22 Шілде, 2011

Түйе баққан Жиренше

1230 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
(Аңыздың ізімен) Әкесі қамшыгер еді. Ғұмырының дені жаугершілікпен өтті. Бауырларына да бұйырмады алаңсыз тірлік.Деген күндері үргін-сүргіннің бо­дауында кетті. Жиренше шешесін сағалады. Анасы өлеңші болатын.Тойда топ жаратын өнерлі шеше мұны қасынан қалдырмайтын еді.Үлкендерден сөз ұқсын деген оймен кішкенесін көпшіл болуға баулыды. Осы екі ортада ел іші шапқыншылыққа ұшырады.Жиренше жақында­рынан көз жазып қалды. Жан бағудың қамымен бай малын қайырмалады. Ежелгі көне мекен зерек жасқа кең құшағын жайды. Бұлқына аққан өзе­нінен, сылқ-сылқ күлген бұлағынан бойына қуат алды. Көл тереңіне бойлады. Аққудың сыңқылын жүрегінен өткізіп, сарыала қаздың сыбызғы үнінен сыр ұқты. Ата кәсіп малшылыққа еп керек. Төрт түліктің ұлығы саналған ойсыл қара сырт көзге момақан көрінгенімен, мінезді келеді. Жүргіншіге албас­тыдай төніп, аттылыны қия бастырмайтын құты­рынды бура жас түйешінің дігерлеген дауысынан ықтап кетер еді. Сұсты кейпінен және тайсалады. Азандаған зор дауысы естілген сәтте қалт тұра қалады. Жынын бүркіп шабынған күркілдектің жайын таба білген ептілігіне бола, Жиренше орданың бас түйешісі дәрежесіне жеткен-ді.Әдетте ол түйеге жаяу ілеседі. Ұзын бойына лайықтап шекпен тіктіріп алған. Қолында қақ сойыл. Қаттылығы әлемет, сілтегенде тасты да шытынатады. Беліне шоқпар қыстырады. Хан орда­сының меншігіне жататын келені қоғам­даудан да бұрын жауапкершілігі басым. Айтулы Сарыбураға бақташының үкімі жүрмейді. Мал­дың басы саналатын киелі хайуан ханның на­зарында. «Сары тентек» атанған сойқанды содыр­дың лаңы мүтін атырапқа әйгілі. Келеге түскендегі шабынысы ойын жолы. Жыл бойын­дағы тежеусіз тентектігі маңайдағы ауылдарды ығыр қылады. Жалғыз-жарым аттылыны былай қойғанда, жаяу-жалпылыны шайнап жіберетін көзсіз дүлейлігі тіптен төзгісіз. Жылына екі мәрте хан сарайын төңіректейтін әдетінен еш жа­ңылмайды. Ботасынан үйір болған иесін әлі күнге ұмытпайды. Ескі досын көргенде бірден жуасып,естиярлықпен ханға тізерлеп тәжім етеді. Құмшекерге шылаған сары ірімшікті көмейлете асайды да, шөккен қалпында ұзақ-ұзақ күйіс қайырады. Киелі хайуанның әр қимылын баққан хан өз жорамалын жасайды. Еш қыбырсыз алаң­сыз тынымдаса, онда ел іші тыныш болады. Мойнын ауық-ауық созып жерге төсей берсе, жаманаттан хабар бергені. Бір тұрып, бір жатса, табиғат тұлданады, әйтпесе ел шетіне жау келеді.Иесі сапарлап кеткенде барып, өз жөніне кетеді. «Сары тентек» ордадан жуасып оралады,бірақ көпке бармайды момынсыған тыншу қалпы. Ескі жыны қайта қозады. Тежеусіз сойқандығы кісі өліміне соқтырып, елді егер-дегер қылады. Талайдың жүрегін қозғап дімкәстікке және душар етеді.Сары бура күндердің күнінде жолаушылаған Тайлақбай биді қыспаққа алмай ма. Бурадан құтыла алмасын білген би келені сыртынан қоғамдаған түйешіге туралайды атының басын. Қақ сойыл дөң маңдайға сарт еткенде, аттылыны тастай беріп бақташыға тап бермей ме. Әккіленіп алған Жиренше бураны шоқпармен тізеден дәлдеп соғып, шөкелетіп тастаған еді. – Үш қызым бар, – деген Тайлақбай би өз-өзіне келген соң. –Құдай алдында қидым саған. Ұнатқан біреуін қалыңсыз жар етесің. – Ниетіңізге разымын – деген түйеші ойлы пішінде – Жүрекке әмір жүрмейді ғой. Болмашы жақсылығымды бұлдап не қыламын. Қиянат болар. Батаңызды беріңіз. Маған сол қанағат... Арада ай жаңарды. Жыл ауысты. Жоғалған түйелерін іздеп шыққан бақташы Тайлақбай бидің ауылына тап болған еді. Келеге қосылған жоқ малын жазбай таныған Жиреншеге ауыл ағасы:  «Малсақ қарындасымыз бар. Соның келуін тос», деп қараша үйді нұсқады. Түйелерді түстеп танитын бойжеткен тойға кетіпті. – Қарағым,жөніңді айта отыр, деді ас қамдаған әйел. – Жарықтық би атаға күтуші бол­ған едім. Ажалдан екі мәрте аман қалдым дейтін. Бірінде білегіне оратылған жыланнан өзінің сары мысығы құтқарыпты. Сарыны жолаушы­лағанда қор­жынына салып алатын. Екінші жолғы қатер­ден орданың түйешісі құтқарып қалыпты.Сол сенсің-ау, сірә? – Тірі қалуына себепкер болғаным бар. Тіршілігінде екі рет кісі жібергенде, жоқты сылтау­ратып бармай қалып едім. – Оның әбестік, – деді даяшы қабағын шытынып. – Бидің үш қызының екеуі ұзатылған. Кіші қызы еркін өсті. Білмеймін не ойының ба­рын, оң жақта отыр әлі. Мінезді бала. Бозбала біткен ықтап тұрады өзінен. Би ата қашан көзі жұмылғанша қасынан қалдырмады. Жөн білетіні содан да шығар-ау. Кім-кімді де мысымен жасқап, сөзбен тұсап тастайтын бір кереметі бар. Әсіресе, ыржақай-қылжақайлар Қарашашты көргенде жы­нын алдырған бақсыдай жуаси қалады. Жарықтық би атаның аруағынан сескенетін де шығар. Жиренше қотан шетіндегі қараша үйге барып жатқан еді. Боқыраудың сүйексорды сызын елей қоймады. Әлгіндегі әңгімеге елікпеді. Жалба ты­мақ жалшыға әкесі өсиет етті екен деп қарын­дасын беретіндей бидің балалары сондайлық аңғал көрінбейді. Әшейін мұны сынағалы ойлап тапқан амалдары болуға тисті. Қарашаш көбінесе жігітше киінетін. Жоқ іздеген түйешіні сыртынан анықтап көріп алған-ды. Әке өсиетінен аса алмай екі ойлы жүрген ол хан келесінен түйелерді астыртын айдатып алдырған болатын. Өз ақылы өзіне жететін ерке қарындасты ағалары бетінен қақпай еркіне жібергенімен, әкесі тіршілігінде айтқан екен деп қайдағы бір жалба тымақ бақташыға қалыңсыз беруді намыс көріп, суық томсарыспен жүрген-ді. Содан да жоқ іздеген Жиреншеге айбарлы ауылдың үлкен-кішісі диуана көргендей-ақ жау көздене қарады. Жиренше сергіп оянған. Сыртқа шыққанда өз көзіне сенбеді. Келеге кеп қосылған түйелері қо­тан шетінде тіздеулі жатыр екен. Ауыл ағасынан рұқсат алған соң, малын алдына салып ұзай берген. Бір қыр асып түс­кен­де, тезек тере шыққан төмен етектіге ұшырасты. Үстіне өңсіздеу көйлек киіп, дидарын шәлімен көлегейлеген Қарашаш:-Армысыз! – деді тізесін сәл бүгіп. – Қайтқан малда береке бар. Еңбегіңіз рахатты болғай-ақ! – Айтқаның келсін, – деді Жиренше дәу де болса сол шығар деген бейбіт сыңайда – Ақ таңнан тезек теретіндей басыңа ненің күні туды, қарындас?» – Жақсы айтасыз, замандас, деді Қарашаш жүзін жартылай жасырған шәліні сәл серпе. – Бұйырғанға жете алмай, бұйрықсыздан кете алмай жүрген мұңлықпын. Көлденең көк аттылы деп өзіңнен жөн сұрағалы жолыңды то­сып... Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Туғанымнан жау шықты, әке өсиетінен дау шықты. Ерегіске баратын ер емеспін, жолы жіңішке ұрғашымын. Төрелігін өзіңнен күтемін. – Олай болса, үш күнге шыда. – Жиренше датын бірден айтып сал­ды. – Тас түссе та­лайымыздан. Сер­тіңде тұрсаң болғаны. Менің де жанашырларым бар. Аға-жеңгелеріңе айта бар. Қамсыз болмасын. Үйге құдалар келеді дерсің. *** Сүмбіленің өкпегі қараша үйді иектеп алды. Кә­рі түйенің жабуынша жалпылдаған түңілікте маза жоқ. Желп-желп етіп жел шақырғаны желек ас­тындағы келіншекке жайсыз тиеді. Қабағы қатулы. Төркін жұртынан біржолата шығыс­қан. Алтын босағасынан аттағанда, боз шекпенді түйешіні олқысынған бауырлары Қарашашты жол-жо­ралғымен кәделеп ұзатуға жарамады. Шешесі тірі кезінде өзіне арнаған жасау-жабдық жиюлы қалпында қалды. Марқұм енесінің ама­натын келіндері қаперіне алмады Өз қалауымен жат жұртқа ұзатыларда сынық бұрау да алмады.Төл атымен түйешіге ілесіп кете барған. Жиреншенің тұрмысы жұпыны еді. Үзік-туырлығы әбден тозып бітіпті. Қарашаш ерінің ұйғаруымен мініп келген атын үйдің сүйегін жа­ңалауға жұмсады. Отағасы босбелбеу көрінбейді. Түйешіліктен қолы қалт еткенде, келіншегіне жәрдемдеседі. Қой терісінен тон пішіп, тері шалбар тікті. Саптама етігіне байпақ сұғыстырып, ер-тұр­манын ыңғайлады. Иығына ілген шекпенін көнетоз шапанмен алмастырды. Қарашаш ерінің ісмерлігін құп көрді. Жұпыны киінетін ұзынша жігіттің өңінен аздаған сұс байқалады. Жар қабағымен үйлескен қоңырқай көзі салқын да салғырт. Кісіге тесіле қарау әдетінде жоқ. Сыншыл назарында байыптылық басым. Күлкісі сараң. Аздап жымиғаны қойындасқан қосағына көрсеткен назы еді. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне ықыласы үнсіз ұғы­ныспен тынады. Ыржалақ-қыл­жалағы аз жұбай­лық жарасым бұларды естияр­лыққа бейімдеді. Отағасы қамшы саптап отырып өткен жағдайды есіне алды. Күйеушілеп барғанда, қалыңдығының жақындары: «Кигені шекпен екен, ұстағаны кетпен екен», деп кекеткенде, құда түсе келгендердің жөн білетіні: «Шекпен кисе, елге жақындығы, кетпен ұстаса, жерге жақындығы», деп сөз ығытын тауып кеткен-ді. Жиренше кетпен-шотты ыңғайлады. Хан сара­йына жам отын дайындау мұның міндетінде. Қасына әлді жігіттерді алып отын шабуға кіріскен. Бір жетінің мұғдарында отын дайын болды. Ша­былған отынды сарайға жеткізіп берген күндердің бірінде,ол хан алдына барды. Қабағы салыңқы сұлтан бурадан шығарды ілікті. «Сары тентек» бұрынғы әдетін ұмытқан-ды. Шөккен қалпында маңқиып жатады да қояды. Сарайдан көз жазып, ханды танудан қалған. «Бураға ненің салқыны тиді? – деді хан түйешіге суық тесіліп. – Киелі екенін біле тұра, сойыл көтергенің қалай?» – Біреуді бурадан арашалап қаламын деп қолым бата тиіп еді, – деді түйеші сөздің расына көшіп.  –Іші боқты, сырты түкті хайуанға бола жазықты қыл­саңыз, басыма азаттық беріңіз. – Бұғаулап ұстайтын құл емессің. Кетем десең, жолың ашық. – Хан түпкі ойын білдірді. Қалыңсыз қатын алғанда сондайсың. Киелі жануарды мертік­тіргенің үшін ат-шапан айып төлейсің. Оны ауыр­сынсаң, айыбыңды жылқы бағып өте... Жиренше жылқы бағуды орайына келтіргенде, қыстың амалын алдын ала болжайтын есепшілігі зая кетпеді. Бала күнінен қалыптасқан дағдысы бойынша малды түстеп жоқтайды. Қарамағына тиген бір қос жылқыны жауға алдырмай, үргін-сүргінге ұшы­рат­пай қыстан аман алып шықты. Осындайлық малсақ шаруақорлығына қоса ел ішінде ханның жылқы­шысы «таңдайынан шаңы шық­қан шешен екен» деген сөз тараған. Қар жастанып, мұз төсенген жылқышы қара қостан жалыққанда, қыстауда отырған ауылдарды жағалайды. Бел шешіп жан шақырған Жиренше домбыраны қоңырлата шертеді. Күй тілімен өткен-кеткенді біраз қаузап тастаған соң, замана зобалаңынан аңыз өрбітеді. Қолындағы домбыраны інгенше боздатып-боздатып алады да, үй иесін тыңдайды. «Не сұм­дығының барын білмеймін, біздің төңіректе ұрлық үдеп тұр», – деп бишікеш отағасы қонағынан сыр тартқанда, Жиренше қашанғы тапқыр сөйлейтін әдетімен: « Бірлігі жоқ ауылды ұры басынады», деп былқ еткізді. Отағасы то­сыл­ды. Жалба тұмақ жыл­қышыдан сөз асыра ал­м­ағанына қиықтанған ол қо­нағын қа­сақана шырғаға тартып, мүлт кетірудің амалын қарастырды. – Бұрынғы үлкендер кішіні жазғырғанда «қасиетсіз» дегенді ауызға алушы еді.Соның мәнісі не»? – деді Қонақ іркілмеді. – Жігіттен қасиет кетерде, еріншек тартады, аттан қасиет кетерде жеріншек тартады. – Елден ынтымақ кетсе ше? – Онда еркегі сал бөксе, қатындары май бөксе. Байлары сараң, мырзасы тараң. Қыздары жыртақай, келіндері тікбақай келеді. Ұл-қызынан ұят кетеді, тұғырдағы құсынан қияқ кетеді. От­басына ұрыс кіреді, ағайын-туыстың арасына бүлік кіреді. Тауларынан жуа кетеді, кәрісінің аузынан дуа кетеді. Бала әкесін тыңдамайды, іні ағасын сый­ламайды.Жақыныңнан жау шы­­ғады,болмашыдан дау шығады. – Жөн айтасың, қонағым, – дейді сыншыл отағасы. – Елге ие сұлтандарға не айтар едің? – Ханға бергісіз қараша бар, кілемге бергісіз алаша бар. – Жиренше үлкендерден ұққан сөзін да­мытады. – Ел ұстаған көсемнен бедел кетерде, қарашамен қас болады, биде әділдік қалмаса, қайы­рымсыз қарау баймен дос болады. – Сөз біледі екенсің, жігітім, – дейді үй иесі, – Боса да айтылып қалды. Кішілерге ғибрат болсын.Қа­сиет қайтсе орнығады? – Жерге қасиет қо­нар­да, тасты жарып шөп шығады, елге қасиет қо­нарда, үлке­ніне кішісі құдайындай құлдық ұра­ды, – деп бір өтті. – Ұлы­ғы қарашамен санаса біле­ді,болар бала жақсы­мен жанаса жүреді. Адам­да­ры ынсапты қа­на­ғат­шыл, жасы көпке үйір жама­ғат­шыл. Еркегі шаруақор табысқой, ұрпағы ел­жанды намысқой. Әйел­дері ер сыйлайтын ізетті, жігіттері жау қа­шыратын жүректі келеді. Жиреншенің басқан-тұрғаны ордаға жіңішкелеп жетіп жатады. Сонымен қабаттаса Қарашашты да сөз қылады. Көркіне мінезі сай екен деседі. Бір жаманға телінгені-ай деп және мүсіркейді. Бидің ерке қызы атанған ол ұстағанына тұтқыр пысық­тығымен көзге түсе бастаған-ды. «Пай-пай қабағы-ай, дәмдеген тамағы-ай!» деп таңырқасады үлкен-кіші. Әсіресе, ол қымызға бап. Қара сабаға иелік етті. Төре сусынның бабын келістіретін әйелдерді қа­сына алып, қымызды жалықпай баптады. Бес биенің терісінен жасалынған қара сабадағы сары қымыз ордаға тоқтаусыз жөнелтіліп жатты. Осы екі ортада, арнайы бағымдағы ханның Ақбозы қолды болып, ауыл-аймақта дүрлігіс бас­талды. Сұлтанның төл атына Жиренше көз болуға тиісті-тін. Ақбоз үшті-күйлі жоғалды да кетті. Атқа жауапты Жиреншені сарай қазынашысы тергеді. «Хан бұйрығы солай. Ордадан шеттетілесің», – деді ол. Жиренше ханның оң қолы саналатын қазына­шымен тәжікеге бармады. Бейнетінің төлеміне тиетін адал ақымнан қағылармын деп тартынды. Алты қос жылқыдан бір бие иеленерде, Қарашаштың көзі боз биеге түсті. Жылқылы ауылдан жырылып қалған соң, тау қолтығына қос тіккен-ді. Қойнауында арқар-елігі қойша өретін қашанғы кәрі тау иен жатыр еді. Жиренше дауыл жығып кеткен үйдің сүйегін құрап, уық-керегені бекемдеді. Домбалдап жоқтан бар жа­сады. Қарашаш үзік-туырлықты жамап жасқады. Ерлі-зайыптыларда артық сөз жоқ. Бір-бірін қабақпен ұғысады. Бұлар аса елегізе қоймады.Жоқ іздегендер соғып өтеді. Арнап келетіндер де бар. Қарашаш ешкінің сүтінен айран ұйытады. Боз бие төрт-бес сауғанда торсықты толтырады. Бір жаман жері, жиі-жиі кісінеп үйірін іздейді. Шұрқырағаны әлемет, тау-тасты жаңғырықтырады. Жиренше «арқар соқпаққа» қақ­пан құрып тастады. Тобылғының түтініне ысталған аң еті келімді-кетімдінің аузынан қалады. Сондай отырыста әңгіме тиегі ағытылады.Үй иесі суыры­лып кетуге жоқ, қисынды жерде сөз қыстырады. «Ағайынды үшеу еді, – деді келген кісі ауыр күр­сініспен. – Әкеден қалған дәулетті бөлісе алмай бастары қатты. Ханның алдына да барды. Қазының бітімшілігіне құлақ тосты. Үлкендерге жүгінді. Бәтуаға келетін түрі жоқ. Еншіге бола бір-бірімен кек қуысып кететін түрі бар. Ет жақын туысқаны едім. Маған да тоқтамады. Ел сені аузының дуасы бар дейді. Соған араағайындық көрсетсең қайтеді. Жиренше торыны желқомдап жолға шықты. Ханның оң қолы сарай қазынашысы жауыр торыны бұған бұйырып бергенде: «Сені жұрт беделді деп әлдеқандай қылады. Халыққа керек адамсың, жаяу жүрме» – деп кекеткен-ді. Торының жүрісі түзелге­німен, иесінде көңіл жоқ. Ордадан жырылып, елсізде қалған қара шаруа билікке араласқанда ел алдына шыға ма? Ішінде бір дүмпу бар. Сондай ширығыста тапқыр сөйлеп кетеді. «Ат сүріншек болса, ненің белгісі? – деді өзін жапсарлас ауылға бастап келе жатқан жүргінші жауыр торының жүрісіне қарата. «Жорға сүрінсе, жүрісі түзеледі, итіншек сүрінсе, жалы күзеледі», – дей салды. – Ер сүрінсе не болғаны? – деді серіктесі Жирен­шенің тапқырлығын қызық көріп. – Ер еңселесе, ез басынады» – деді еш іркіліссіз. – Бауырластықтың кілті неде? – Татулық болмаған жерде туысқандық айтарға ғана. Туыс туыс емес, сый­лас­қан туыс! ...Ағайынды үшеуді тыңдап болған соң, Жиренше өз байлауын айтты. «Сынақ берем сендерге, содан сүрінбей өткеннің бәсі артады, – деді салқын райда, – Асауға бұғалық салып, әркім өзіне тиесілі жыл­қыны матап шығуға тиісті.» Үлкендері атқа жөндеп отыра алмайтын әйен­шектің нақ өзі екен. Кішісі қашағанды құрық­тауға икемсіз. Ортаншы ғана төтеп берді сынаққа. Жиренше кесімін бірден айтпай, алыстан орағытты. Ескілікті сөзге сүйеніп: «Отынның қа­дірін шапқан біледі, малдың қадірін тапқан біледі.» Билік менен болғанда, тоқтам сендерден. Әке дәулетін молықтыруға жәрдемшілік көрсет­кеннің мерейі үстем шықты. Ноқтаға иелік ортаншыға тиемел. Сол не бұйырса, соған тоқтай­сыңдар, деді шорт кескендей етіп. Ол іле кері қайтты. Кісі үйіне қонбайды.Ұйқысы ашылып кететін әдеті бар.Қара қоста ғана алаң­сыз тынымдайды. Сондай бел шешті бейбіт тыныста: «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», – деп шүкіршілік етеді.Жауыр торы сау аяңдап келеді. Түн көзге түртсе көргісіз қараңғы. Орта жолдан аса бергенде, құлағына боз биенің азандаған ащы үні жетті. Сөйткенше болмады, үздік-создық кісінеп шұрқы­раған қалың жыл­қының тұяқ дүсірі төңіректі дүбірге толтырып жіберді. Жылқы нөпірі ентелеп кеп қалғанда, Қарашаш арқандағы бозды үй сыр­тындағы мама ағашқа байлап үлгерген еді. «Қайт-қайттап» сойыл сіл­теген­дердің қарамы мол көрінді. Жалғыз үйді қоршалаған мың сан тұяқ тегеурінді қолдағы құрықтан ығыса серпіледі. Қыр аса беріп кейін қарай лықсиды. Жылқы қуғандар жаушы-жа­ламда ілікке себепкер боз бие екенін сезбеді. Кәрі биенің шұрқыраған етене үнін соқыр түйсік­пен қабыл­даған жануарлар қуғыннан қаса­рыса жалтарып, қуғыншыларға бой бермеді. Хан орда­сының жылқысын ал­ғандар іргеден сығалаған жат жұрт­тың бас­қыншылары еді. Жылқы бері қаша­ды, қуғыншылар әрі қуады. Ала-шапқын дүр­лігіспен жүргенде, күз таңы белгі берді. Хан ордасының сойылшылары сайланып шықса керек, сарт-сұрт сабаласта жау жағы бас амандауға мәжбүр болды. Үй жығылып қалған еді. Жылқы тұяғына тапталған уық-керегенің күл­пар­шасы шыққан. Орда жасақ­шылары: «Кімсіңдер, айдалада не қып отыр­сың­дар?», деп жөн сұрауға да жарамады.Қара­шаш еріне қарады, ері жерге қарады. Боз бие болса үйірін тапқан. Жылқы тұяғынан аман қалған жалғыз жағалдың сүті көжеге қатық. Арқар еті тіске талғажау. Қыс аяғы созылып кетті. Наурыздың май бораны мал баққан шаруаға жайсыз тиді. Ат үстіндегі жорықшы, ел аралған билікші, қостап жылқы баққан малшыны қыспаққа алды. Адасқан жолаушы жалғыз үйге кеп жан шақырады. Боран толастаған тұста, тыстан тықыр білінген. Жиренше сыртқа шыққанда, аз ғана нө­ке­рімен жолаушылаған хан аттан түсіп жатты. Бітімшілікке барып, ел арасының дау-дамайын байыздатқан сұлтан ордаға қайтар жолда бұрыс кетсе керек. Аласа құжыраға амалсыздан бас сұққан жүргін­шілер біразға дейін үнсіз отырысты. Ортаға ас келді. «Сөйле Жиренше! – деді хан ыстық тамаққа бойы жылынған сәтте. – Сен шығандайсың, мен адасамын. Бұл ненің жорал­ғысы?! Жиренше әншейінгі сабырлы қалып­та:«Жауда да бір үйің болсын», демей ме атам қазақ. Жалшысы жұртта қалса, байды құдай ұрғаны, ақылшысы сыртта қалса ханды құдай ұрғаны», – деді сөзіне салмақ түсіре. Орда көсемі тұнжырады. Сарайда тақта отырса бір сәрі, үй иесімен тәжікелесіп не тын­дырады. Шаш ал десе бас алатын көмекшісіне «бәрін бүлдірген сенсің»дегенді суық сұғымен аңғартты. Қарашаш ас қамдаудан босамады. Ері тұрған­да сөзге киліккенді орынсыз көрді. «Жолаушы адасса, астындағы атының соры, хан адасса, қара­мағындағы қарашаның соры», деп айта жаздап өзін зорға тежеді. Арқар терісінен тіккен ықшам тонды ханның иығына жапқанда, сұлтан жадырады. Орданың қалың жылқысын жаудан айырып қалуға себепкер болған Қарашаштың алысты болжаған тапқырлығына сүйсініс білдірді. «Әйел алса, Жиренше алсын!»деп көтермеледі құрдасын. *** Жаз шығысымен ордаға ірге қосқан-ды. Ханның бұйрығымен оған қазылық міндет жүктелген. Онда жүріп талай дауды шешті де. Бірақ көңіл бір көтерілмей-ақ қойды. Қабағы түсіп жүдеңсіген оған: «Шеш шекпеніңді! – деп бұйырды хан бір жолы. – Сарайдан сендік киім табылады». «Төреңізге құлдық! –деді Жиренше қолын кеудесіне қойып. – Сауыт кұрсанып батыр болмаспын, торқаға оранып сұлтан болмаспын. Шекпендіге шен қонбайды. Маған азаттық бер , тақсыр». – Қайда кетпексің? – Ел ішіне. Әмірші дағдарды. Сырғытпаға салды. Дауға араласпай, өзіңмен өзің бол деп кеңшілік жасады. Орданың қасаң тәртібіне көндіге алмаған Жиренше сарындауын жиілетті. – Сондағы ілігің не? – деді хан шарасыз тоқырап. – Тордағы бұлбұл болғанша, иен даланың тұрғыны болғаным қайырлы, – деді ол тікесінен. – Маған баға берші, – деді сұлтан оны мүлт кетірудің амалымен. – Бағаны халықтан аласың, – деді Жиренше. Хан рұқсат берді амалсыздан. Жиренше мен Қа­рашашқа: «Қалаған-сұрағандарың болса ай­тың­дар. Қолдарыңды ешкім қақпайды, – деп кең­ші­лік жасады. Сарайдың қызыл аяқ, ақ күмісінен ер­лі-зайыптылар сабақты ине де алмады. Хан бұйырып берген тарту-таралғыны қалдырып кетті. Ел ішіне барып қос тіккен-ді. Жиренше көсіл­генде, аяғы қостан шығып жатты. «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», деді ол сол кезде еркін тыныстап. Өмір КӘРІПҰЛЫ, жазушы. Қарағанды облысы. Суретті салған Молдахмет КЕНБАЕВ.