22 Шілде, 2011

Шегіртке шепті бұза алмайды

958 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы кездері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанға зиянкес шегірткелердің шабуыл қаупі төніп тұр дегендей ақпараттар таратылуда. Мұндай жәндіктер шабуылының егістіктер мен онда өскен астық және басқа дақылдар үшін қанша қатерлі екендігін еліміз осыдан біраз жыл бұрын жақсы сезінген болатын, оны халық та ұмыта қойған жоқ. Сондықтан осы мәселенің мән-жайын және аталған істе қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын білмек болып Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциялар комитеті төрағасының орынбасары Мұхтар Әлиевті әңгімеге тарттық. – Мұхтар Серікұлы, еліміз үшін шегірткелердің қандай түр­­­лері қауіпті және олардың тара­лым деңгейлері қандай? – Қазақстанда шегіртке тектес зиянкестердің 270-тен аса түрлері мекен етеді. Алайда осылардың ішінде тек 10-15 түрі ғана астық пен техникалық дақылдардың, көк­­­­өніс, бау-бақша егістерінің, мал жайылымдарының және ша­бын­дық жерлердің аса қауіпті зиянкестері болып табылады. Шегірткелер үйірлі және саяқ тектестерге бөлінеді. Соның ішінде үйірлі шегірткелер аса қауіпті зиянкес ретінде бағаланады. Енді қазіргі күннің жағдайына келетін болсақ, Қазақстанда 2011 жылы шегіртке тектес зиянкес­тер­дің үйірлі түрлерінің дамуы мен таралуы 1927,4 мың гектар аумақ­­­ты құрайды деп болжанған еді. Соның ішінде, италиялық прус – 1470,65 мың гектарда, азия­­­лық шегіртке – 382,92 мың гектарда, ма­рок­колық шегіртке 73,83 мың гектарда өркен жаяды деп болжанған болатын. – Енді осы болжамға байла­­­нысты қолға алынған жұмыс­тар бар болар? – Әрине, бар және ол жұ­мыс­тар белсенді түрде жүргізілуде. Жоғарыдағы болжамдарға сәйкес зиянкестердің таралуының алдын алудың тиісті шаралары белгіленді. Атап айтқанда, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің тиісті құ­рылымдары арқылы қажетті кө­лем­де пестицидтер сатылып алы­нып, жоспарланған аудандар бой­ынша оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жұмыстары уақты­лы ұйымдастырылды. Бүгінгі күні марокко шегірткесінің ұялары мен жұмыртқаларына қарсы хи­миялық өңдеу жұмыстары толық аяқталды. Осы бо­йынша 83,83 мың гектар жер өңделді. Ал италиялық прустың жұмыртқаларына қарсы химиялық өңдеулер аяқтауға жақын. Ағымдағы жылы италиялық прусқа қарсы өңдеуге жататын жос­парлы алаң көлемі 1 453,41 мың гектарды құ­раса, бүгінгі күні оның 1 451,4 мың гектарында жұмыс аяқталып, өңдеу жұ­мыстары қалған бөлігінде жалғасуда. Сонымен қатар, азиялық кеміргіш шегірт­кенің жұмырт­қаларына қар­сы өңдеуге жататын 339,96 мың гектарды құрайтын алаңның 325,32 мың гек­тары өңделді. Жалпы айта­тын болсақ, бүгінгі таңда шегіртке тектес зиянкестерге қарсы жүргізілуге тиіс химиялық өңдеу жұмыс­тары жоспарланған жалпы алқаптардың 96,5 пайызын­да аяқталды. – Химиялық өңдеу жұмыстары қандай тәсіл­дер және құрал-жаб­дық­тар ар­қы­лы жүргізілуде? – Шегіртке тектестерге қарсы химиялық өңдеулер жүргізуге 72 агрегат, соның ішінде 22 ұшақ пен аса жеңіл авиация құралдары (дельтопландар), 15 атомайзерлік бүріккіштер (УМО), 35 жер үсті бүрку техни­касы мен газогенераторлар жұмылдырылған. Шегіртке тектес зиян­кес­тердің үйірлі түрлерімен күрес жүргізу жөніндегі іс-шаралар (инсектицидтерді сатып алу, оларды тасы­малдау, сақтау және қол­дану) республикалық бюд­жет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу аса тиімді инсектицидтерді қолдану арқылы жүр­гізіледі. Өткізілген қорғау және қауіпсіздік іс-шараларының нәти­жесінде ауылшаруашылық дақылда­рының егіс алқабы әзірге зиянкестерден аман тұр. Мұның сыртында алдын-ала жаса­лынған келісімдерге сәйкес Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан Республи­касы ауыл шаруашылығы министрліктерімен елдердегі фитосани­тарлық ахуал және жүргізілетін қорғау іс-шаралары туралы ақпа­раттар алмасу жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі күні шекаралас аудан­дардағы ауылшаруашылық егістік­терінің залалдануы, сондай-ақ шегіртке тектес зиянкестердің шекаралас аумақтарға ұшып-қонуы анық­талған жоқ. Алайда ағымдағы жылы шегіртке тектес зиянкестердің саяқ түрлерімен күресу өзекті мәселе болып тұрған­дығын айтуымыз керек. Олар жаппай таралған және жаппай таралу кезінде үйірлі шегірткелерден кем емес зиян келтіре алады. Олардың негізгі өмір сүру орны ауыл шаруашылығы егістіктерінің және жайылымдардың маңы болып келеді де, жем іздеу барысында олар алқаптарға ауысуы да әбден мүмкін. – «Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді халқымыз. Егер оқиға орын ала қалған жағдайда одан, яғни саяқ шегірткелер шабуылынан егістіктерге қандай қатер келуі мүмкін. – Ғалымдардың пікірі бойынша, шегіртке тектес зиянкестердің саяқ түрлері ауыл шаруашылығы және жа­йылымдық өсімдіктердің 10-12 ден 45 пайызға дейінгі фитомассасын жоюы мүмкін және шегірткенің саяқ түрлерінің жоғары деңгейде таралуы жағдайында жаздық бидайдың түсімінің төмендеуі гектарына 1,0-1,6 центнерге дейін жетуі де мүмкін. Сондықтан осы зиянкеспен күрес мәселесінде негізгі жауапкершілік жүктеліп отырған жергілікті билік органдары мен шаруалардың, тауар өндірушілердің кенеттен болатын қатерге барынша бекем болғаны жөн. Ал біз өз тарапымыздан алдын-ала сақтық үшін барлық шараларды қарастыру үстіндеміз. Осы жылы шегіртке тектес зиянкестердің саяқ түрлерінің дамуы мен таралуы 884,67 мың гектар аумақты құрайды деп болжанды. Тексерілген 2 104,8 мың гектар алаңның шегіртке тектес зиянкестердің саяқ түрлеріне қарсы өңдеуге жататыны 527,6 мың гектарды құрады. Бүгінгі күні оның 229,6 мың гектары немесе 43,5 пайызы өңделді. Олардың ең көп таралу алаңы Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарына келеді. Шегіртке тектес зиянкестердің саяқ түрлерімен күрес жергілікті бюд­жет және шаруашылық жүргізу субъектілерінің қаражаттары есебінен жүзеге асырылады. Демек, шегіртке тектес зиянкестердің саяқ түрлерімен күресте жергілікті билік органдары мен шаруашылық жүр­гізуші субъектілерге ерекше жауапкершілік жүктелетіндігін тағы бір еске саламыз. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.