Президент • 07 Мамыр, 2017

Елбасы: «Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздігіміздің басты тірегі»

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарулы Күштеріміз бес қаруы сай заманауи үлгідегі айбынды армияға айналды. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Жеңіс күніне арналған әскери шеру барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Елбасы: «Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздігіміздің басты тірегі»

«Биыл Қарулы Күштеріміздің 25 жылдық мерекесін атап өтудеміз. Мен ширек ғасыр бұрын тәуелсіз еліміздің төл армиясын құру туралы дәл бүгінгі күні Жарлыққа қол қойған болатынмын. Содан бері аз ғана уақыт өтсе де, Қарулы Күштеріміз бес қаруы сай заманауи үлгідегі айбынды армияға айналды. Сайып қыран сарбаздарымыз бүгінде ұлы даланың сенімді қорғаны, азаматтығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі заман талаптарына сай келетін әлеуетті әскерімізді жасақтадық. Ел қауіпсіздігінің басты бағыттары айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданды. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын еліміздің Қарулы Күштері де жетіліп, нығая түсті. Әскери қауіпсіздігіміз «Қазақстан-2050» бағдарламасының басты бағыттарының бірі болып саналады. Біздің әскеріміз ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарлы әскер ретінде танылды», – деді Мемлекет басшысы. 
Сонымен қатар, Елбасы әскери қызметшілерді батыр бабаларымыздың ерлік жолын одан ары жалғастыруға шақырып, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ризашылығын білдірді. 
«Болашақ ұрпақ үшін Тәуелсіз, қуатты Қазақстанды құруға мүмкіншілік жасағандарыңыз үшін барлық ардагерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің еліміздің Қарулы Күштері сіздердің жауынгерлік даңқтарыңызды жалғастырушылар. Отанды қорғау және оның қауіпсіздігіне қамқорлық таныту – еліміздің әрбір азаматының борышы әрі міндеті, – деді ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы. – Қарулы Күштеріміз әр уақытта да Тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып қала береді. Сіздер өздеріңіздің қасиетті борыштарыңызды адал атқарып, туған жеріміздің тыныштығын қорғаңыздар, өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңізді, жауынгерлік дағдыларыңызды арттырып, жауынгерлік бауырластық пен бірлікті нығайтыңыздар. Мерейтойлық шерудің қазақстандық армияның әскери қуатын, жоғары рухын көрсететіндігіне сенімдімін».