10 Маусым, 2011

Ауылдықтар «Арайдың» гранттарына ие болды

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мұнайлы өңірде жұмыс істеп жатқан  Ресейдің «Лукойл» компаниясы 2010 жылдан бастап,  ауылды ажарландыруға ар­налған «Арай» әлеуметтік бағ­дарламасын облыста бірінші бо­лып Мұғалжар ауданында жүзе­ге асыруды қолға алды.  Нәти­жесінде  45 млн. теңге болатын 57 жоба жеңімпаз деп танылып, осыншама кәсіпкер өз ісін ашып, жұмыстарын жанданды­рып кетті. Компания биыл осы «Арай» әлеуметтік бағдарлама­сы­ның көкжиегін кеңейте түсті. Бұл жоба Мұғалжар ауданымен қатар, Байғанин, Темір ауданда­рында да жүзеге асырылатын болды. Бағдарламаның бір ерекшелігі, халықтың аз қамтылған тобын – оралмандарды, мүмкін­дігі шектеулі жандарды, көп ба­ла­лы отбасылар мен жұмыс­сыз­дарды қамтитындығында деу орынды. Үстіміздегі жылы компания­ның 850 мың теңгеге дейін өтеусіз берілетін гранттарына ие болу үшін жарияланған конкурс­қа осы үш ауданнан 1080 өтініш түсіп, соның  95-і жеңімпаз бол­ды.  Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда конкурс  жеңімпаздарына грант сер­ти­­фи­каттары салтанатты жағдайда та­быс етілді.  Компания көмегімен облыста қосымша 15 мал, 4 құс өсіретін ферма,14 шаштараз, 13 тігін цехы, 7 аяқ киім жөндеу шеберханасы, 4 наубайхана мен кондитер цехы, 4 компьютер ор­та­лығы, 2 диірмен және басқа көп­теген шағын кәсіпкерлік ны­сан­дарын ашуға мүмкіндік туды. Сонымен бірге, алдағы уақытта компания жұмыс істейтін аудан­дардағы ауылдық жерлерде мал дәрігерлік емхана, үгу бөлмесі, қуыршақ театры, перде, пластик және шлакты-бетон бұйымдарын шығаратын цехтар, ағылшын тілін оқып-үйрену орталықтары, дәріхана сияқты мекемелер ха­лыққа қызмет көрсететін болды. – Біздің ауылдан  алты адам компанияның өтеусіз берілетін грантын жеңіп алды. Олардың бәрі де халықтың  әлеуметтік әл­сіз тобына жатады. Екі адам ұлт­тық киім және басқа бұйымдар тігетін цех, ал қалғандары аяқ­киім шеберханасын, шаштараз, қолөнер бұйымдарын жасайтын цех және мал өсіретін шағын ферма ашуға талаптанып отыр. Бұл бағдарлама  жұмыссыздарды кемітуге, әсіресе, өз ісін ашуға банктен несие алуға мүмкіндігі жоқ  аз қамтылғандардың қатарға қосылып кетуіне мүмкіндік береді. Өңірде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың бәрі осын­дай қадамдарға барса, ауылдық жердің шырайы кіріп, тұрмысы түзелер еді,– дейді Байғанин ау­даны Көлтабан селолық округі­нің әкімі Сүлеймен Бітімбай. Жалпы, «Арай» әлеуметтік бағдарламасы ауыл тұрғында­ры­ның әл-ауқатын көтеруге, ауыл кәсіпкерлерінің іскерлік және шы­ғармашылық белсенділігін арт­­тыруға, жаңа жұмыс орында­рын ашуға ықпал етеді, шағын биз­нестің дамуына, халықтың ең­бекпен қамтылуына, елді мекендерде инфрақұрылымның қалып­тасуына берік негіз қалайды. Сондықтан да бұл бағдарлама облыс әкімдігі мен халықтан зор қолдауға ие болып отыр. Сатыбалды  СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.