Биыл Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойын атап өтуде. «Тәуелсіздік батыр бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, біздің буын ғана жүзеге асырған барша қазақстандықтар үшін ең қасиетті құндылық» деген Елбасының жүрек тебірентерлік сөзі әрбір қазақстандықтың әрдайым жадында болуға тиіс.
Біз небәрі жиырма жыл ішінде ғасырларға бергісіз жолдан өттік. Өз тарихымызда тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет құрдық, барлық көршілерімізбен мемлекеттік шекарамызды мәңгілікке шегендедік, дамудың даңғылына бастаған қазақстандық жолды таптық, халықтар бірлігін сақтап, ел ырысын еселедік. Ең бастысы, әрбір қазақстандықтың жүрегіне өз Отанына, халқына, еліне, Елбасына деген мақтаныш сезімі мен патриоттық рухты сіңірдік.
Осылайша қысқа мерзім аралығында жеткен жетістіктерін бүкіл әлем мойындап отырған біздің еліміз үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтудің маңызы айрықша зор. Сондықтан да Елбасымыз еліміздің бүгіні мен келешегі үшін биылғы жылдың маңызы ерекше екенін ескере отырып, 2010 жылғы 27 қаңтарда Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өткізу жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар бағдарламасын бекіткен болатын. Ондағы әрбір шара халықтың тарихи танымын ұлғайтып, ынтымағын, бірлігін, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратындай болуы керектігін баса назарда ұстауды тапсырды. Сонымен бірге Мемлекет басшысының Жарлығымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Ал бұл комиссияның жұмыс органы қызметін Мәдениет министрлігі атқарады.
Осыған орай министрліктің биылғы жылғы жұмыс жоспары негізінен Тәуелсіздіктің 20 жылдық торқалы тойымен ұштастырылды. Бұл жылдың әрбір айы белгілі бір мақсатқа арналды. Айталық, биылғы қаңтар спортты асқақтатқан ай атанды. Себебі, бұл айда Алматы және Астана қалаларында 7 Қысқы Азия ойындары дүркіреп өтті. Айдың басты оқиғасы Азиаданың алау шеруі және ойындардың салтанатты ашылу рәсімі болды. Сонымен қатар, осы аралықта елімізде қысқы спорттың 60-тан астам түрі бойынша жарыстар өткізілді, оқу орындарында 16 мыңнан астам тақырыптық іс-шаралар, сондай-ақ «Мәдени Азиада» жобасының шеңберінде 49-дан астам көрме, концерт және фестиваль ұйымдастырылды.
Ақпан айы Қазақстанды әлемге таныта түсетін жаңа шараларды дүниеге келтірумен ерекшеленді. Осы уақытта Президенттік мәдениет орталығында «Елбасы», «Әлемдік аренадағы Қазақстан», «Қазақстанның алға өрлеуі», «Қазақстанның мәдениеті», «Қазақстанның таңғажайып табиғаты» деген бес тақырып бойынша 200-ден астам жұмыстан құралған «Әлемдік қоғамдастық мойындаған Қазақстан» атты фотоэкспозиция ұсынылды. Бұдан кейін ұрпақтар сабақтастығына, ұлттық, дәстүрлі және отбасылық құндылықтарға құрмет көрсетуге арналған Наурыз айы келді. Көктемнің алғашқы айының басында, халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан әйелдерінің съезі өтті. Бұл іс-шараның мерекелік ажарын Мария театрының атақты хореографы Сергей Вихаревтің қойылымындағы А.Аданның «Жизель» балеті ашты. Аталған іс-шарадағы басты партияны Париждің «GRAND OPERA» театрының солист-этуалдары орындады. Сондай-ақ, айдың әлеуметтік блогын «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп өткізілген іс-шаралар толықтырды. 18 наурызда Мемлекет басшысының қатысуымен Ақтөбе қаласында «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясы басталуының салтанатты рәсімі өтті. Акцияның шеңберінде елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмыстар қолға алынды. 22 наурызда Мемлекет басшысының жүлдесі үшін күрестен «Қазақстан барысы» жарысы өтті.
Сәуір айының басында еліміздің ауыз бірлігін танытқан, ел тарихында мәңгі қалатын президенттік сайлау өтті. Сайлау ел мен Елбасы ұғымының біртұтастығын дәлелдеді. Әлемнің ең дамыған елдері бүкілдүниежүзілік дағдарыс қыспағына ұшырап, дамушы елдері тұралап қалған шақта Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлының дара да дана басшылығы арқасында дағдарысты еркін еңсеріп қана қоймай, өсіп-өркендеудің өзіндік өрнекті жолына түсті. Ел ішінде еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақы түрлері еселеп өсуде. Астананың жайнап, жарқырауы өзге өңірлерге де ерекше серпін беріп, Қазақстанның барлық облыстары жасарып, жаңара түсті. Бүкіл Еуропа мен Азияны көктей өтетін газ, мұнай құбырлары, темір жол, трансұлттық автомобиль жолдарын салу қызу қолға алынып, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыстар табысты жүзеге асырылуда. Осының бәрі Елбасының бас жылнамашысы, профессор Махмұт Қасымбеков тауып айтқандай, «елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атанған Мемлекет басшысының кемеңгер басшылық қызметінің арқасында мүмкін болды. Осыны әлдеқашан-ақ анық түсінген халық тарихи таңдауын мүлтіксіз жасады және оны бүкіл әлем қауымдастығы ашық мойындады.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтуде «Бірлік» деп аталған мамыр айының рөлі де ерекше болды. Қазақстан халқының бірлігі, Ұлы Жеңіс және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күндерінің біздің еліміз үшін алатын орны қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Аталған күндері, Астана қаласын қоспағанның өзінде, барлық аймақтар мен аудандарда, ауылдар мен бекеттерде айтулы шаралар өтіп, олардың барысында тарихқа тағзым ету, тәуелсіздікті бағалай білу, Отанды сүю, достық пен ынтымақтастықты насихаттау тақырыптарын қозғайтын жанды жұмыстар жүргізілді.
Бізде маусым айы патриотизмді насихаттауға арналды. Бұл ай биыл Мемлекеттік рәміздер күні мен Патриоттар форумын өткізу арқылы ұлықталды. «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», деп Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айрықша атап көрсеткендей, шын мәнінде де рәміздер бүкіл бір ұлттың айнасы болып табылады. Өз ұлтын, туған жерін, Отанын сүйетін жан, ең алдымен өз мемлекетінің рәміздерін сыйлай білуі тиіс. Елге, жерге құрмет оның тіліне, діліне және рәміздерін қошеметтеуден арна тартады. Тәуелсіз елдің дербестігін айқындайтын белгілер де осылар. Демек, әрбір азаматтың патриоттық сезімі де аталған құнды белгілерді құрметтеуден басталса керек.
Биыл сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның әлем мойындаған, құжатпен бекітілген рәміздерінің пайда болғанына 19 жыл болып отыр. 1991 жылы егемендікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік рәміздерге байқау жарияланғаны белгілі. Сол байқаудың қорытындысында талқылауға түскен жүздеген жобалардың ішінен аяғын апыл-тапыл басқан жас мемлекетіміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны таңдап алынды. Сол оқиғаларға куәгер адам ретінде мен «Егемен Қазақстанның» қалың оқырмандары есіне төмендегі жәйтті сала кеткім келеді. Мемлекеттік тудың ашық аспан түстес көк болуы, онда бейбітшіліктің символы – алтын күн мен тәуелсіздіктің қорғаны іспеттес алтын қыранның орын алуы туралы идеяны конкурс кезінде әлденеше рет қадап-қадап тұрып айтқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Елтаңбаның тағдыры таласқа түскенде де, бірлігіміздің белгісі – шаңырақ пен тарихымыздың тереңдігін көрсететін қанатты тұлпарларды қорғап қалған тағы да Нұрсұлтан Әбішұлының өзі болды. Президентіміз кейін композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әніне ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған өлең жолдарын өз қолымен жетілдіріп, оны бүгін бәріміз қолымызды жүрегіміздің тұсына қойып айтатын асқақ Әнұран дәрежесіне дейін жеткізді. Сонымен қатар, халықтың нағыз сүйіп айтатын әні болып келген осы әуенді мемлекетіміздің Әнұранына айналдыруда да Елбасының таңдауы бәрін оң шешіп берді. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны ешқашан естерінен шығармаулары тиіс.
Министрлік жыл сайын мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау, жұмыстарды алға жылжыту мақсатында әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың ішінде патриоттық жобалармен айналысатын Қазақстанның Азаматтық альянсы, Қазақстанның Студенттер альянсы мен Жастар конгресі, Қазақстанның Дизайнерлер одағы секілді қоғамдық ұйымдар да бар. Үкіметтік емес ұйымдармен бірге іске асырылған ауқымды жобалардың қатарына 2010 жылы өткізілген «Бірлігіміз жарасқан» акциясын да жатқызуға болады. Жыл ішінде бұл акцияға 3 миллионнан астам қазақстандық қатысып, еліміз халықтарының татулығы мен ынтымақтастығы жайын кеңінен паш етті. 2007 жылдан бері Мемлекеттік рәміздер күніне арналған Патриоттар форумын ұйымдастыру өнегелі дәстүрге айналды. Ол 2008 жылы Түркістан, 2009 жылы Семей, 2010 жылы Павлодар қалаларында өтсе, соңғысы жақында ғана Қостанай қаласында өткізілді.
Кез келген мемлекетке деген құрмет мемлекеттік рәмізге деген құрметтен басталады. Бүгінде қазақтың асқақтығының белгісіндей болған аспанкөк Туымыз әлемнің ең іргелі мемлекеттерінің төрінде желбірейді. Оған Елбасымызбен бірге дүние жүзінің ең алып мемлекеттерінің басшылары басын иіп, құрмет көрсетуде. Қазақтың Әнұраны жер шарының түкпір-түкпірінде алуан түрлі музыка аспаптарының орындалуында шырқалып жүр. Қасиетті Елтаңбамыз бедерленген Ақорданың салтанатты залдарында әлемдік саясаттың бағыт-бағдарын айқындайтын талай халықаралық құжаттарға қол қойылды. Осының бәрі өзін қазақпын деп сезінген, жүрегі қазақ деп соғатын кез келген азаматты елі мен Елбасына деген мақтаныш сезіміне бөлеуге тиіс. Ендеше, азат Қазақстанымыздың Туы әрдайым биіктерде желбіреп, Әнұранымыз асқақтата шырқалып, Елтаңбамыз жайнап, жарқырай берсін деп тілейміз.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, Мәдениет министрі.