«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың игі істері
Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген әдемі сөз бар. Әдетте, бұл сөз жақсы адамның игі істерін мадақтап, оған деген ел-жұрттың құрметін арттыру мақсатында айтылатын болса керек. Дегенмен, қазіргі кезде қазақтың бұл әдемі сөзін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне білген, бұқараның әл-ауқатын арттырып, денсаулық сақтауына, білім алуына, түрлі сипаттағы тұрмыстық мәселелерін шешуге мүмкіндік жасап жатқан компанияларға қарата да айтуға болатын сияқты. Сондай игі істерімен көзге түсіп жүрген компаниялардың бірі де бірегейі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ болса керек. Бәлкім, компанияның қарапайым еңбек адамдары үшін, компания қызмет жасап жатқан өңірлердің тұрғындары үшін жасап жатқан жақсылықтарынан өзге аймақтардың тұрғындары хабардар емес те шығар, алайда Маңғыстау облысының, соның ішінде Жаңаөзен қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендердің тұрғындары компанияның игі істерін жыр қылып айтады. Оған осы өңірге жасаған сапарымыз барысында куә болдық.
Егер «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың әлеуметтік салаға бөліп отырған қаржысын, халықтың тұрмысын жақсартуға, денсаулықтарын түзеп, саламатты өмір салтын сақтауға, азаматтардың білім алуы мен демалысына бөлген шығыстарын есептесек, шамасы, қазақы салтты бұзып, «байдың асын байғұс қызғаныптының» кебі болар еді. Сондықтан, біздің назар салған бетте жасалған игі істерге, атқарылған жұмыстардың нәтижесіне ауды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Жаңаөзен қаласының іргесінде, дәлірек айтсақ 20 шақырым жерде орналасқан Қызылсай ауылына ардагерлер үйін салып беріпті. Бес мыңға жуық тұрғыны бар бұл елді мекендегі ардагерлер үйі еліміздің өзге өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде жиі кездеседі десек, қателескен болар едік. Өткен жылы пайдалануға берілген бұл ардагерлер үйі ауыл ақсақалдарының бас қосатын, ардагерлер кеңесінің әртүрлі мәселелерді талқылайтын орнына айналыпты. Ауылдың ақсақалдар алқасының және ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Көңілқосұлының айтуына қарағанда, осы Қызылсай ауылы Маңғыстау мұнайының қарашаңырағы саналады екен. Өйткені, 1958 жылы алғашқы мұнай барлаушылары осында ат басын тірепті. Сөйтіп, бұл ауыл Өзен кен орнынан мұнай өндірудің алғашқы қадамдары жасалған, Маңғыстау өңірінің атын әлемге мұнай арқылы паш еткен азаматтардың мекеніне айналыпты. Бүгінде бұл ауылда да мұнай өндірісінің ардагерлері, кенішті алғаш игерген мұнайшылар тұрады екен. Қызылсай елді мекені, сөз жоқ, Кеңес Одағы кезінде гүлденіп, іргесі кеңейе түссе керек. Алайда, Қазақстан тәуелсіздік алған соң, еліміз нарықтық қатынастарға көшкен тұста қазақ даласының барлық түпкіріндегі елді мекендер сияқты бұл ауыл да тоқырауды бастан өткізіпті. Дегенмен, 2000 жылдан басталатын экономикалық өсу кезеңінде Қызылсай ауылы да қайтадан түлей бастапты. «Қазір Қызылсай ауылының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді» дейді Жақсылық Көңілқосұлы. Ел мен жердің түлеуіне «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және осы мекеменің «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы да азды-көпті еңбек сіңірсе керек. Қазір ауыл ақсақалдары осындағы бұқараның көбін жұмыспен қамтамасыз етіп отырған аталған мекемеге дән риза екендіктерін жасырған жоқ. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ осы ауылға тек қана ардагерлер үйін салып берумен ғана шектелмесе керек, жалпы бұл компания өңірдегі 3 мыңға жуық зейнеткерге әлеуметтік қолдау көрсетіп отыр. Ал Жақсылық Көңілқосұлы өзінің «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ пен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының басшыларына ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ардагерлерге қамқорлық көрсету және басқа да өзекті мәселелер жайлы талай хат жазғанын, сол хаттардың барлығына тиісті жауап беріліп, компания тарапынан көптеген істердің атқарылғандығын айтады. Мәселен, өткен жылы пайдалануға берілген ардагерлер үйінің барлық керек-жарағын, техникасын компания беріпті. Тіпті, ардагерлер үйіне жеке көлік те ұсынған екен, бірақ ақсақалдар оны қажет деп таппаса керек. Өйткені, компания басшылары ақсақалдардың қалаған жерлеріне баруына, қалаған шаруасына пайдалануға ұдайы түрде көлік бөліп, техникалармен көмектесіп тұрады екен. Жақсылық Көңілқосұлы «Былтыр «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ сол кездегі басшысы Кенжебек Ибрашевпен кездесудің сәті түсті. Сонда біз осы Қызылсайға ардагерлер үйі қажет екендігін айтып едік. Кенжебек Ниязұлы бұл мәселенің шешілетіндігін айтты. Сөйтіп, арада көп уақыт өтпестен, біздің ауылға Ардагерлер үйі салынды. Мұның өзі компания басшыларының бізге, ардагерлерге, тіпті қарапайым қалың бұқараға жасап жатқан игі істерінің бірі ғана. Біз компания басшыларының бұл игі істерін кейінгі буынның ардагерлерге, қарияларға көрсеткен құрметі деп бағалаймыз. Міне, ұрпақтар сабақтастығы деген осы. Осыдан елу үш жыл бұрын алғашқы мұнай барлаушылары Өзен кенішін игеруді бастаса, қазіргі мұнайшылар сол істі жалғастырып қана қоймай, бізге де құрмет көрсетуде. Мұндай азаматтарға қалай разы болмайсың?! Біз компанияның басшыларына, қызметкерлеріне әрқашан ризамыз» дейді. Біздіңше, бұл қарапайым бұқараның атқамінер азаматтарға деген шынайы ықыласы болса керек. Қазіргі таңда компания ардагерлерге жылына бір рет емдеу-сауықтыру кешендерінде демалуға жолдама да береді екен. Әрине, Сарыағаш пен Жаңақорғандағы санаторийлерге берілетін бұл жолдамалар зейнеткерлердің денсаулығын түзеуіне көп ықпал ететіні сөзсіз. Дегенмен, ардагерлерге көрсетіліп жатқан бұл құрмет пен қызмет жалынды жастық шақтарында қар жастанып, мұз төсене жүріп, Маңғыстау мұнайын өндіруді бастап берген қариялар үшін үлкен моральдық көмек екені анық. Әдетте, ғұмырларының екіндісі ауып, ақшамы жақындап қалған ардагерлер үшін ірі компаниялардың қамқор болатын кездері, ұдайы қолдау көрсетіп тұратын сәттері біздің қоғамда аса көп емес. Бірақ, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қарияларға құрмет көрсетіп, оларға жәрдем жасайтын екі компания болса біреуі, ал жалғыз мекеме болса, онда дәл соның өзі деуге де болады. Қызылсай ауылында атқарылып жатқан игі істерге куә болған соң, біз осындай батыл тұжырым жасадық. Сөздің басын «жақсының жақсылығын айт...» деп бастауымыздың себебі де осы.
Зарина АМРАЕВА.