Аймақтар • 09 Мамыр, 2017

Алматылықтар Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жеңіс күнін тойлауды Астана алаңынан бастаған алматылықтар мен қала қонақтары 28 панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қойды. Еске алушылар салтанатты шерумен 28-ші гвардияшыл-панфиловшылар саябағына келді.

Алматылықтар Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды

Салтанат барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек миллиондаған Отан қорғаушылардың жанқиярлық ерлігімен Ұлы Жеңіске қол жеткендігі туралы атап өтті.Тұрғындары 6 миллионнан асатын Қазақстан қан майданға өз азаматтарының 20%-ын аттандырды, солардың әрбір екіншісі сұрапыл соғыста қаза тапты.

–Соғыстың барлық майдандарында қазақстандықтар жаумен аянбай шайқасты. Бауыржан Момышұлының, Талғат Бигелдиновтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, Сергей Луганскийдің, Леонид Беданың, Нүркен Әбдіровтың және мыңдаған басқа да қазақтандықтардың есімі ұлы ерліктер тарихына алтын әріптермен жазылды. Біздің басты борышымыз – Тәуелсіз Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың ашық аспан астында өмір сүруін қамтамасыз ету, – деді қала әкімі.

Соғыс жылдары еліміздегі барлық өнеркәсіп орындары қан майдан үшін аянюай еңбек етті. Он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылды.Республикада жалпыодақтық өндірістегі мыстың 35%-ы, қорғасынның 83%-ы, молибденнің 60% -ы шығарылды. Майданға аттанған 1 млн. 200 мың қазақстандықтың 160 мыңнан астамы алматылықтар еді. Мәңгі алау басында ерліктері ғасырларға жалғасқан ардагерлерді әрқашан да құрмет көрсетілетіні туралы айтылды. Қазақстанның қан майдандағы Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жастардың жадында мәңгі сақталады.

Салтанатты шара барысында жиналғандар құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Құрметті қарауылдың шеруі өтіп, мерекелік концерт қойылды. Әйгілі өнер жұлдыздары Роза Рымбаева, Талғат Күзембаев, «ILCanto» квартеті, «Арт-классик тобы ән шырқап, Береке Еңкебаева, Алексей Тимофеев бастаған өнерпаздар «Жас қазақ», «Әлия», «Сағадат», «Смуглянка» сынды композициялар орындады.

Салтанатты митингтен соң қала көшелерінде «Қаһарман ұлт» шеруі басталды. ҰОС-на қатысушылардың суреттерінен өзге, әскери қызметшілер іздестіріп жинаған 164 фотосуретті шеруге қатысушылар қолында алып жүрді.

Салтанатты шара отшашумен аяқталады.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

АЛМАТЫ