10 Маусым, 2011

Ет экспорты елге не береді?

463 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ҮКІМЕТ "Егемен Қазақстан" апталық қосымшасы ____________________________________ Елімізде 180 миллион гектардан астам жайылымдық жерлер бар. Бұл отандық мал шаруашылығын дамытудың, арзан ет өнді­рудің негізгі ресурстық көзі болып табылады. Жалпы, мал шаруашылығының біздің жерімізде ежелден қалыптасып, дамып келгендігі белгілі. Ол атам қазақтың негізгі кәсіп көзі болатын. Сондықтан осыдан ғасыр бұ­рынғы уақыттардың өзінде қазақ даласында Қоянды, Қарқаралы секілді атақты жәрмең­келер жұмыс істеп, малды экспортқа шығару мәселесі сол тұстан бастап жолға қойылды. Әрине, сол кездегі мал шаруашылығы­ның өзіндік кемшіліктері болды. Соның ең бастысы, мал тұқымын асылдандыру ісіне келіп тірелетін еді. Бұл салаға бізде ғылым Кеңес одағы кезінен бастап, яғни кейіннен араласа бастады. Сондықтан болар, Ахмет Байтұрсынов осы­дан жүз жылдай бұрын жазған мақала­сын­да қазақта мал шаруашы­лығының дамуы тек жердің кеңдігінен ғана болып отырғандығын, жер тарылған жағдайда малды ғылыммен, біліммен бағып кетуге қазақтың шамасы келмейтіндігін айтып, халықты дамыған елдердегі секілді малды ғылыммен, біліммен бағуға, ең бастысы мал тұқымын асылдан­дыру мәселесіне мән беруге шақырған бо­латын. Ахаңның айтқан осы сөзі өзінің маңыздылығы тұрғысынан әлде болса күн тәртібінен түспей келе жатқандығы шындық. Қазір ғалымдардың, мамандардың есептеуі бойынша, егер Қазақстан мал шаруа­шы­лығын талапқа сай дамытып, оның өнімдерін экспортқа шығара алған жағдайда бұдан түсетін табыс астық сатудан да артық болып шығады екен. Демек, осы салаға ерекше мән беру қазіргі күні жан-жақты даму жолына түскен Қазақстан үшін заманның қойып отырған басты талаптарының бірі болып табылады. Мал шаруашылығын дамытудың мүмкін­діктері де жеткілікті. Мал жайылымдықта­рының молдығымен қатар, Қазақстанның аса ірі импорттаушы елдердің, соның ішінде Қытай мен Ресейдің арасында тиімді геогра­фиялық орналасуының өзі бізде бұл істі ілгері жылжытуға үлкен артықшылықтар береді. Оның үстіне соңғы жылдары Қазақстан өзін­дік ішкі қоры жеткілікті әлемдегі бай ел­дердің қатарынан көріне бастады. Мемлекет те мал шаруашылығын дамытудан қаржыны аяп отырған жоқ. Тек осы бар дүниелерді ілкімділікпен пайдаланып, іске жарата білу қажет. Осы жағдайларды ескере отырып, Үкімет Елбасы тапсырмасына сәйкес, мал шаруашы­лығын дамытудың, соның ішінде ет экспор­тын таяудағы жылдардың өзінде күрт артты­рудың аса өршіл міндетін алға қойды. Осы­ған орай «КазАгро» холдингінің аясында атал­ған мақсатты жүзеге асыруға бағыт­тал­ған кешенді шаралар жүйесі әзірленді. Мұны Қазақстанның халықаралық деңгейде таны­мал болуға лайықты жаңа өнімін қалыптас­тыруға негізделген Үкіметтің брендтік жоба­сы деп те атауға болады. Осы жоба бойынша таяудағы 5 жыл ішінде Қазақстанда бір мезгілде 150 мың басты бордақылауға қоя алатын 60 бордақылау алаңы салынуы тиіс. Мұның сыртында осы бордақылау алаңдарын малмен қамтамасыз етіп отыратын 54 репродукторлық шаруашы­лық, 2,5 мың фермерлік шаруашылықтар жұмыс істейтін болады. Осының негізінде Ресейге жөнелтіліп келген ет экспортының жылдық көлемін қазіргі 2 мың тоннадан 60 мың тоннаға дейін жеткізудің мүмкіндігі қалыптаспақ. Аталған жобаны қаржыландыру респуб­ли­калық бюджеттен және холдингке Ұлттық қордың бөлген қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ. Бұған шамамен алғанда 148 миллиард теңгенің қаржысы жұмсалатын болады. Ал енді қазіргі жағдайға келетін болсақ, еліміздегі ет бағытындағы асыл тұқымды мал­дың үлесі жалпы ірі қара малының 1,25 пайызын ғана құрайды екен. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ет экспортын жолға қою үшін ең алдымен осы бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малының санын күрт арттыруымыз қажет. Сонда ғана бұл жобадан белгілі бір нәтиже күтуге болады. Мұны осы іспен көптен шұғылданып келе жатқан дамыған елдердің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Мәселен, АҚШ пен Канада етті ірі қара малдың жал­пы мал басы ішіндегі үлесі 75-85 пайызды құрайды екен. Біздікі – 1,25 пайыз. Міне, осы­ған қарап-ақ біраз жай­ды аңғаруға болатын секілді. Осыған орай еліміз­дің Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі аясын­да мал тұқымын асыл­дан­дырудың кең ау­қым­ды жаңа жүйесін құру ісі өткен жылдан бастап қолға алынды. Қазірдің өзінде мал тұ­қымын асылдандырумен айналысатын ша­руа­шылықтардың барлығы осы жүйеге біріктірілді. Бұл жүйенің оларға беретін артық­шылығы, қолда бар мал басы бұрынғыдай емес ендігі кезекте қатаң есепке алынып, олардың әрқайсысына мемлекет тарапынан субсидия берілетін болады. Сонымен қатар, жүйеге қосылған шаруашылықтар еліміздің жағдайына сай келетін асыл тұқымды бұқа­лар­дың ұрықтарымен, сонымен қатар, шет мемлекеттерден жеткізілген эмбрион ұрық­тар­мен қамтамасыз етіледі. Осындай басқа да көптеген артықшылықтары жеткілікті. Бұл істі қазір іскер маман, менеджер, биология ғылымдарының докторы Айбын Төреханов бастаған ғылыми инновациялық орталық пен «Асыл түлік» республикалық мал тұқымда­рын асылдандыру орталығы қолға алып жүргізуде. Мал тұқымын асылдандырудың ұзаққа созылатын, бірақ негізгі нәтиже беретін үде­ріс екендігі белгілі. Осы іс әбден жетіліп, жол­ға қойылғанша шетелдерден ет бағытын­дағы асыл тұқымды малдарды импорттау ісі қолға алынып отыр. Ет бағытындағы асыл тұқымды малдардың санын 246 мың басқа, соның ішінде төлдейтін малдың санын 135 мың басқа дейін жеткізу мақсатында таяу­дағы 5 жылдың ішінде шетелдерден кем дегенде 72 мың асыл тұқымды мал сатып әкелу көзделеді. Ол малдар жобаға қосылып отыр­ған репродукторлық шаруашылықтарға орналастырылатын болады. Бағдарламаны қаржыландыру ісі холдинг құрамындағы «Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық  несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылу­да. Мұның біріншісі 50 басқа дейінгі асыл тұқымды ірі қара малын, екіншісі 50 бастан артық асыл тұқымды малды сатып алу ісін несиелендіреді. Несиенің жылдық сыйақы ставкасы 6 пайызды құрайды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ осы мақсатқа биылғы жылға 7 миллиард 500 миллион теңгенің несиелік қаржысын бөлуді жоспарлады. Сонымен қатар, орта деңгейдегі шаруа қожалықтарындағы мал шаруашы­лығын дамыту ісіне жоғарыдағыдан тыс 3 миллиард 700 миллион теңгенің қаржысы жоспарланған. Қысқасын айтқанда, аталған бағдарламаға қосыламын деушілерге тиісті қаржы көзі қарастырылған. Мұның сыртында өткен жылы әлемдік рынокта сұранысқа ие болатындай еліміздің ет брендін құру және оны ілгері жылжыту мақсатында «ҚазАгро» холдингі құрамын_дағы «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ осы істе тәжірибесі мол америкалық «Global Beef» компаниясымен бірлесіп, «KazBeef» бірлескен кәсіпорнын құрды. Осының негізінде Ақмола облысында бір мезетте 5 мың басқа дейінгі ірі қара малын ұстайтын ірі бордақылау алаңының құрылысы басталды. Бұл бордақылау алаңы дамыған инфрақұ­рылымдармен қамтамасыз етіліп, өнімді өңдеудің толық циклымен жұмыс істейтін болады. Осымен бірге, еліміздің табиғи климат жағдайына бейімделген асыл тұқымды мал төлдерін өсірумен шұғылданатын екі асыл тұқымды шаруашылық құрудың пилот­тық жобасы іске асырыла бастады. Бұл ша­руашылықтардың бірінде Ангус, екіншісінде, Герефорд тұқымдары өсірілетін болады. Шаруашылықтар  «Global Beef» компаниясы мамандарының тікелей қатысуымен амери­калық мал өсіру технологиясына сәйкес жұмыс істейді. Мұндай шаруашылықтар құрудағы тағы бір мақсат – олардың базасында еліміздің мамандарын оқыту-үйрету орталығын ұйым­дас­тырып, шетелдік озық тәжірибені ел ішінде тарату. Болашақта осыған ұқсас репро­дукторлық шаруашылықтар жекеменшік капиталдың қатысуымен республикамыздың барлық өңірлерінде жұмыс істемек. Міне, еліміздегі мал шаруашылығын жаңа жағдайда дамыта отырып, ет экспортын арттыру мақсатындағы атқарылып жат­­қан іс-ша­ралардың бір парасы осын­дай. Бола­шақ­та бұл іс одан әрі дамытыла түспек. Сөй­тіп, таяудағы 5 жылдың ішінде ет бағы­тын­дағы мал басының үлесі 13,2 пайызға, ал он жылдан кейін 51 пайызға дейін жеткізілмек. Сол тұста елімізде жылына 180 мың тоннаға дейін сиыр етін экспортқа шығарудың мүмкіндігі қалыптасатын болады. Елімізде ет экспортын күрт дамытудың жаңа жобасы үстіміздегі жылдың басында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов төрағалық еткен Үкіметтегі арнайы кеңесте қаралып, мақұлдауға ие болды. Қазіргі күні жобаны жүзеге асы­ру­дың тетіктері то­лықтай анық­­талып, іс қар­қынды түр­де алға жыл­жы­тылуда. Түптеп кел­­генде, ет экс­портын да­мыту халқы­мыз үшін өте пайдалы. Бұл ең алдымен ауылдың кәсібі мен нәсібін көбейтеді. Егер Қазақстанның осы өнімі шетелдердің сұранысына ие болып жатса, бұдан елімізге қосымша қаржы құйылып, ұсақталып кеткен шаруашылықтар қайтадан үлкейіп, қалпына келетін болады. Ауылда осының негізінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Әзірге пайдаланусыз жатқан жайы­лымдық, шабындық жерлер қайтадан іске қосылып, даламызға мал толады. Елдің берекесі артады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.