Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Италияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бруно Антонио Паскуиноға Құрмет грамотасын тапсырды. Б.А.Паскуино елімізде өз миссиясын аяқтады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Құрмет грамотасымен марапаттау қаулысына 30 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қол қойды. Елімізде 4,5 жыл еңбек еткен италиялық дипломат Қазақстан-Италия ынтымақтастығына, екі ел арасындағы достастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін жоғары марапатқа ие болды.
Сол күні Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына қатысуға келген Ливан Парламентінің депутаты, осы елдің бұрынғы Премьер-министрі Фуад Синьораны қабылдады.
Тараптар мемлекет Тәуелсіздігінің 20 жылдығында өтіп жатқан «исламдық Давостың» маңыздылығын атап, сонымен қатар, алдымыздағы Қазақстанның ИКҰ СІМК жайында пікір алмасты. Күн тәртібіндегі халықаралық және аймақтық өзекті мәселелерге орай ойларымен бөлісті. Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы ахуалға байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан ИКҰ-ға төрағалығы тұсында араб елдерін тұрақтандыру және халықаралық, аумақтық қауіпсіздік жолында бар ынтасын салып әрекеттесетіндігін атап өтті.