(Ақын рухымен сырласу)
Осылай боларына титтей де күмәнданбай өтіп еді өмірден сардар ақын. Жазылып жатыр... Мұқағалимен біздер тағдырлас едік. Ұлы Отан соғысы екеуміздің де әкемізді жалмап, аналарымызды жесір, өзімізді жетім еткен. Мұқа, сіз ол кезде он жаста екенсіз. Ал мен әкемнен алты айлығымда қалыппын. Соғысқа кеткен әкеңізді сағынып, бала жүрегіңізбен үлкен арман-үмітті серік етіп, алғашқы өлеңдеріңізді әкеңізге арнаған екенсіз. Сол қаршадай жасыңызда үш қалың дәптерге жүк болған жауқазын туындыларыңызды сырттан келген бір қу алып кетіпті. Бұл хабарды естігенде Нағиман анаңыз егіліп жылаған екен.Сонда сіз жұбату сөз айтып: «Нақа, жылама, әлі өлеңнің көкесін жазатын боламын!» депсіз.
Әр пенденің басында өз тағдыр-талайы бар ғой... Мен де: «Әке мейірімін көрмедім-ау, әкем қолымнан жетектеген жоқ, ашамайға отырғызған жоқ, мектепке апарған жоқ... Тым болмаса, ес білгенде көз жазбағаным-ай», деп армандаушы едім...
Мұқағали жырлары әкесін көрмеген, әке мейіріміне қанбаған көп жетімнің басынан сипады, тоқтау айтып, келер күннен жақсылық күтуді үйретті. Ақын:
Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған,
Ғұмырлар бар батқан және батпаған.
Әкелгенмен әр адамға бір қайғы,
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған...
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты, – дейді.
Табиғатта Күн менен Айдың жалғыз болатыны сияқты, адам баласы үшін де ата мен ана жалғыз. Сондықтан да болар, адам баласы ата-анасын көз жұмғанша аңсап, сарылып сағынары шындық. Өлмес өнердің құдіреті санадағы сартапты сағынышты қайта жаңғыртып, тағдыры қилы-қилы ата-ана рухына тағы да бас игізеді екен. Мұқағалидың мына шумағы осының куәсі.
... Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі, ол үйімізден тірі аттанған.
Біз кейде балалықпен ойнап кеткенде, жігіттікпен желік қуып жүргенде үйде оңаша қалған анамыз қабырғадағы көне суретке телміре қарап, көзінен сырғып аққан жасты сүртіп отырғанын талай көргенбіз. Жүгіріп келе жатқанда маңдайың суық мұңтасқа тиіп, анамыздың алдында кінәлі адамдай күй кешетінбіз. Иә, анамызды жұбатарға сөз таппайтын едік. Ол жұбату сөзді де біз үшін Мұқағали ақын айтқан еді.
Шеше,
Сен бақыттысың!
Жыламағын,
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.
(Тәңірі кеше гөрсін кесірімді)
Аспанға жазам сенің есіміңді!!!
Шеше,
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдан иілген бесігіңді!
Бұл өлең – жалғыз Мұқағалидың емес, жетім қалған әр боздақтың жүрек сөзі. Мен дәл қазір де осы өлеңді, толқып отырып оқимын. Себебі, бұл өлеңде анамның рухы жатқанын сезінемін. Сол үшін де, сізге Мұқа, мың алғыс айтамын!
Адам баласына ата-анасынан кейінгі киелі дүние – туған жері. Тәңіртаудың етегіндегі ауылдан халық бағына ірі-ірі тұлғалар келді. Олардың бірі – Райымбек батыр болса, екіншісі – Мұқағали. Екеуі де рух құдіретіне ие болған тұлғалар. Табиғатына тартып туған перзенттер биіктікті де, жалынды да таудан, мейірімділікті кіндік қаны тамған топырақтан алғандай. Жалынның тауда болатыны рас. Мысалы, біздің Алатау, Алтай деп жүргеніміз қызыл, отты таулар екен. Көне түркі тілінде «ал» деген сөз «қызыл от» дегенді білдіреді. Тау қуатының күшті болатынына тағы бір себеп, орманның болуы. Орман – оттегінің көзі, орман – сүзгі, орман – қорған. Ал, екінші бір себебі, тау бауырындағы қазба байлық, түсті металдардың (алтын, күміс, т.б.) көп болуы. Олар да қуат көздері.
Райымбек рухы, арғы бабасы болғандықтан да болар, Мұқағали жырларынан айқын сезіледі. Бабасы аманаттаған туған жерге деген перзенттік парыз, елге деген, халқына деген сүйіспеншілік. «Жауыздықтың, жамандықтың бәрін өзімен бірге көрге ала кеткісі келіп, жер үстіне тек жақсылық ғана қалсын» деген жомарт жанының тілегі, бәрі-бәрі – рух құдіреті. Ақын жырлады, ақын жүрек сөзін айтты. Сонымен жер үстінде ұлы ақынның жақсы сөзі, жылы көңілі қалды. Мұқағалидың Қарасаз, Елшенбүйрек, Шалкөдесі жырдың жайлауына айналды. Кез келген жан ол жырларды оқып отырып, қазақ болғанына, оның осындай ұлан-байтақ жері болғанына мақтанады. Мен де Хантәңірінің түлегімін. Менің туған жерімнің тау мен тасы Мұқағали шабытымен өлең болып өріліп, құдіретті жыр арқылы әр қазақтың аузында жүруі, жыр ғана емес, ән болып тербелуі, шындығында – үлкен бақыт.
Мұқағалиды ардақ тұтатындар ақынның өлең-жырларын оқи отырып, онымен сырласады, әр ұрпақ жырларынан өзін, өзінің мұңын, сырын, жанының жаңғырығын, дертінің дауасын табады. Табады да, ажырамас досқа айналады. Тіпті, өзі көріп жүрген таныс жандармен кездескендей болады. Ақынның «Қайран жеңгем» атты өлеңіндегі кейіпкерлер бәрімізге де етене таныс.
Су сұраса сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?
Апырай, суық еді сұрқы неден?
Адамға қарайды ғой сыртыменен.
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,
Қимылыңды бағып тұр мұртыменен.
... Күлкің қайда, күмістей сыңғырлаған?
Жүзің неге ымырттай тұнжыраған?
Бұғалыққа тұрмайтын асау едің,
Сені әкеліп теліген кім мынаған?..
Бұл – тарих қой. Өткен күннің – дәл біз куә болған, көзіміз шалған тарих. Күйеуінен жап-жас қалған аналарымыздың қилы заман тарихы. Ал ақынның балалық қызғанышын бәріміз де кешкенбіз.
Қазақ ұғымындағы жеңге бейнесі – үлкен тақырып. Ақын «Дариға-жүректе» сол үлкен тақырыптың немесе қазақ ұлтына ғана тән энциклопедиялық еңбектің кіріспесін жазып қалдырып отыр. Поэманың бірінші бөлімі «Аққудай еді» деп аталады. Жеңгесін аққуға теңейді. «Болған-ды менде бір жеңге, Жылайтын еді бір демде, Күлетін еді бір демде; Күлетін еді күллі әлем, Дариға жеңгем күлгенде; Жас тамып жасыл бүрлерден, Қарағай, терек, бүргеннен: Жылайтын еді гүлдер де, Дариға жылап жүргенде...» Ақын әйел тағдырын, әйел әлемін қалай терең түсінген, қалай дөп басқан? Бұл, шындығына келгенде, классиктерге ғана тән болса керек. Осы туынды әлемдік деңгейдегі шығармалармен қатар тұруға лайық десек, қателеспейміз. Ең соңғы аккорды, симфонияның шарықтау үніндей әсер қалдырады.
...Жарық дүние-ай, жаным-ай менің!
Ғажапсың!
Ғажапсың, шіркін!
Амал не, тезсің, аз-ақсың...
Құзар жартастан орамал көрдім бұлғаған.
– Қош бол, тентек!..
(Әзілдеп, сірә, тұр маған)
Көк көйлек көрдім,
қалықтап құздан зулаған,
– Қош бол! – деп, Тентек...
шуылдап үні тынбаған.
Неғылған сұмдық!
Дариға ма, әлде аруақ па?!
Өте алмай қалдым,
жете алмай қалдым ар жаққа,
Дариға-жүрек...
Ұшты да кетті аулаққа...
Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын,
Сол екен – менің періште жырым,
мұратым!
Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын,
Дариға-жүрек, өмірге берді бір ақын...
«Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар, Бәрімізден бір-бір батыр жасапты» деген Мұқағалиды сол бір тағдырлар нағыз ұлы ақын жасады.
Мұқағали Мақатаевтың басқа қазақ ақындарынан ерекшелігі ол қазақ тілінің ғана уызына қанып қоймай, орыс, француз тілдерін де жақсы білетін еді. Оның аудармалары өз туындыларындай қазаққа етене жақын болды. Ол аударған Шекспирдің сонеттері, Уолт Уитменнің өлеңдері, Дантенің «Құдіретті комедиясы» («Тамұқ» бөлімі) көркемдік қуатын жоғалтпай қазақ оқырмандарымен табысты. Ал «Моцарт жаназасы» (реквием) – ақынды әлемдік кеңістікке көтеріп, әлемдік өлшеммен жазылған классикалық шығарма желісін психологиялық азапты муза мен музыка құдіретіне сыйғызып, өре білген ақын бар талантын сарқа жұмсаған. Жарық дүниемен қоштасып, өз жаназасын өзі шығарады. Поэманы оқи бастағаннан-ақ үрей, қорқыныш бойыңызды билеп алады. Бір сұмдық болмай қоймайды-ау дейсіз. Моцартқа қара киіммен келген елес жанның «Жаназа күйін жазшы» деп бұйрық беруі, одан кейін зым-зия жоқ болуы – Моцарт-Мұқағалиға Жаратушыдан жеткен дауыс сияқты. Поэма бес бөлімнен тұрады. «Бес» деген қазақ ұғымында өмірге қатысты сан. Бес күндік өмір... «Табыт үні...» табыттағы рух даусы.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!
Тамшыдай ғана, нұрыңа, міне, зарықтым,
Өмір осы екен, сырыңа, міне, қанықтым.
Жаса сен Мәңгі!
Жаса сен Мәңгі! жарық Күн!
... Табытпын, табытпын, табытпын...
Ал «Халық үні» жоқтау жыры.
Әрине, суық қайғы, суық қайғы,
Көңілін халқың бірақ суытпайды.
Егер де халық өзін ұмытпаса,
Бақұл бол, халық сені ұмытпайды.
Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды,
Саған деген сағыныш басылмайды.
Табытыңды жасырса, жер жасырар,
Ал, уақыт, өзіңді жасырмайды!
Ал енді осыдан кейін Мұқағалиды көріпкел деп айтпасқа бола ма?Ақынның мерейжасы ғана емес, туған күні жыл сайын тойланады. Мұқағалидың өлеңіне жазылған әндер радио-теледидардан айтылмай қалған күн болмаған шығар. Қазақтың бірегей азаматы, қазақ өнерінің жанашыры Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов «Мұқағалитану бастауы» атты үш кітаптың жарық көруіне өз үлесін қосты. Ақынның 80 жылдық мерейтойына дайындықты бір жыл бұрын бастап, жоспар-жобасын жасап, игі шаралардың басы ретінде «Жырлайды жүрек» деген Мұқағалидың өлеңдеріне жазылған ән байқауын республикалық көлемде өткізді. Ақынға әкім құрметі осындай болғанда өнер өлмек емес.
«Жесірлер үні» мен «Жетімдер үні» – біз көрген тарих, біздің тағдырластарымыз естіген азалы зар еді. Ал, поэманың бесінші бөлімі «Бесік жыры» деп аталады. Жер Ананың бесік жыры...
Мәңгілік сені тербеуге,
Мәңгілік бесік сақтағам...
... Әлди,
Әлди,
Ақ пенде,
Тыныштық тауып, жат менде.
Өмірді қандай сыйласаң
Өлімді сондай жат көрме!
Тіршіліктің философиясына ақын осылай баға береді.
Мұқағали бір естелігінде: «Мен туралы білгің келсе, менің өлеңдерімді тастамай оқыңдар» деген екен. Ақын жырлары барлық тақырыпты қамтыды дейміз. Бірақ ол бір ғана тақырып қой. Ол – өмір. Өлеңдері де, поэмалары да, драмасы да – өмір. Биыл Мұқағали Мақатаевтың туған күнін Астана қаласында жаңа ашылған халықаралық деңгейдегі Назарбаев университеті бастады. Мұқағали жырын қазақтың, орыстың, корейдің ұл-қызы жатқа оқыды. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық қойылым көрсетілді. Сонда ана рөлін ойнаған қыз баланың өнеріне тамсанбаған жан қалмады. Сонда «Осы кеш, осы рух өмірге жаны ізгі, Отанын жанымен сүйетін елжанды азаматтарды берді-ау!» деп ой түйдік. Кешті ұйымдастырған сол университетте қазақ тілінен сабақ беретін ұстаз Гүлтас Құрманбай екен. 2002 жылы Қазақстан-Британ университеті жаңадан ашылғанда да сол кездегі Білім және ғылым министрі Шәмша Беркімбаева: «Алматыда жаңа бой көтерген ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткішінің жанында ақынның туған күнінде мүшәйра ұйымдастыруды ойластырсаңыздар» деген ғибратты ұсыныс айтты. Мен сол университеттің басшысы ретінде Гүлтасқа тапсырма бергенімде, ол шын ниеттен қуанды. ҚБТУ-дың бірінші курс студенттерімен «Махаббат ғұмыр» атты әдеби-композициялық қойылым әзірледі. Оған Ш.Беркімбаева, қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова, Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалин және басқа Алматыдағы жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Ақпанның қақаған суығына қарамастан студенттер де, келген қарапайым халық та ақын өлеңдерін, өздерінің арнау өлеңдерін таласа оқыды. Міне, сол игі шара Шәмша Көпбайқызының мұрындық болып, ұйымдастыруымен жыл сайын жалғасып келеді.
Ақынның: «Туады, туады әлі нағыз ақын» деп өзі айтқандай Тәуелсіз Қазақ елінің нағыз ақындары Мұқағалидың отты жырларынан тұтанып, өмір-сапарға аттана беретіні шүбәсіз.
Жыр жампозының күнделігінде мына бір сөздерді қалам ұстағандар ғана емес, Тәуелсіз елдің түгел азаматтары оқып, жадында ұстаса, қане. Ақын бірде: «Әлемдік бейбітшілік керек маған, Үнімен Отанымның үндесетін» десе, одан кейін: «Ей, қалам ұстаған қаламдас бауыр, қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң, оны сүйемін деп байбалам салмаңдар, оған тек ғашық бола біліңдер», депті. Бұл ұлт ақынының сөзі. Ұлт ұрпағы осыған адамдық танытса, қазақ жұртының қарымы арта береді.
Әділ АХМЕТ,
Астана.