Қостанайда бүйрек ауруының зардабын шегіп жүргендер аз емес. Адамның тіршілік кешуінің бір кілті болып саналатын бүйректің ауыр сырқатын асқындырып алғандар тіршіліктен қол үзіп қалмау үшін облыстық ауруханадағы арнайы аппараттан аптасына екі-үш рет гемодиализ емін қабылдайды. Ауруханада «жасанды бүйрек» аппараты бесеу ғана. Ал статистика облыста бүйрек ауруына шалдыққандардың саны өсіп келе жатқанынан хабар береді. Қазір облыстағы әр 800 мың тұрғынның арасынан жүзге тарта адам бүйрек ауруымен ауырады, сондықтан олар осы гемодиализ еміне зәру екен. Жақында Қостанай қаласында Ақтөбедегі Bios медициналық орталығының филиалы ашылды. Бұл гемодиализ орталығы тек науқастарды ғана емес, облыс дәрігерлерін де қуантып отыр. Онда сырқаты жанына батқан ауруларға ем жасайтын заманауи алты аппарат бар. Ем алу кезінде аурулардың жағдайын дәрігер және екі медбике бақылап отырады.
– Аппарат әр науқастың сырқатына қарай бейімделіп, оның жағдайын мүлтіксіз бақылайды. Төсек жанына бекітілген монитордан науқастың қан қысымы, денсаулығының қалыптылығын білдіретін басқа да көрсеткіштер көрініп тұрады. Егер аурудың халі нашарлап кеткен жағдайда жансақтау палатасы бар. Бір ауру гемодиализ емін төрт сағат алса, алты аппаратқа бір мезгілде алты адам аламыз. Сонда үш ауысымда 36 адам бүйрегіне ем алады. Егер бұл аз болып жатса, қосымша тағы екі аппарат қоямыз, дейді гемодиализ орталығының директоры Вадим Антонец. Оның өзі нефролог және токсиколог дәрігер екен. Сондықтан маман дәрігердің науқастарға берер кеңесі де мол. Ақтөбеліктердің ұсынысына Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы да ынта білдірді. Ауру азабын шеккендер тіпті риза.
– Бүйрек ауруының осы ауыр түріне шалдыққандардың көбі о дүниелік болып кетті. Мен шыбын жаным үшін жылда шет елге баратынмын. Мына жаңа орталықтың қызметі еуропалықтарға жақын екеніне сенгім келеді. Ең бастысы, дәрігер білікті болсын деңіз, дейді науқас Нелли Гольченко.
Мамандардың айтуынша, Bios медицина орталығындағы аппараттар бүйрегі жұмысын дұрыс атқармайтындардың өмірін 20-25 жылға созады. Бұл өмір үшін ажалмен алысып жүргендерге аз олжа емес. Науқастар осыған шүкіршілік етіп отыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай.