Кеше Қазақстан Республикасының ШЫҰ-дағы төрағалығы шеңберінде еліміз Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың ШЫҰ ұлттық үйлестірушілерімен және тұрақты қызмет органдары басшыларымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Ұлттық үйлестірушілер Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысын Астанада 10-12 маусымда өткен Ұлттық үйлестірушілер кеңесі отырысының қорытындыларымен таныстырды және алдағы болатын Астанадағы ШЫҰ Саммитіндегі құжаттарға қол қою дайындығы туралы хабарлады.
Кездесуден шығып, журналистерге сұхбат берген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы Қытайдың ұлттық үйлестірушісі Цзи Яньчи: «Біз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кейінгі төрағалығымыз барысында Қазақстанның тәжірибесі негізінде жұмыс істейтін боламыз. Меніңше, Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы төрағалығы барысында біраз жетістіктерге жетті. Қазақстан ұйымның дамуына үлкен үлес қосып, оның ынтымақтастығын күшейтуге қызмет етті. Ұйым аясында қолға алынған бағдарламалардың арқасында аймақтық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып, біздің көркейіп-өсуімізге қажетті жағдай жасалды. Осы үшін біз Қазақстанға өз ризашылығымызды білдіреміз», деді.
Осы орайда келесі төрағалық қызметі Қытай Халық Республикасына көшетіндігіне тоқталған Цзи Яньчи: «Қазақстаннан кейін ұйымға төрағалық ететін Қытай Халық Республикасы осы елдің салып кеткен ізі негізінде жұмыс жасап, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын дамытуға барынша күш салатын болады. Ол үшін біз нақты бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарын ұсынамыз», деп атап өтті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.