«Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында қазақ журналистикасын ғаламторда пайдалану мүмкіндіктеріне арналған «дөңгелек үстел өтті. Астанада қазақ тілді әріптестеріміз үшін алғаш рет өткізілген басқосуға газет басшысы Сауытбек Абдрахманов, Парламент мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты қызметкерлері, журналистер мен танымал блоггерлер қатысты.
«Дөңгелек үстел+тренинг» пішінінде «Қазақ журналистикасы және интернет» деген тақырыпта өткен басқосуда журналист қызметіндегі интернеттің мән-маңызы мен қазақ тілді сайттардың мәселелері талқыланып, соңынан семинар-тренинг өтіп, онда блог ашу, оны жүргізудің құпиялары, Facebook, Тwitter әлеуметтік желілерін пайдаланудың маңыздылығы, журналист үшін «Google» жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану әдістері қаралды.
Кездесуді «Егемен Қазақстан» газеті АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов кіріспе сөзбен ашты. Газет басшысы басқосудың мақсатын, интернеттің қоғамда алатын орнын айтып, оның ерекшеліктері мен қазақ журналистикасының интернетпен тығыз жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталып өтті.
«Интернет конвергенцияның бүгінгі таңдағы ең жетілген түрі ретінде телекоммуникациялық тораптардың, компьютерлік технологиялар мен БАҚ контентінің тоғысында пайда болған. Интернетпен жұмыс істеу кезінде біз оның осы тоғысудың нәтижесі екендігін ұдайы есте ұстауға тиіспіз», деген С.Абдрахманов «дөңгелек үстелде» жалпы интернеттің проблемалары талқыланбайтынын, бұл жолы қазақтілді БАҚ-тарда интернет сегментінің үлесін көбейту жолдары жайында ғана сөз етілетінін айтты.
Ал бұл істе проблема жеткілікті. Шындықтың бетіне тіке қарайтын болсақ, қазақтілді редакциялардағы журналистердің басым бөлігі интернетпен жұмыс істеуді әлі күнге толық меңгере қойған жоқ. Керекті материалды интернеттен тез суырып ала қоятын журналистер де қазірше көп емес. Одан да ашық айтатын болсақ, тіпті интернеттен қажет тақырыптағы ақпаратты атымен ала алмайтын журналистер де табылады. Интернет қазақ журналистикасы үшін игерілмеген тың деуден аулақпыз, бірақ өзге ағайындармен салыстырғанда бұл жағынан ұяттылау екеніміз тағы анық.
Интернетті пайдалануда мемлекеттік қызметкерлердің журналистерден озып кеткен жайы да бар. Қазір жұрттың бәрі Премьер-Министрдің «Твиттердегі» жазғандарын ұдайы оқитын болып алды. 7 маусымдағы мәлімет бойынша Кәрім Мәсімов жазбаларын жүйелі оқитындардың саны 5 мыңнан асып кетіпті.
Кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов сияқты блогтарында күнделіктер жүргізіп, әлеуметтік желілер арқылы оқиғаларға үн қосып, белсене араласып жүрген танымал блоггерлер газет басшысының сөзіне қосылатынын айтты. Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз хатшысы Әсел Егізбаева бүгінде елімізде ғаламторға 5 млн.-нан астам азаматтың тіркелгенін атап өтті. Ал 2015 жылы кең жолақты интернетпен еліміздің барлық өңірлері қамтамасыз етіледі, деді ол. Сонымен бірге, Ә.Егізбаева министрліктің жанынан ашылған www.baq.kz сайтына 7 телеарна, 5 радио, 18 ақпарат агенттігі, 29 республикалық және облыстық газеттер тіркелген болса, болашақта оған аудандық басылымдар да тіркелетінін, ал блог мәселесіне келгенде қазақ тілді блогтардың санынан гөрі сапасын арттыру керектігін ескертті.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов осы кездесуге келер алдында өзінің Facebook-тегі жеке бетінде «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына бара жатқанын жазып үлгеріпті. «Жаңалық! Бүгін «Қазақ журналистикасы және интернет» деген тақырыпта «Егемен Қазақстан» газетінің ғимаратында «дөңгелек үстел» өтеді. Блог ашу, «Фейсбук», «Твиттер» әлеуметтік желілерінде тіркелу және оларды пайдалануды нақты іс жүзінде көрсетуге арналған семинар-тренинг өтеді. Жалпы, журналист қызметіндегі интернеттің маңызы мен қазақша интернеттің мәселелері талқыланбақшы. Бірге қатысайық!», деп жазыпты блоггер. Ал жиында ол интернет блогтардың БАҚ-тан артықшылығы онда ұсыныс, пікірлер айтуға, жариялауға, жеке мұрағатқа сақтауға, әлеуметтік желілердің өзінде жақсы орта табуға, депутат ретінде сауалдар жолдауға, азаматтардың арыз-шағымдарымен жұмыс істеуге болатынын жеткізді. «Халық сөзі» газетінің жас болса да көпке танылған тілшісі Өркен Кенжебек пен белгілі журналист, «Хабар» агенттігінің қызметкері Берік Уәли жедел ақпарат алуда интернеттің маңыздылығын, блогтардың сапасын жақсартудағы ойларын ортаға салды. Мәселен, Ө.Кенжебек өзінің жақын досы Айсұлтан Жақыповтың Қарағандыда балаларға арналған «Құлыншақ» блогын ашқанынан, ал қостанайлық Талғат Байназаров өзі ойлап тапқан геогебра оқу жүйесін блогқа орналастырғанынан хабардар етті.
Одан әрі композитор Марат Омаров пен блоггер Серік Ерғали интернетке қатысты мынадай қызықты мәліметтер келтірді. Композитор жақында Мәскеуде өткен телеконкурста бас жүлдені жеңіп алған Еркеш Хасен деген шәкіртінің қазақ әнін орындап, Ресей халқын таңқалдырғанын, содан кейін ол бірден Youtoube-ке, Facebook пен Тwitter әлеуметтік желілеріне тараған соң оны Голливуд жұлдыздарының көргенін, ал АҚШ-тағы қазақ отбасылары соны көргеннен кейін өздері Е.Хасенді Қазақстанға іздеп келгенін айтты. Елімізде алғаш рет қазақ сайттарын жасағандардың бірі Серік Ерғали болса, ол қазір блогтардың өзін азаматтық журналистикаға жатқызуға болатынын мәлімдеді.
Кездесудің жалғасы ретінде өткен семинар-тренингте «Егемен Қазақстан» газетінің сайты тобының жетекшісі Серікқазы Кәкібаланов пен сайт жасауда қолтаңбасын қалдырған маман Аршат Оразов қатысушыларға блогты ашуды, оны жүргізудің әдіс-тәсілдерін, Facebook, Тwitter әлеуметтік желілерінде тіркелу мен оларды пайдалануды көрсетіп, Google жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану әдістері туралы қызықты мәліметтермен таныстырды. Мұнда олар блог танымал болып, оның оқырмандарын көбейту үшін не істеу керектігін, материалды қалай жазу, оған қандай тақырып қою, пошта қызметін пайдалану арқылы керекті жаңалықтарға жазылу, ақпараттарды іріктеу әдістерін үйрену туралы ойларымен бөлісті.
Бас басылым бастамашылығымен ұйымдастырылған «дөңгелек үстел» қазақ журналистерінің бетін интернетке бұру ісіне өзіндік үлесін қосады деп сенеміз.
Дастан КЕНЖАЛИН.