22 Шілде, 2011

Асыл адам айнымас

935 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Қандай жағдайда да адамдық, азаматтық келбетін жоғалтпаған, тоқтықта да, аштықта да, лауа­зым­ның биігінде де, зейнетке шық­қан­н­ан кейін де бір мінезінен ай­ны­маған, табиғат берген өз қалпынан бір шегінбеген бір жанды білемін. Ол – бұл күнде жасы тоқсанға то­лып отырған бел­гілі мемлекет жә­не қоғам қай­раткері Сұлтан Сү­лей­менұлы Жиенбаев. Ол еліміз тәуелсіздік алғанға дейін зейнеткерлікке шықты. Бү­кіл са­на­лы өмірін қоғамға, халық­қа қыз­мет етуге арнады. Ол өмір­дің бұ­ра­лаң соқпағынан өтті. 1938 жы­лы КазГУ-ға түсті. Оқу бітірмей май­­дан­ға аттанды. 1941-1944 жыл­дары неміс фашистерімен кү­ресті. 100-ат­қыш­тар бригадасы құрамын­да со­ғыс­қа қатысты. Майдан дала­сында ерлік көрсетті. Орден-медальдармен марапатталды. 1944 жылы үшінші рет жарала­нып, елге оралды. Мұнда да жара­лымын деп қарап жатпады. Түркісіб темір жо­лы басқармасында жұмысшыл­ар­ды жабдықтау бөлі­мін­де қызмет істеді. Қызметпен қо­са сырттай оқуын да жалғастырды. 1953 жылы Мәскеудегі сауда инс­титуты арна­йы дипломы бар сауда қызметкері­не бұл сала қатты зәру еді. Қазақ КСР Сауда министрлігінің өнеркә­сіп тауарлары саудасы бас­қар­ма­сының бастығына тағайындалды. Бұдан әрі жас жігіт өзін қыз­мет­те көрсете білді. Алматы қала­лық партия комитетіне жұмысқа шақырылып, бөлім басқарды. Көп кешікпей қаладағы Фрунзе (Медеу ауданы) аудандық партия коми­теті­нің бірінші хатшылығы­на сай­лан­ды. Бұл жұмыста ол өзі­нің іскерлігін танытты, 1960 жы­лы Орталық партия комитеті­нің сауда, қаржы бө­лімінің мең­геру­шілігіне жоғары­ла­тылды. Мұн­да екі жыл жұмыс істеген соң республика сауда министрі болып таға­йындалды. Бұл қызметті сегіз жыл атқарғаннан кейін, Қазақ КСР Министрлер Ке­ңе­сі Төрағасының орын­басары бо­лып бекітілді. Осы қызметте ол 1984 жы­лы зейнеткерлікке шық­қан­ға дейін жемісті еңбек етті. Бұл жыл­да­ры Орталық партия комитеті бюро мүшелігіне кандидат болды, әрі Республика Жоғарғы Кеңесінің де­путаты болып төрт рет сайланды. Сұлтан Сүлейменұлының қыз­меті сауда, қоғамдық тамақтану, олар­дың материалдық-техникалық базасын нығайтумен, сауда жүйе­сін жетілдіріп, оның мәдениетін жақ­­сар­тумен, жеңіл, тамақ, тоқы­ма өнер­­кәсібін дамыту ісімен тікелей бай­ланысты болды. Бұл салаға ұзақ жылдар іскерлікпен басшылық етті. Сұлтан Сүлейменұлы сауда са­ла­­сына келгенде, бұл кәсіптің ұнам­­ды мамандық түріне саналмаға­ны белгілі. Сауда дегенді жұрт саудагерлікпен, алыпсатарлықпен шатыс­ты­рып жатты. Сауда ісінің әлеу­мет­тік-экономикалық саясаттың ма­ңызды саласы екендігін көп адам біл­меді. Ол кезде соғыстан орал­ған жастар мұғалім, дәрігер, заң­гер, ауылшаруа­шы­лық маманы бо­луға құмартып, жаппай осы оқу орын­дары­на ағыл­ды. Ал Сұлтан Сү­лейменұлы болса, сауданы үл­кен ғылым, оның өзінің заңдылықтары, теориясы, экономи­ка­лық тиімділіктері бар күрделі ма­ман­дық деп тү­сінді. Сөйтіп осы ма­мандықты таң­дады. Өйткені ол сауда қызметін қоғамдық еңбек бөлі­ні­сінің өмірге қажетті бір саласы, ол ел қажетін өтейді, сұраныс пен өндірістің ара­сын қабыстырады. Сұлтан Жиенбаев көпшілік же­те түсіне бермейтін бұл кәсіп­тің білгір маманы, көрнекті бас­шы­сы ретінде таныла бастады. Еңбек еткен қызмет орын­дары­ның бәрі осы саламен тікелей бай­ланысты бол­ды. Жұмыста өзі­нің іскер басшы, жаңашыл менеджер екенін таныт­ты. Сөйтіп республика бірінші бас­шысының көзі­не түсті. Ең ал­ды­мен ол өзінің іскерлігімен, мем­лекеттің ала жібін аттамайтын тазалығымен та­нылды. Әдетте сауда саласында істейтіндер дүние-мүлікке қома­ғай, үстеме пайда та­бу­ға, көз қыс­ты, бармақ басты жол­сыздық­тар­ға бір табан жақын тұрады деген жалған түсінік көп­шілік арасында белең алып кеткені белгілі. Бірақ Сұлтан Сүлей­мен­ұлы дүниеқо­ңыз­дыққа, байлыққұ­мар­лыққа бой алдырмады. Жасы­нан тазалықпен көзін ашқан ол мұнд­ай ашкөз­дік­ке, арам табысқа ешқашан бар­ма­ды. Өйткені өмір­дің мәнін, шын бағасын терең сезіне білді. Соғыста жүргенде өзіндей қыр­­шын жастар болашақ өмір үшін оққа ұшты. Майдандас болған қа­зақтың батыр қызы Мәншүк Мә­метова Сұлтан ағаның көз алдында жан тапсырды, жау оғынан көз жұм­­ды. Мұны 100-атқыштар бри­га­дасы жайлы естелік кітабында ол жақсылап жазды. Жау қолынан қаза тапқан боздақтардың ерлігін паш етті. Сол жастар өз өмірін тірі қалғандардың қоғам байлығын, ха­лық ырысын ұрлап-жырлау үшін, теріс жолмен жеңіл өмір сүруі үшін құрбан етті ме екен? Сұлтан мұны қалай ұмытсын. Сондықтан да ол өмірде тазалықты, иманды­лық­ты, кісіге қиянат жасамауды өзіне мұ­рат тұтты. Әрі әрдайым осы ұс­та­нымына сай өмір сүрді. Сауда министрі болғаннан бас­тап, оның мемлекеттік дәре­же­дегі қызметі басталды. Үкімет басшы­сы­ның орынбасары болды. Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовпен, кейін қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қоян-қол­тық тізе қосып, түсі­ніс­тікпен жұмыс істеді. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Бұл қасиетін рес­пуб­лика басшы­лы­ғы жоғары ба­ға­ла­­ды. Жұмыс барысында ел мүд­десі­не қызмет етуге, респуб­ли­каның өндіргіш күштерін дамы­ту­ға, сауда жүйе­сін, жеңіл, тамақ өнер­кәсібін өр­кен­детуге барынша атсалысты. Мәселе шешкенде бір күннің қа­мын ойламай, ертеңгі күнгі нәти­жесін жете ойластырды, мемлекеттік дәрежеде ойлауға дағ­дыланды. Қандай жұмыс тапсы­рыл­са да, со­ны адал, жеріне жеткізе орындауға күш салды. Соның нә­тижесінде Алматыда мақта-ма­та комбинаты іске қосылды, бар­лық қалаларда әм­бебап дүкендер ашыл­ды, халық­тың сұранысы жете зерттеліп, со­ған тапсырыс берілді, жоспарға ен­гізілді. Елдің тұр­мысы түзеле бас­тауына байла­ныс­ты жаңа тауар­ларға, қымбат үй жиһаз­дары­на сұ­ра­ныстар көбейе түсті. Қазақ­стан­ның тікелей сырт­қы сауда бай­ла­ны­сына құзыреті шектеулі бола­тын, оны КСРО Сыртқы сауда министрлігі арқылы жүзеге асыруға күш салынды. Рас, С.Жиенбаевтың соғыста­ғы ерлігі, елдегі мемлекеттік қыз­мет­тегі еңбегі туралы азды-көпті бас­па­сөз беттерінде, жазушылар­дың жазбаларында жазылды. Ал оның адами қасиеттерін аша тү­се­тін бір фактор жайында ешқа­шан жазыл­ған жоқ. Адамның қа­лыптасуына екі – объективтік және субъек­тив­тік фактор әсер етеді. Біріншісі – адамның өзінің еңбегі, талпы­ны­сы, ақыл-ойының қызметі болса, екін­шісі – қоршаған ортаның – адам­ның айналасының ықпалы жатады. С.Жиенбаевтың өмір жолына ықпал еткен – еліміздің басшылы­ғы­на жақын болуы – бұл екі фак­тор­ға да жатпайды. Мұны кез­дей­соқ немесе қосымша фактор десек те болар. Өйткені жоғары лауа­зым­ды билік өкіліне сұранып та, жа­лынып та жақын бола алмай­сың. Бұған тал­пын­ған кез келген жан бұл ортаға кіріге алмайды. Тағ­дыр­дың кездей­соқ жағы ғана себепші болады. Сұлтан Сүлейменұлы 60-жыл­дар­дан бастап республика басшы­сы Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наев­­тың назарына іліге бастады. Бірақ ол бірден жақын нөкер­лері­нің са­на­тына қосылмады. Кейін өзінің мінезімен, адами қа­сиеті­мен, тектілігімен бірінші басшы­ның сеніміне ие бола білді. 30 жыл бойы оның жақын серік­тері­нің, сенімді адамдарының бірі бол­ды. Ал зайыбы Нұрания Әділ­шина болса, отағасы республика басшысының жақын адамы деп тұмсығын көте­ру­ді білмеді. Қыз­мет­тен қол үзбе­ді, қызметін адал, аса зор жауапкершілікпен атқар­ды. Жиенбаевтар отбасы Диме­кең­мен бір үйде тұр­ды, аяқ-та­бағы араласты. Нұра­ния болса Зухра Шәріпқызының қолқанат­тары­ның бірі ретінде қат­ты сый­ласты, апалы-сіңлідей бол­ды. Зух­ра Шәріпқызы талғампаз, оқыға­ны, өмірден тоқығаны көп, мәде­ниеті жоғары жан еді. Оған Нұра­ния Герейқызының тәрбие­лі­гі, әйел­дік ұяңдығы, бекзаттығы ұна­­ған болуы керек. Зухра жең­гей оны өзіне өте жақын ұстады, туған сіңлісіндей көрді. Мұны бүкіл Алматы білді. Бұл жақындық Жиенбаевтар отбасына үлкен биік мәртебе еді, абырой-атаққа тікелей жол аша­тын еді. Жиенбаевтар отбасы бұл мүм­­кіндікті пайдаланған жоқ, мұ­ны өз­деріне мұрат-мақсат тұт­па­ды, қол­­да барын қанағат тұтты. Сұл­тан Сү­лей­менұлы Үкімет бас­шы­сы­ның орын­басары, кейін бірінші орын­ба­са­ры, Орталық партия ко­митетінің бюро мүшелігіне ұзақ жыл­дар бо­йы кандидат бол­ды. Бұл лауазым оның қызметіне саяси сипат көтер­ді. Мемлекеттік қызмет­ші ғана емес, партиялық қай­раткер мәртебесін көтерді. Об­лыстарға бар­ғанда партия коми­тет­терінің де жұмысына ара­ла­суға, ықпал етуге жағдай жасады. Қонаев болса, оны жайдан-жай жақын тартпағаны аян. Оны талай сынақтан өткізген болуы керек. Жиенбаев кейбір жандар се­кілді басқаларға дөңайбат көр­се­туге, Димекеңмен жақын­ды­ғы­нан олжа табуға тырыспады. Ұсақ әңгімеге бой алдырған жоқ. Мұны қатар жүр­ген әріптестері анық сезінді. Сон­дықтан да олар Сұлтан Сүлей­мен­ұлына қатты сенді әрі жақсы көрді. Оны азамат ретінде, мемлекет қайраткері ретінде, саяси жетекші ретінде жоғары бағалады. Сұлтекең қызметте өзін қалай ұстаса, зейнеткерлікке шыққан­нан соң да достарының бетіне тура, ашық-жарқын қарады. Өзіне деген көпшілік ілтипатын, құр­ме­тін сезінумен болды. Ол бүкпесіз сөй­лей­тін, таза, ашық адам. Сол мінезбен әлі де достарының сый-құрметіне бөленуде. Адам үшін бұдан асқан бақыт жоқ-ау, сірә. Сұлтан Сүлейменұлының өмір жолына, еңбек жолына көз жүгірте отырып, онымен бірге республика басшылығында істеген тағы бір адам туралы да айта кеткім келеді. Бұл өзі соғысқа қатысқан, халық­қа, қоғамға барынша адал еңбек еткен адам. Көзі тірісінде еш сөзге қалмаған. Қазақ өнері мен мәде­ние­тіне, рухани өміріне ұзақ жыл­дар еңбек сіңірген Саттар Нұр­маш­ұлы Имашев. Соғыс­тан қайты­сы­мен партия комитетінде жұмыс істеді, партия тарихи инс­титутын басқарды. Тың өлкелік партия комитетінің хат­шы­сы бол­ды, Ор­та­лық партия комитетінде 15 жыл­дай хатшысы, кейін Қазақ КСР Жо­ғары Кеңесі Төралқа­сының төр­ағасы болып істеді. Ол өз жұмысын жақсы білді. Бұл кезеңде идеология саласына басшылық ету оңай шаруа емес еді. Мәскеу бәрін бақылап, жолға са­лып, бағытты көрсетіп отыра­тын. Одан тым ауытқып, мәселені өзінше жүргізе бастасаң, жоға­ры­дан қоңырау сарт ете қалатын. Со­ған қарамастан Саттар Нұр­маш­­ұлы Мәскеу алдында ел саясатын, республика рухани өмірінің мүд­де­сін сыналап, білгірлікпен, мә­мі­­легерлікпен жүзеге асыра білетін. Логикасы күшті болатын. Идеология саласында одақтағы білгір ма­мандардың, басшылар­дың бірінен саналатын. Сондық­тан Мәскеу онымен санасты. Бұл кезеңнің қыр-сырын жақ­сы түсінген ол Мәскеумен тікелей ашық қарсылыққа бармай, тіл тауып, мәм­ілеге келіп, ұстамды­лық­­пен, біліммен, жүйелі дәйек кел­тірумен Қа­зақ­стан мүддесін ор­­та­лықта шеберлікпен жүзеге асы­­рып отырды. Оны түсінбеген кейбір осы күнгі либерал-демократтар, ұлтшыл пат­риоттар неге ол батыл қимыл жа­самады, қор­қақ­­тық­қа ұрын­ды деп сынайды. Бұл тота­литарлық жүйе­нің жой­қын күшін түсінбе­ген­дік болып табы­лады. То­тали­тар­лық жүйенің қы­ра­ғы көзі­нен құ­тылып кетуге бо­латындай кө­реді. Бұл ол кезде мүмкін емес еді. Орталық­тың жазалау шара­лары қатал әрі мейірімсіз болатын. Сон­дық­тан ол осы­ны түсініп, Қо­наев­тың бас­шы­­лы­ғы­мен сабыр­лы саясат жүргізді. Сұлтан Сүлейменұлының аза­мат­тық адами қасиетіне өз заман­дастары да, кейінгі інілері де дән риза. Өйткені, оның мінезінде жа­сандылық жоқ, шын мәнінде кішіпейіл жан. Оған Мәскеуде іс­сапар­ға бірге барғанда анық көзім жетті. Әскери-патриоттық тәрбие, жастар, физкультура-спорт проб­ле­ма­лары­на арналған одақтық кеңес бол­ды. Оған Жиенбаев бастап, комсомол және спорт сала­ла­ры­ның басшылары мен орталық комитеттен бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары болып істейтін мен де қатыстым. Сапарлас болған төр­теуі­­міздің арасындағы жасы да, қыз­меті де үлкен Жиенбаев еді. Сонда сапарлас болған үш адам­­нан үш түрлі мінез бай­қа­дым. Біреуі жас, албырт, дүниені қо­лын­да ұстап тұрғандай өзін еркін сезінеді. Екіншісі сәл ересек, ол да өз кәсібінің мэтрі сезінеді. Екеуі өмір­ге құштар, ешнәрседен аяғын жияр емес. Еркін сөйлеп, ер­кін байлам жасай береді, ой­ла­нып әуре болып жатпайды, кесіп түсе­ді. Үлкеніміз Сұлтан Сүлей­мен­ұлы бұларға тіпті ұқсамайды, ең қарапайымымыз, кі­­ші­п­ейіліміз осы кісі болып шық­ты. Жымиып күле сөйлеп, ешкімді бетінен ал­майды. Біз жастарға үл­кендік жасап, ақыл айтып, мезі етпейді. Өз байламын, өз бағамын бұйрық ретінде емес, ұсыныс ретінде сездіреді. Қонақ үйге жиын­нан соң орал­­ғанда, жаңағы кеңесте ай­тыл­­­ған сындардың бізге де қаты­сы бар-ау, бізде де ақсап жатқан жайлар жеткілікті, барған соң қол­ға алмасақ болмас, дегендей емеурін білдірді. Ол үкімет тарапынан осы са­ла­ларға кураторлық ететін. Сол жол­ғы іссапарда ойға түйгенім: Сұл­тан Сүлейменұлы адамдармен қа­рым-қа­тынаста өте қарапайым, кішіпейіл, менмендігі жоқ, өзім білемге са­­лынбайтын демократ бас­шы екен­­дігі. Ал сапарлас екі жас бас­шы­дан бай­қағаным: бастық­тық­тың ызғары сезіледі, жастары­на қара­мас­тан ши­ра­тыла сөйлеп, біз де қа­ра жаяу емеспіз дегендей, маң­ғаз­ды­ғы айтпаса да сыртқа теуіп тұрды. Біреу тойып секіреді, біреу то­ңып секіреді. Жиенбаев тойып та, тоңып та секірген жоқ. Өйткені, ол жоқшылықты да, тоқшылықты да көрді. Дегенмен, таршылық көрдім деп мұңайған жоқ, еңсесі түсіп, мо­йыған жоқ. Өзіне бекем болды. Жиенбаевтың майдандас дос­тары­ның бірі марқұм Мағзұм Кө­шеков деген ағамен бірге қызмет­тес болғаным бар. Ол соғыста бір көзін берген, зеңбірек оғынан жа­ра­ланып, контузия болған жан екен. Шайқастағы ерлігі туралы май­дандық газеттерде көп жазы­лып­ты. Туған ағасы журналист Қа­жым Көшековпен соғысқа бірге аттанып, соғыстан мүгедек болып жалғыз оралған. Мағзұм Көшеков жаудың екі танкісін жайратқан дегенді оқы­ған жас қызметкерлер: «Мәке, мына түріңізбен (бұл кісі шағын денелі, жұқа адам болатын) екі танкіні қалай жайраттыңыз?» дегендерге даусын көтеріп: «Ол үшін жуан білек емес, үлкен жүрек керек, сонда бәрі де қолыңнан келеді. Мұны неге сұрап отырсыңдар, сенбей отыр­сың­дар ма, онда анау министр Сұл­тан Жиенбаевтан, мынау Жекен Жұмақанов пен Әзілхан Нұр­шайықовтан сұраң­дар, өңкей са­рауыз балапандар. Сендер не көр­дім дейсіңдер, ал біз болсақ, от пен суды белшесінен кешіп жүр­дік, сендер бұл қылжақтарыңды қойыңдар, әйт­пе­се таяқ жейсің­дер», деп ренжитін. Еріккен жас­тар­ға Мәкеңді сөй­лету керек. Со­ғыс­тың сал­қы­ны болар, ол кісі тез ашуланып, тез қайтатын. Жайшы­лық­та өте әділ, шыншыл, өтірік де­генді білмейтін, бірбеткей жан еді. Меке­ме­нің іс-қағаздарын бас­қара­т­ын, ішкі тәртіпке бақылау жасайтын. Осы қызметті шын пейілімен, ас­қан педанттықпен жү­зеге асыратын. Сұлтан Сүлейменұлы майдандас достарына жылда Жеңіс күні сайын құттықтау хаттар жолдап тұ­ратын. Оны Мәкең мақтанып, әріп­тестеріне оқып беретін. Мә­кең­­нің мінезі шақар, соғыс жа­йын сөз еткенде бейнебір сұр­ла­нып, көзі­нен өшпенділік оты сырт­қа теуіп тұра­тын. Соғыстан жа­рым­жан бо­лып қайтқан Мәкеңді майдангер дос­тары қатты құр­мет­теді. Бала мінезді аңқаулығын ескеріп, оны қол­паш­тап еркелететін. Сұлтан Сү­лей­мен­ұлы мүсір­кеу сезімін біл­дір­мей: «Біздің Мә­кең ішіміздегі ең батыр, ең жү­ректі жауынгер еді. 100-атқыштар бригадасының таң­дау­лы пулеметшісі болды», деп көп­шілік көзін­ше көтермелеп қоя­тын. Бұған Мәкең мәз болып: «Біз­дің Сұлтан Сүлейменұлы тамаша офицер, ең сұлу жігіт еді», деп мақтай жө­нелетін. С.Жиенбаев өзінің естелік кі­та­бында майдандас достары полковник Сақтаған Бәйішев, старшина Ыбырайым Сүлейменов, кіші лейтенант Ахметқазы Болатов, взвод командирі Рымбек Байсейітов, лей­тенант Қали Біләлов, май­дан­дық газеттің редакторы Қасым Шә­ріпов, полковник Әбілқайыр Баймолдин туралы жақсы жазды. Оның ішінде 280 неміс жауын­герін оққа ұшырған мерген Ыбы­райым Сү­лейменовтің қарындасы Айт­күл­дің жолдасы Жатай Жұма­діловтің ал­дынан дәріс алған едім. Ол кейін маған С.Жиенбаевтың кітабын оқып риза болғанын айтты. Сұлтан Сүлейменұлы өз кіта­бын­да Мәскеудің саяси-соғыс ака­­де­миясының түлегі, атақты әскер­басы болған Әбіл­­қайыр Баймолдин туралы қыз­­ғылықты жайларды жақ­­сы баян­­дай­ды. Кәсіби офицер Ә.Бай­молдиннің бо­йынан командирге қажетті бар­лық қасиеттерді табуға болатын еді. Әскери шеберлікті тамаша игерді, соғыс техни­касының тілін жақсы білді, ұрыс­тарда өжет, қай­сар мінез әрі тап­қыр­лық таныта білді. Оның соғыс­тағы  жауынгер­лік ерлігі қазақ әс­кер­лері арасында аңыз боп тарады, Невель майда­нын­да болған ұрыста қазақ командирі 36 жасында дүние салды. Әт­тең, жас өмірі қыршын кетті, деп жазды С.Жиенбаев өз кітабында. Мұның өзі кітап авторының аза­маттық қасиетін көрсетеді. Май­­дан даласында көз жұмған әріптестерін ұмытпай, бүгінгі жастарға жеткізуі –  өнегелі іс. Бұл ерлер есімі ұмыт болмасын деген тілектен туған майдан жазбалары еді. Сұлтан Сүлейменұлы майданда болсын, бейбіт еңбекте болсын аянбай қызмет етті. Елдің эконо­ми­касы мен әлеуметтік ахуалын жақ­сартуға, қоғамдағы түсіністік пен бірлікке, халықтың мәдени және интеллектуалдық ілгерілеуіне ба­рын­ша атсалысты. Бұл жолда ол күш-жігерін, жастық жалы­нын да, білімі мен қайратын да ая­­ған жоқ. Еңбегі босқа кеткен жоқ, лауа­­зымы өсті, мемлекеттік дең­гей­дегі қыз­метте болды, түрлі дең­­гей­дегі наградалардан да кенде емес. Ешқашан ол болдым, толдым де­меді. Үнемі ізденіс үстінде жүр­­ді, оқыды, үйренді, білімін же­тілдірді. Оларды күнделікті істе пай­далануға тырысты. Қарауын­дағы қыз­меткерлердің бабын таба білді. Оларға шені, лауазымы кіші деп қарамады, ет пен сүйектен жарал­ған, жүрегі бар, сезімі бар, намыс пен ар-ожданы бар азамат деп қа­ра­ды. Өйткені сен лауазым жағы­нан биік болғаныңмен, адам ретінде олармен бірдейсің. Сон­дық­тан да оларды сыйлауға, бірігіп, ақыл­дасып мәселе шешуге міндеттісің, деген ой әрдайым оның жадында тұрды. Сұлтан Сүлейменұлы егде тарт­қанына қарамастан қоғамдық жұмыстардан сырт қалған емес. Соғыс ардагерлері арасында жиі болып, оларды жастарға патриот­тық тәрбие беру ісіне тарту арқы­лы үлкен іс атқарып жүр. Мәс­кеудегі Жеңістің мерейтойларына барып, әскери шеруге бірнеше рет қатысып қайтты. Дубосеково­дағы панфиловшылардың ерлік көрсет­кен жерлерінде болып, тағ­зым етуді де ұмытпады. Тәуелсіз­діктің елімізде берік орнығуына өз үлесін қосып келеді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назар­баев­тың сын­дарлы саясатына қол­дау көр­се­тіп, өзінің ризашылығын әр­дайым білдіріп отырады. Көпшілік ара­сын­да Елбасы саяса­тын тү­сін­­діруге, оның мән-мазмұнын те­рең­нен ашып көр­сетуге күш салады. Елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалар­ды жіті бақылап отырады. Сұлтан Сүлейменұлы үлкен өмір жо­лы­нан өтті. Бірақ оның жолы бірыңғай жеңіс пен жеміске толы болды десек, қателесер едік. Адам ретінде ол біраз қиыншы­лық­тарды басынан кешірді. Алға­шын­да тұңғыш немересі Айнұры мезгілсіз дүние салды. Ал өткен жылы қызы – Райхан өмірден оз­ды. Сүйікті қызының өмірден ерте кетуі ағамыз­ды қатты күй­зелт­ті. Ол тағдырдың жазға­ны­на шы­дам­дылық танытты. Қайғыр­са да қа­йыспады, қалған екі ұлы мен өсіп ке­ле жат­қан немере-шөбер­е­лерін тәубе етті. Зайыбы Нұрания екеуі ауыртпашылықты бірігіп кө­терді, біріне-бірі тоқтау айтып, демеу болды. Жан жарасы қан­ша­ма ауыр болса да сырт көзге сыр бермеді. Тағдырдың жазға­ны­на кім дау айтады, іштей егіліп, қай­ғыр­ды, қалған тұяқтарына аман­дық тіледі. Жиенбаевтар отбасы­нан қайғы­с­ы­на бәріміз де қинал­дық, күйзелдік. Ел сеніміне ие болып, соны таза ең­бекпен ақтауға ұмтылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Осы күндері тоқсанға толып отырған Сұлтекеңе бұл тән қасиет. Ақылы озық, парасаты биік, шашар шуағы мол абзал аза­матымыз, абыз аға­мыз Сұлтан Сүлей­мен­ұлы­на зор ден­сау­лық тілейміз. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор. Алматы.