Елбасының Жарлығымен Алматы облысының әкімі болып тағайындалған Аңсар Мұсахановтың қызметке кіріскеніне 100 күн болыпты. Орайы келгенде облыс басшысынан жауапты қызметтің алғашқы айларында атқарылған жұмыстар туралы әңгімелеуін өтінген едік.
– Аңсар Тұрсынханұлы, «Егеменнің» тұрақты оқырмандарына иыққа түсер салмағы зор жаңа жұмыстағы 100 күндегі алғашқы әсеріңіз жайлы ой бөліссеңіз.
– Айтқаныңыз орынды. Жауапкершілік жүгі қашанда ауыр. Десем де, қарбалас жұмыспен жүз күннің қалай өтіп кеткенін байқамаппын. Үлкен сенім, жоғары жауапкершілік жүгі иығымда тұратынын да жасырмаймын. Еліміздің аса маңызды өңірлерінің қатарындағы Алматы облысын басқару оңай емес. Жер жәннаты Жетісу экономикасы дамыған, бай табиғатымен, қайраткер тұлғаларымен танымал өңір. Былайша айтсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кіндік қаны тамған киелі жер. Халыққа адал қызмет ету мен сенім үдесінен шығуда бар қажыр-қайратымды, білімім мен тәжірибемді жұмсаудамын.
– Қоғам мен мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметкерлерге ерекше сенім білдірілген. Олардың адамгершілік, моральдық қасиеттеріне де жоғары талап қойылады. Осының бәрі басқару тәсілінде ерекше назарда болуы тиіс. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Қай кезде де жұмыстың табысты, жүйелі болуы кадрларға байланысты болған. Қазір де солай. Бұған дейін осы өңірде қызмет атқардым, елмен етене араластым. Осыдан да істің жайын білетін тәжірибелі әріптестеріме арқа сүйеймін. Ал, жастарға сенім арту, үйрету аға буынның абыройлы ісі ғой. Бастысы, басқару экономиканы әртараптандыру мен өркендетуге, облыс халқының әл-ауқатын арттыруға барынша мән берілуімен бағаланады. Сонымен қатар қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық қоғамды дамыту, бәсекеге қабілетті білім беру мәселелеріне бағытталған қажеттіліктерді қамтамасыз етуде деп ойлаймын.
– Аудан әкімдіктері мен басқармалар құрамында кадрлық өзгерістер болып, ауыс-түйіс орын алды. Жаңа тағайындалған аудан, қала әкімдеріне, облыстық құрылымдар басшыларына жүктелер міндет жайлы да айта отырсаңыз.
– Кадрлық өзгеріс болды әрі оның болуы қалыпты үрдіс деп ойлаймын. Ең бастысы, кадр таңдау мен тағайындауда қателеспеу керек. Сондықтан, алдымен, өзіңіз айтқандай, әрбір мемлекеттік қызметшінің білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті, моральдық-этикалық бейнесі басты назарға алынатыны анық.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауларындағы «Қазақстан – 2030» Стратегиясындағы, мемлекеттік бағдарламалардағы, Үкімет қаулыларындағы тапсырмаларды орындау барлық деңгейдегі әкімдерге міндеттеледі. Бұл тұрғыда тұрғындардың тұрмыс деңгейін тұрақты көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықты азайту, көмекке мұқтаж жандарға, әсіресе, ардагерлерге толыққанды әлеуметтік қолдау көрсету, білім беру мен медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, спорт пен туризмді, мәдениетті дамытуға көңіл бөлу тәрізді бірқатар маңызды салалардағы түйінді жайларды атап өтуге болады.
Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, салт-дәстүр, ұлттық мәдениетіміздің мәйегін сақтау жұмыстары да осы қатарда. Жалпы, ортақ мақсатымыз Президенттің барлық тапсырмаларын қалтқысыз жүзеге асыру, нақты нәтиже шығаруда бар күш-жігерді жұмсау. Бұған қосарым еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексіндегі ережелерге аса байыппен қарау, міндетіне адал, еңбек тәртібін сақтау қажеттігі естен шықпауға тиісті.
– Жауапты қызметіңіздегі негізгі мәселелерді айқындап, басым бағыттарын белгілеген боларсыз?
– Әрине, қызметке кіріскеннен қолға алған алғашқы жұмыс та осы болды. Халықтың жағдайынан асқан күрделі мәселе жоқ. Оларды шешу экономиканың өркендеуіне тәуелді екені белгілі. Оған басымдық беріп, өндірістің дамуы мен шағын және орта кәсіпкерлікке, жаңасын ашқандарға қолдау көрсетуді алға қойдық. Десек те, шешімін күткен күрделі мәселелер жеткілікті. Ол үшін аймақтардағы жағдайды көзбен көріп, танысу мақсатымен бірқатар аудандарды жұмыс сапарымен араладым. Жұртшылықпен пікірлестім.
Күрмеуі шешілмеген мәселелер қатарында елді мекендерді ауыз сумен, үздіксіз электр жарығымен, балабақшамен, тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы бар. Автокөлік жолдарының сын көтермейтіні туралы өтініштер де айтылды.
Өңірді дамытудың басым бағыттары жайлы айтсақ, алдымен, агроөнеркәсіптік кешенді, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы мақсатты жұмыстарды жүзеге асыруға, туризмді табысты салаға айналдыруға көңіл бөлу қажет.
– Жетісу – аграрлы аймақ. Салаға жете көңіл бөлінетінін жоғарыда айттыңыз. Енді қандай нәтижелерге қол жеткізу көзделуде?
– Қазіргі кезде жетекші салада қол жеткен табыстар атап айтарлық. Бүгінгі күні ел байлығы астыққа орақ түсті. Малға қажетті жем-шөп әзірлеу де қатар жүргізіліп келеді. Облыс бойынша 391,0 мың гектар масақты дәнді дақылдардың 82,1 мың гектары орылып, әр гектардан 20 центнерден өнім алынуда.
Диқан қауымының көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қажетті жанар-жағармай мен басқа да тауарлық құндылықтардың құнын арзандатуға 1289,2 млн. теңге субсидия бөлініп, қаражат кестеге сәйкес игеріліп келеді.
Төрт түлікті өз төлі есебінен өсіру, асылдандыру бағытындағы жұмыс та нәтижелі. Мемлекеттің жан-жақты қолдауы арқасында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жылдан-жылға жиналған өнім көлемі мен сапасы өсіп, еңбек өнімділігі арта түскен. Сандық көрсеткіштерді тізбелеп айтпағанның өзінде жақсы табыстарға қол жеткізілгенін атап айтуға болады. Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған бірқатар жобалар осының жарқын айғағы.
Елбасының тапсырмасымен Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін құру мақсатында үш жылға жуық уақыттың ішінде қала маңында 20 жоба іске қосылса, құны 29 млрд. теңге болатын 28 жоба жүзеге асырылу үстінде. Бұл жобалар сүт және ет, кондитерлік өнім шығаратын, майлы дақылдарды өңдеуге бағытталған кәсіпорындар қатарының көбеюіне мүмкіндік берді. Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын жыл бойы көкөніспен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі жылыжайлар мен көкөніс сақтау қоймаларын салу арқылы шешімін табуда. Облыста бүгінгі күні 454 жылыжай жұмыс істесе, 104 жылыжайдың құрылысы жалғасуда.
Мал тұқымын асылдандыруға барынша көңіл бөлінген. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде етті бағыттағы ірі қара малын өсіруге ден қойылып, ірі қара етін экспорттау әлеуетін арттыру мақсатындағы жұмыстар жалғасын тапқан. Бүгінгі күні жоба қатысушысы болып 813 заңды тұлға белгіленсе, оларда 43,6 мың аналық бас ірі қара бағылуда. Балқаш ауданындағы «Динар Ранчо» асыл тұқымды шаруашылығы канадалық 1350 бас герефорд тұқымын сатып алды. Және шаруашылық осыншама қазақтың ақ бас сиырларын өсіріп отыр.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы жекешелендіру кезінде әркім өзінің шағын шаруашылығының жайын ойлаған шақта ұмытылған малшылар слетін өткізу дәстүрін қайта жаңғырту қажет деп таптық. Қиыр қонып, шет жайлаған малшылардың тыныс-тіршілігін, жайылым жағдайын, жетістігі мен шешілуге тиісті қандай мәселелері бар екенін зерттеу үшін мұндай басқосу жайлау төсінде жалғасуда.
Жетісу жері дәмі тіл үйірген алманың отаны, әлемдегі барлық алманың түп мекені деп тегін танылмаған. Қазіргі кезде «Alma Prodex» серіктестігі құны 158 млн. теңгеден асатын интенсивті технологиялы бақ құру жобасының бірінші кезеңін аяқтады. Италия, АҚШ, Голландия, Түркия елдерінің өнімділікті бау-бақша өсірудегі интенсивті озық тәжірибелері аталмыш жобаға негіз болды. Осылайша жеміс бақтарын қалпына келтіру тиянақты іске асырылу үстінде.
Қабылданған шаралар өндірілген азық-түлікпен жергілікті халықты қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Енді кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкелерін жиі өткізу, жаңа коммуналдық және көтерме базарлар, тұрмысы төмен отбасыларына арналған әлеуметтік дүкендер ашу арқылы азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, тауар өндірушілерге қажетті көмек көрсету жұмыстары жалғастырылуда.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауыл шаруашылығының қорытындысы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда біршама өскенін байқатты. Демек, жылды жақсы жетістіктермен аяқтауға барлық алғышарттар бар деп нық сеніммен айтамыз.
– Биылғы Жолдауда айтылған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалуына да тоқтала кетсеңіз.
– Әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне екпін берген құнды құжатта үдемелі экономикалық даму міндеті алға қойылды. Осы орайда биыл облыста құны 8,1 млрд. теңге болатын 8 инвестициялық жоба пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар, республикалық жоба ретінде Мойнақ ГЭС-і мен Жетіген – Қорғас темір жол желісінің құрылысын да атап өтуге болады. Осы екі жоба өңірдегі индустриялық серпіліске негіз болады.
Биылғы бірінші жартыжылдықта құны 4,3 млрд. теңгелік 5 нысан іске қосылды. Олар – премикстер мен концентраттар шығаратын, «Хундай» кәсіпорнының жүк көліктері мен автобустар құрастыратын, асфальт дайындайтын, «Байсерке Агро» сүт өнімдерін өндіретін жаңа кәсіпорындар.
Биылғы 4 шілде күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей телекөпір байланысында «Соник Компаниясы» серіктестігінің профильді құбырлар шығаратын зауыты іске қосылғанын білесіз. Екінші жартыжылдықта құны 3,8 млрд. теңгелік 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар Қазақстанда бұрын-соңды өндірілмеген қорғасын-қышқылды аккумулятор батареяларын шығару, көлемі 3,65 гектарлық жылыжай құрылысы және ірі ет өңдеу кешені. Барлық 10 жоба іске қосылғанда аймақта 3 мыңнан астам адам жұмыс орнымен қамтылады.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында облыста «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы да жүзеге асырыла бастады. Халықпен жұмысты жандандыру үшін аталған бағдарлама аясында 1 шілдеден облыста 19 жұмыспен қамту орталықтары ашылды. Оған республикалық бюджеттен 229,2 млн. теңге бөлініп, 221 штаттық бірлік берілді.
Өңірде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні құны 10,1 млрд. теңге болатын 31 жоба қарастырылып, қолдау тапқаны да оң істердің жалғасы деген жөн.
– Әңгімеңізде халықты ауыз сумен, қуат көзімен қамтамасыз ету жайлы айтып өттіңіз. Осы мәселелерді түбегейлі шешу жайын білсек.
– Ауыз су – адам денсаулығының бірден-бір кепілі. Жарықсыз тұрмысты да көзге елестете алмаймыз. Жалпы, облыс бойынша 770 елді мекеннің 510-ы немесе 66 пайызы орталықтандырылған сапалы ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал 251 елді мекенде орталықтандырылмаған жүйе және 9 елді мекенге ауыз су тасымалданып жеткізілуде.
Сумен қамту ісін бұдан әрі дамыту Үкімет қаулысымен бекітілген «Ақбұлақ» бағдарламасында қарастырылған. Жаңа бағдарлама ауылдық жердегі 196 елді мекен мен 5 қаланы сапалы ауыз сумен қамту және 120 ауылды орталықтандырылған су жүйесіне қосу мен орталықтандырылған су жүйесін пайдаланатын халық санын 170 мың адамға жеткізуді көздейді. Қазіргі кезде 48 нысанның сумен қамту жүйелерін қайта жабдықтау құрылысы жүргізілсе, құны 6,1 млрд. теңгелік жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде. Аталған шаралар ауқымында өңір тұрғындарын қажетті мөлшерде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтқан жөн.
Электр жарығы мәселесіне келетін болсақ, облыстағы тұтыну деңгейінің өсуі электр қуаттарын арттыру қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл күрмеуі қиын мәселе инвестициялық бағдарламалар арқылы бірнеше жылдан кейін шешімін тапты, яғни облыста жұмыс істеп тұрған электр жүйесі компаниялары бұл проблеманы шығындарын электр тасымалы тарифінің құрамына енгізу арқылы шешті. Енді алдағы үш жылда аталмыш жүйені дамытуға 4 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген. Оларға коммуналдық меншіктегі және иесіз қалған электр желілерін өткізіп беру жұмыстары жүріп жатыр. Облыста республикалық бюджет есебінен ұлттық электр желілерін модернизациялау бағдарламасымен құны 8,0 млрд. теңге болатын екінші кезеңді жүзеге асыру, сол сияқты 54,3 млрд. теңгелік екі ірі подстансаның құрылысын жүргізу жоспарланған.
Өңірдегі электр энергиясын тұтыну қажеттілігінің өсуіне байланысты 300 мегаваттық Мойнақ ГЭС-інің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына деген қомақты тарту. Сонымен қатар Балқаш жылу электр стансасының құрылысы басталды.
Электр энергиясын өндірудің дәстүрлі тәсілдерінен басқа күн және жел энергетикасын дамытуға көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар энергетикалық тәуелділіктен құтқарып, электр қуатына деген сұранысты 2016 жылға қарай толық өтеуге мүмкіндік береді деп отырмыз.
– Өткен күз бен қыста жылыту жүйесінде тосын жағдай, жылу, ыстық су мен басқа да қажеттіліктерде кемістік болмады. Жетісулықтар алдағы қыста осындай қызметпен қамтылатынына сенімді бола ала ма?
– Халықтың амандығы, отбасының береке-бірлігі жұмысымыздың басты бағыты ғой. Қысқа дайындық ерте көктемнен басталғаны осыдан. Бюджеттік сала мен коммуналдық шаруашылық нысандарының қысқы жылыту маусымына әзірлігін облыс әкімдігі қатаң бақылауда ұстап отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 16,7 млрд. теңге бөлініп, мақсатты түрде игерілуде. Арнайы құрылған комиссия оны бақылау үстінде.
Біріншіден, қазандықтарды жөндеу қолға алынды. Талдықорған қаласындағы біраз уақыт жұмыс істемей тұрған № 3 қазандық қайта жөнделіп, іске қосылады. Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентіндегі орталық қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Тозығы жеткен жылу, су, кәріз желілері ауыстырылып, сұйық отынның, көмір мен мазуттың жеткілікті қоры жинақталуда. Демек, облыс тұрғындарын қыста жылумен қамтамасыз етуде қиындық болмайды деуге толық негіз бар.
– Халыққа көрсетілетін қызмет сапасы көбіне мектеп, аурухана, басқа да маңызды нысандармен толық қамтылуына байланысты. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл бағытта да бірқатар шаралар атқарылуда. Мәселен, облыста республика бойынша алғашқылардың бірі болып «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 10 мектеп жас ұрпақ игілігіне ұсынылса, 4 аурухананың құрылысы аяқталды. Алайда, бұл екі саладағы құрылыс осымен бітті деген сөз емес. Тек, биылғы жылдың өзінде 270 әлеуметтік нысан тұрғызылып жатыр. Жыл соңына дейін соның 170-тен астамы пайдалануға беріледі деп межеленген нысандар қатарында білім және денсаулық сақтау, мәдениет және спорт кешендері де бар. Құрылысы басталған 34 білім беру мекемесінің биылғы жылы 16-сын іске қосу көзделген. Оның алтауы тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. Сонымен қатар облыста жыл соңына дейін 20 ауылдық аурухана мен дәрігерлік амбулатория халыққа сапалы медициналық қызмет көрсететін болады.
– Жан-жақты жетілген, саналы ұрпақ тәрбиелеуде «Балапан» бағдарламасының алатын орны ерекше. Осы орайда бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жайы қалай?
– Қайта құру кезіндегі оңтайландыру барысында мектепке дейінгі мекемелер қысқарғанын білесіз. Оның орнын толтыру соңғы жылдары батыл қолға алынды. Бұл бағытта оң үрдіс байқалады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 7 балабақша ашылып, мыңға тарта балалар тәлімді тәрбиемен қамтылды. Жаңа балабақша салу, иесіз қалған балабақша ғимараттарын және кезінде жекешеленіп кеткен, бірақ меншік иелерінің ұсынуымен мемлекетке қайтарылған мектепке дейінгі 27 мекеме ғимараттарын күрделі жөндеу арқылы жыл соңына дейін қатарға қоссақ деп отырмыз. Жеке меншік балабақшалар ашу үрдісі кең тарала бастады. Көптеген аудандардағы осындай тәрбие орындары жұмысын жалғастырғаны осының дәлелі.
Облыс бойынша мектепке дейінгі мекемелерде 18 мыңнан астам бала кезекте тұр. Бүгінгі күнге мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы 39 пайыз, бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Сондықтан, бұл бағытта әлі атқаратын ауқымды жұмыс жеткілікті. Өңірде 158 балабақша, 445 жалпы білім беретін мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс істейді. Олар 37 мың жас ұрпақты өмірімізге лайықты өрендер қатарында тәрбиелеп, оқытып отыр.
Биыл «Балапан» бағдарламасы аясында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішін 43 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз. Осылайша, балабақшамен қамту ісі жүйелі жолға қойылатын болады.
– Жер жәннаты атанған өңір арқалы ақын, қаламы жүйрік жазушыларымен, мәдениет, өнер қайраткерлерінің молдығымен мақтана алады. Руханият өкілдерімен байланыс орнатудағы жақсы бастама өзгелерге үлгі боларлық еді. Осы үрдістің ендігі жалғастығы қалай болар екен?
– Қоғамға жақсылық әкелетін, ұлтты ұйытатын, мүддесін көздейтін пайдалы жұмыстан кім шет қалады. Елдің игілігі үшін қолға алынған қандай да бір ұтымды үрдістер ұмытылмайды. Қасиетті мекенде өмірге келіп, жасымнан ұлттық тәрбиенің нәрімен сусындап өстім. Қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрлерін, халық даналығын, әдебиет пен өнерді тануыма мол мүмкіндік болғанын да айтқан жөн. Сондықтан егемен еліміздің өркендеуіне қолтаңба қалдыру, жетісулықтарды осы жақсылыққа жұмылдыру мен үшін аса маңызды әрі парызым деп білемін.
Мұзарт шыңның мұзбалағы, поэзия пірі Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейі апта соңында ақынның туған жері Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында өткізіледі. Мерейтойға дайындық барысында ақын мұражайы қайта жасалып, жаңартылды. Мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ауылдың ішкі-сыртқы жолдары қалпына келтірілді. Тіпті, ауыл қайта түледі десем де болады.
Облыстағы басқа мәдени нысандар да назардан тыс қалмайды. Қала мен аудан, ауыл халқының рухани байланысын жақындастыратын аудан, қалалардың мәдени күндерін өткізу 5 тамыздан бастап жалғасады. Әр апта сайын екі аудан өздерінің мәдени бағдарламаларын талдықорғандықтар мен шаһар қонақтарына ұсынады.
– Қысқа мерзімде есіңізде қалған елеулі оқиғалар қандай?
– Мен үшін Елбасының алдында өзге де азаматтармен қатар Қазақстан халқы мен Президентке адал болуға ант берген сәтім мәңгі есімде қалатынын айтар едім. Салтанаттан кейін мемлекеттік биліктің беделін көтеру, ел алдындағы парызды адал атқару, тапсырылған істі орындау туралы Елбасының тапсырмалары жадымда жатталып қалды. Бұдан кейін арқаны кеңге салып, бұрауды босатып көр.
Тағы бір жай Астана қаласындағы «Көрме» ұлттық залында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында облыстағы индустрияландыру картасымен жүзеге асқан нысандардың таныстырылуы да санамнан шыққан емес. Жетісулықтар кездесулердегі тәжірбелі аға ұрпақтың тәлімі де мен үшін қымбат қазына.
Аудандарға сапарым кезінде тұрғындармен кездесуім, «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен жүздескен сәтімнен алған әсерім, ақсақалдардың ақ батасы, елдің тілек-лебізі де қанат бітірді. Жетісулықтар үшін де, мен үшін де маңызды, есте қаларлық қуанышты жаңалықтардың алда да көп болатынына кәміл сенемін.
Облыс әкімі қызметі жоғары лауазым ғана емес, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге, аймақтың гүлденуіне бағытталған қиын да жауапты жұмыс екеніне көз жетті. Құжаттармен жұмыс, түрлі тақырыпта талқыланатын жиындар, іссапарлардың бәрі елеусіз көрінгенімен оның артында кадрлардың тапсырылған қызметіне деген іскерлігін шыңдау, бағдар беру, тағысын-тағы батпандай жүк бар. Оған халықтың сенімі мен тағдырын қосыңыз. Демек, жұмыстың ірілі-ұсағы жоқ. Қай-қайсысына да жауапкершілікпен қараймын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Жетісу халқы береке-бірлікте, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», іске жұмыла кірісуі нәтижесінде қандай қиындықты болмасын жеңіп, елдің әл-ауқатын жақсарту жолында нәтижелі жұмыс атқарамыз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Күмісжан БАЙЖАН.