20 Шілде, 2011

Сүбелі істер – тәуелсіздікке тарту

413 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Созақ ауданы ауыл шаруашылы­ғы­нан аграрлы-өндірістік аймаққа айна­лып келе жатқан өңір. Шаруашы­лық­тың барлық саласы интенсивті түрде дамып келеді.Бүгінгі таңда еліміздің Тәуелсізді­гі­нің 20 жылдығы тойланатын жыл­дың алғашқы алты айында бюджет кірісі артығымен орындалып отыр. Жал­пы бюджет кірісі 46 млрд. 956 млн. теңгені құрап, 2010 жылдың есепті мер­зімімен салыстырғанда 15 млрд. 361 млн. теңгеге немесе 149 пайызға артты. Аудандық бюджет 125 пайызға артық орындалды. Ал экономиканың қарышты дамуына белсенді инвести­циялық саясат қолдау болатындығы бесенеден белгілі. Бұл тұрғыда аудан экономикасына өткен 5 айда 10 млрд. 781 млн. теңгенің инвестициясы тар­тыл­ды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 40 орындық перзентхана, Қаратау, Қарақұр ауылынан дәрігерлік амбулаториялар ашылса, Қайнар, Қы­зылкөл елді мекенінен фельдшерлік-акушерлік пункттер салынуда. Көп жыл­дан бері шешімін таппай келе жат­қан Созақ ауылынан 25 орын­дық­ аурухана құрылысы бітіп, келушілерге өз есігін айқара ашпақ. «Дип­лом­мен – ауылға» мемлекеттік бағдар­лама бой­ын­ша 8 дәрігерге 98,0 мың теңгеден 791 мың теңге берілсе, 2 дәрігер маман тұрғын үймен қамта­масыз етілді. Оларға 1780 мың теңге көлемінде несие берілді. Қайсыбір істің тұтқасын ұстаса­ңыз да жеткен жетістігіңіз бен кеткен кем­шілігіңізді саралар тұс ол – са­лыс­тыру еке­ні даусыз. Яғни, әрбір ісіңізді салыс­тыра отырып, саралаған жөн. Межелі мер­­зімге жеткенде ой тара­зы­сына са­лып, нақты табысы­ңыз­ды екшелеген де абзал. Теріскейдегі сырлы Созақ қанша өндіріспен айналысқанымен, сонау тарихи өткенімен, табиғатымен, халық­тың кәсіби ұғымымен бәрібір ауыл­ша­руашылықты аудан, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын аудан болып қала береді. Ата-баба тамыры­нан аққан қанмен ғұрып болып келе жатқан кәсіпті он жылда немесе отыз жылда жоқа шығаруға болмас. Сол себепті аудандағы экономи­калық басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығына бетбұрыс жасалын­ды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда мал басы анағұрлым артты. Төрт түліктен алынатын өнім молайды. Қазіргі таңда мал өнімдерін өңдейтін саланы дамытуға елеулі назар аударылды. Атап айтар болсақ, «Максимум» аймақтық инвестиция­лық орталығы арқылы тұрғындарға аудан бойынша 2010 жылдың қоры­тын­дысымен 16 млн. қаржы алынса, биыл 5 айда бұл несие беру 47 жобаға өт­кізіліп, 27 млн. теңге несие алынып отыр. Негізінен несие қаржы берілгенде, мал бордақылау, оның басын кө­бейту бағытына елеулі көңіл бөлінді. Сонымен бірге, жайылымдарды то­лық­қанды пайдалану ісі қолға алы­нып, ол үшін сайын сахара төсіндегі шөбі шүйгін Жамбыл, Қарағанды, Қы­зылорда облыстарымен шектесетін Бет­пақдала мал жайылымына төрт тү­лікті шығару арқылы «жайылымдық әдісті» қолдана отырып малдың сал­ма­ғын арттыру, шығынсыз бордақы­лау мақсатында жұмыстар жасалы­ну­да. Жем-шөп дайындау ісі де көңілде­гі­дей. Бұрын өзге аудандардан тасымал­дана­тын болса, қазір мүмкіндіктерді пайдалану арқылы шабындықтар көбейді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов­тің аудан-қала әкімдеріне қойған тап­сырмалардың бірі – шетелдік технологиямен тамшылатып суару әдісі. Бұл әдіс табиғаты қатал, көкөнісі аз теріскейліктер үшін өте пайдалы. Там­шы­латып суару әдісі технологиясы бой­ын­ша биыл 127 га жерге енгізіліп, жыл соңына дейін 500 гектарға ұлғай­тылып отыр. Тамшылатып суару жүйесін сумен қамтамасыз ету мақса­тында гео­ло­гиялық барлау мекемеле­рінің демеушілігімен 25 млн. теңгенің 10 ұңғы құ­дықтары қазылды. Сондай-ақ, аудан кө­лемінде тұрғындарды үздік­сіз, жыл­дың қай мезгілі болса да көкөніспен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жылыжайлар салынуда. Өткен жылы небәрі 0,40 сотық жерге жылыжай салынса, биылғы жылы оның көлемі ұлғайтылып, 6 гектар жерге көбейтілді. Міне, бұл жүйелі жүмыс жүйесін тауып, табысқа кенелтеді деген сөз. Аудан әкімі Берік Қуанұлы халық­ты таза ауыз сумен қамтамасыз етуде келелі жұмыстар тыңдырып келеді. Бұл мақ­сатта нақты талдаулар жасалды, мүм­кіндіктер ескерілді. Мәселені оң­тай­лы шешу мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің алдына нақты­ланған жобаларды ұсынып, қаржы бөлуге кө­мек сұрады. Жерасты суын зерттейтін арнайы мамандар шақы­рылып, ұңғы қазу жұмыстары баста­лады. «Алтын бұлақ» бағдарламасы бой­ынша 110 млн.теңге қаржы бөлі­нетін болды.Осы жұмыстарды дер кезінде сапалы атқару үшін «Шолақ­қорған-су» мекемесінің материалдық-техникалық базасы нығай­тылды. Об­лыстық бюджеттен 49 млн. теңгеге 13 техника алынды. Биылғы жыл – мерейлі, мерекелі жыл. Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл. Әрбір қазақстандық, ауыл, аудан, облыс тамаша тартуларын,толайым та­быс­тарын арнауда. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарлан­ған 43 млрд. 800 млн. теңгенің өнер­кәсіп өнімі 6 айдың қорытындысымен 100 пай­­ызға артығымен игерілді. Жұ­мысы тоқ­тап тұрған «Теріскей» ЖШС өз ісін жал­ғастырып, алтын-күміс пай­далы қаз­ба­ларын өңдеу жұмыстарын жасауда. 3 асфальт дайындау зауыты жұмыс істеп тұр. Ауданда биыл М.Мәметова. А.Сү­лейменов, Панфилов атындағы жалпы орта мектептердің құрылысы бітіп, пайдалануға берілетін болса, көптен шешімін таппай келе жатқан Басбұлақ бастауыш мектебі аудандық бюджет­тің қоржынындағы қаржымен іске асып, толығымен бітеді. Бұрындары мектептердің бастауыш сыныбындағы оқушыларды ыстық тамақпен қамта­ма­сыз ету 32 пайыз ғана болса, биыл ол 100 пайызға жетіп отыр. Машат­тағы Б.Саттарханов атындағы оқушы­ларды сауықтыру лагерінде ауданның 1000-нан астам баласы қазірдің өзінде демалып қайтты. «Балапан» бағдар­ла­масы бойынша Шолаққорған ауылы­нан демеушілердің есебінен смета­лық-жобалау құжаты бойынша 241 млн.теңге болатын 80 орындық балалар бақшасы, Тайқоңыр елді мекені мен Тасты ауылынан биылғы жылы балаларға арналған мекеме құрылысы аяқталып, іске қосылатын болады. Сызған ауылынан жаңа балабақша іске қосылды. Шолаққорған ауылы «Нау­рыз» шағын ауданының инфра­құ­рылымы, Шолаққорған – Балдысу 14 шақырым, Созақ-Қаратау-Қарағұр 67 шақырым, Жуантөбе-Созақ 76 шақы­рым және Шолаққорған ауылы ішіндегі автожолдар асфальттануда. Жуырда өткен «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты акция құр сөз жүзінде қалмай, акцияға қатыс­қан әрбір туған жерден жырақ жүрген және ауылдағы кәсіпкер теріскейліктер өздерінің мүмкіндіктерін саралап, өз ұсыныстарын білдіруде. Нә­тиже­сінде әлеуметтік сала бойынша 16 жоба, кө­кө­ніс өңдеу мен жылыжай салу бой­ын­ша 7 жоба, халыққа қызмет көрсету бой­ынша 3 жобаны жуық арада іске асы­ру жоспарланып отыр. Олар­дың іш­ін­дегі ең маңыздысы Тәу­ел­сіздік ала­­ңындағы символикалық құры­лыс­тар болмақ. Сүт өңдейтін зауыт іске қо­сылып, оның шығаратын өнімінің ассортименті ұлғайтылуда. Жобаның құ­ны 18,1 млн. теңге. Жар­тытөбе ауылы­нан жаңа монша салы­нып, тұрғындарға қызмет етуде. Сый­ымдылығы 2000 тон­налық көкөніс қоймасы іске қосыл­ды. Кәсіпкер Қ.Беркінбаев жалпы орта мектеп пен балалар бақшасын салып берсе, енді осы балабақша жанынан жылыжай салы­нып өз өнімін бере бастады. «Завод Модульдың» басшысы теріскейлік Жар­тытөбе ауылының ор­та­лығынан Тәуелсіздік алаңын жасай­тын болса, кәсіпкер С.Әшірметов құ­рылыс жұ­мыстары үшін кірпіш зауы­тын сала­тын болды. «Бибо» ЖШС кө­көніс өң­дейтін цехты ашу жөнінде жұмыстар жасауда. Жобаның құны 15,6 млн. теңге.Әбдібек Бимендиев 3 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен кө­к­өніс ексе,1 га жерге жылыжай салып беретін болды. Жылына 20 мың тон­наға дейін иодталған ас тұзын өңдейтін зауыт жобасының құны 400 млн. теңге, 36 жаңа жұмыс орны ашы­лып өз жұ­мы­­сын жалғастыруда. Түйе сүтін өң­дей­тін және Дарбыт бұла­ғы­нан шыға­тын суды пластикалық ыдыс­тарға құй­ып, сату үшін дайындық жұмыстары жүргі­зілуде. Ауданның мә­дени өміріне елеулі назар аудары­лып, бұл бағытта сын­дарлы істер атқарылып келеді. Елді мекендегі клуб­тар аудандық мәдениет бөлімінің құзырына берілді. «Мың­жыл­қы» мә­де­ниет сарайының күрделі жөн­деуіне 250 млн. қаржы бөлініп отыр. Ға­жайып ескерткіш махаббат символы – Ақбикеш мұнарасын сақтау, оны реставрациядан өткізу жөнінде қаржы бөлінуде. Аудандағы 3 ардагер ақын, жазушылардың кітабын шығару­ға 1 млн. 650 мың теңге қаржылай кө­мек­тер көрсетілді. Аудандық мүгедек­тер қоғамына демеушілер қаржысына 600 мың теңгеге 9 тігін машинасы алын­ды. Оның ішінде 3-еуі компью­терлендірілген. Тігін цехында жұмыс істейтін 22 мүмкіндігі шектеулі жан­дар­­дың 18-і тігінші мамандығы бойын­ша сертификат алған. Қоғам мекемелерден тап­сы­рыстар алып, оны дер кезінде да­й­ын­дауда. 8 зағип жан жаңадан тұрғын үймен, 37-і тамызық отынмен қамта­масыз етілді. Елбасының «Саламатты өмір сал­тын насихаттап, барлық жерде салын­ған спорт базаларын пайдалану керек» – деген тапсырмасы ауданда біршама дәре­жеде алға басуда. Орталық жастар сая­бағы, «Достар» саябағы, «Даңқ» сая­жолындағы ашық стадион, теннис ала­ңы, Орталық спорт кешені, оның ішіндегі жаттығу залдары, балалар мен жастар спорт кешені соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен жабдықталған.Мұнда аудан әкімінің кубогы үшін спорттық жа­рыстар мен халықаралық, респуб­ли­ка­лық футбол ойындары жиі өтіп тұрады. Ынтымағымен ырыс қонған, бірлігімен дәулеті тасыған киелі теріскей­ліктердің Тәуелсіздіктің торқалы то­йына қосар үлесі сүбелі. Жақсы істер жалғасын тауып жатыр. Есенбек Кенжеғараев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы.