09 Маусым, 2011

Кербұлақтықтар қуанышы

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
  Ұлы Шоқанның ізі қалған керімсал Күреңбел өңірі жыл­дың әр маусымында сан түр­леніп, небір реңкті бояуларға енетіні белгілі. Табиғаты тамаша жер мен елдің сәулеті мен дәулеті де арта түсуде. Оның мысалын Кербұлақ ауданына қарасты Басши ауылынан да көруге болады. Руханият мә­селесіне әрдайым көңіл бө­летін ауыл халқы  жыл сайын дәуірлей түсіп, өмірімізге лай­ықты ұрпақ өсіруде де жақсы жағымен танылған. Мұндағы жастардың өнерге деген ықы­ласы ерекше. Сол мақсаттағы жұмыстары да көңіл қуан­тады. Соған орай өткен жылы республикалық бюджеттен қо­мақты қаржы бөлініп, ауыл­да жаңа мәдениет үйін салу қолға алынған болатын. Жуырд­а осы­нау киелі орданың ашылу салтанатына алыс-жақыннан тілектес қауым көптеп жиналды. Енді басшилік талапты жастар осы мәдениет орнында өз өнерлерін ұштайтын бола­ды. Сонымен қатар түрлі мә­дени шараларды өткізуге де лайықты мүмкіндік туып отыр. Кешен залына 200-ден астам адам еркін сияды. Онда хореография, кино залы, компьютерлік бөлме, әр саланы қамти­тын кітап қорымен толық­ты­рылған бай кітапхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, неке қию рә­сімін өткізетін зал, тағы басқа да орындар жан-жақты жабдық­та­лып, қазіргі заманғы ақпа­раттық жүйемен қамтамасыз етілген. Кейінгі кезде Жетісу жерінде мәдениет үйлерінің бірінен соң бірі пайдалануға беріліп, халық­тың рухани қазынамызға деген құштарлығының арта түскені ерекше қуантады. Мәселен, өт­кен жылы ел тарихында елеулі есімі қалған Шаңқанай  ана ауылында да  іргелі мәдениет үйі бой көтерген болатын. Айта берсе, бұл аймақтың өзіне тән өнегелі тарихы, зерделі зерттеуді қажет ететін тылсым сырлары тұнып жатыр. Басшилік Мөлдір Қож­абе­кова Елбасының бастамасымен өмірге келген «Мәдени мұра» бағдар­ламасының халқымыз­дың тау­сыл­мас тағылымды игілі­гін игеруге кеңінен жол аш­қанына тоқталып өтті. Енді  бұл ауыл­дың жастары да ел мәдениетін дамытуға өзіндік үлестерін қосатын болады,  деді ол. Осы күні мәдениет үйінде жастар өркенді өнердің өрісін ұзартуға ден қойды, ауыл­дас­тарын ән мен жырға  сусын­да­тып, сахна ажарын кіргізді. Салтанатқа арнайы келген Нұр­ғали Нүсіпжанов та жерлестеріне әннен шашу шашты. Кербұлақта керегесін кең жаз­ған  өнер шаңырағында әлі талай жастардың тұсауы кесілетіні анық. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы  облысы.