жетімдер үйлерін, дүкендері мен асханаларын арзан азық-түлікпен, халал етпен қамтамасыз етіп отырған ірі сауда орны болып табылады. Осы арада атап айтпағымыз – мамыр айының 12-сінен бастап «Көк базар» ғимараттары электр жүйесінен ажыратылды. Жөнін сұрасақ, «Еңбек-Ақмола» республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшысының тапсырмасы бойынша өшірдік дейді.
Біздің шаруашылық 2007 жылы «Әмбебап сауда базары» болып пайдалануға тапсырылған. Құрылыс кезінде «Астана қалалық электр жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны берген «техусловия» талаптарына сәйкес «Еңбек-Ақмола» РМК меншігіндегі трансформаторлық подстансаға ондаған млн. теңгеге электр жүйесін тартып қосылғанбыз. Шарт бойынша тұтынған электр қуатына мемлекет белгіленген тарифпен ақшасын уақытында «Астанаэнергосбыт» кәсіпорнына төлеп отырамыз. Пайдаланған трансформаторлық подстанса үшін «Еңбек-Ақмола» кәсіпорнына әр тұтынған киловатқа қосымша 57 тиын тағы төлеп келеміз. Екеуінің алдында да «Көк базар» меншік иесі «Нұрбереке-555» серіктестігінің қарызы жоқ және болған емес. Соған қарамастан, заңды, сондай-ақ шарттық міндеттемелер белінен басылып, базар жарықсыз қалдырылып отыр.
Бүгінгі күні тоңазытқыштар істемейтіндіктен, тонна-тонна азық-түлік тауарлары бүлініп, қоқысқа айналуда, төлейтін несиелеріміз өсіп, кредиторларымыздың алдында белшемізден шығынға батудамыз.
«Еңбек-Ақмола» кәсіпорны болса, меншігіндегі трансформаторлық подстансаны «Астана қалалық электр жүйесі» кәсіпорны қабылдап алсын деп талап қоюда. Ал соңғысы 50 млн. теңгенің жөндеу жұмысы бар, сондықтан қабылдамаймыз деген шешімге келген. Осылайша сатушылар мен сатып алушылар ешбір жазықсыз жапа шегудеміз. «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қалалық филиалына барып едік, түсіністік танытпады, алдаусыратып қана шығарып салды. Қолы жұмыстан күс болып, арқасы ауыртпалықтан еңкейген адамдарға күл болмасаң, бүл бол дегендей көзқарас танытуға бола ма?
Базарға келіп алып, баға көтермеңдер дейтіндер бұл шаруа біздің мәселеміз емес деп шықты. «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратына бардық, онда бізді қарсы алған «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов, обалы не керек, қолынан келгенше жан-жаққа хабарласты, бірақ онысынан еш нәтиже шықпады. Біз бұдан кейін Астана әкімдігіне бардық, онда әкімнің орынбасары Василий Крылов жергілікті бюджеттен бөлетін ақшамыз жоқ, өздерің 90 млн. теңге төлеңдер, сонда «Астана қалалық электр жүйесі» кәсіпорнының басшысы тартып беретінін айтты, деді.
Әр тиынды есептеп пайдаланып отырған біздерде ондай мол ақша қайдан болсын?!
Осы мәселемен біздер Әділет министрінің орынбасары А.Аманбаевтың жеке қабылдауына жазылып бардық. Мән-жайды түсіндірдік, ол КУИС төрағасының міндетін атқарушы М.Шабақбаевқа жіберді, өз кезегінде ол «Еңбек-Ақмола» кәсіпорнына сілтеді. Оның басшысы біресе Алматы ауданының әкімі С.Ахметов рұқсат етпейді десе, бірде қала басшылары қарсы екенін айтып жалтарды.
Амалдары таусылған базар жұмысшылары көшені жапты. Теледидардан мұң-мұқтажымызды жеткіздік. Бірақ біздің зарымызға, бізге жасалып отырған қиянатқа ешкім назар аударар емес...
Ербол АСАНОВ, әмбебап «Көк базар» базары әкімшілігінің басшысы.