06 Қаңтар, 2010

ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ МОДЕЛЬ ТӘЖІРИБЕСІ

6296 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Әлемдік жаһанданудың пайда болып, оның одан әрі дамуында Еуропаның айтарлықтай үлес қосқандығы күмәнсіз. Бұл орайда атап айтарлығы, әлемдегі белгілі ондаған интеграциялық модельдер­дің арасындағы ең табысты әрі шарықтап дамығаны Еуроодақ болып табылатындығы да ешкімді шүбәландырмаса керек. Ең басты­сы, әлемдік экономика мен сая­сатта оның өзі  басымдық танытып, беделі мен күш-қуаты да нығая түсуде. Ал, оның бүгінгі таңда қол жеткен жетістігі мен бай тәжірибесі экономика ғылымдарының док­то­ры, Париждегі “Parlіnk Consultіng” консалтингтік компаниясының басқарушы-серіктесі Берлин Ири­шевтің “Еуроодақ: интеграция­лық модель тәжірибесі” атты жаңа еңбегінде жан-жақты зерттелген. Ғылыми жаңа туындының тұ­сау­кесеріне арналған баспасөз мәс­лихатында сөз алып, өз пікірін біл­дірушілер “бұл еңбекте интеграция­лық модельдің күрделі эволюция­лық үрдісінің ең өзекті кезеңдері қамтылып, нақты сипатталған­ды­ғын” атап көрсетті. Сөз реті кел­генде айта кететін тағы бір жәйт – бұл еңбектің еліміздің өміріндегі елеулі оқиға – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы дәл басталған тұста жарық көруінің маңызды екендігі сөзсіз. Еуропаның төрі – Парижде ұзақ жылдан бері тұрып, жаһандану жағдайында Қазақстан экономи­касына басты назар ауда­рып, бұл бағытта бірқатар ғылыми ізденіс­терімен танымал болған ға­лымның кезекті зерттеуі де терең­дігімен, ой-түйінінің салмақтылы­ғымен ерек­шеленетіндігі құптарлық. “Еуропаға жол: интеграциялық модель тәжірибесі” атты жинаққа ал­ғысөз жазған Франция Ұлттық ассам­блеясы Еуропа істері жөнін­дегі комитетінің вице-президенті, депутат T. Maриани, Еуроодақ са­рап­­шысы (Халықаралық қатынас­тар мен стратегиялық институты) Л.Делкур 600 бетке жуық, он екі бөлімнен тұратын ауқымды еңбек­тің орнықтылығын бағалай білген. Сонымен қатар, бұл кітапқа рецен­зия жазған Ресей Ғылым академия­сы Еуропа институты директоры­ның орынбасары, профессор В.Фе­доров пен еліміздің Білім және ғы­лым министрлігі Экономика инс­ти­ту­тының бас ғылыми қызметкері Б.Құсайыновтың айтуынша, сту­денттер үшін еңбек­тің қажеттілігі мол”. Шын мәнісінде де Берлин Иришевтің ғылыми зерттеуі – тек студент-жастар үшін ғана емес, экономистер мен ғалымдар, саясат­кер­лер мен жалпы көпшілік оқыр­мандар үшін де құндылығы мол дүние. Автордың, әсіресе, “инте­гра­циялық модельдің басты құндылықтары әдетте бір-біріне қа­рама-қарсы қойылатын либерализм мен социализм болып табылады”, деген түйініне қызығушылық таны­тылуда. Ғалымның пікірінше, Еуроодақтың экономикасына құн­ды­лық пен тұрақтылықты қалып­тас­тыратын осы екі антиподтың дуализммен шебер үйлесімі. Берлин Иришевтің ой-толғамдарындағы конструктивизм, даулы мәселелер­дің шешімін табудағы ымыраға келу мен консенсус шеберлігі сая­саттың, интеграциялық философия мен мәдениеттің ең басты эле­мент­тері болып табылады. Жаңа ғылыми туындының ең үл­кен бөлімі ортақ экономикалық кеңістіктің пайда болуына негіз бол­ған Еуроодақ механизмдері мен экономикалық институттарына арналып, Еуроодақ қызметіндегі ерекшеліктердің тереңіне бойлай­ды. Сала мамандарының айтуын­ша, автордың әлемдік қаржы жүйе­сінің болашағына деген көзқарасы нақты тұжырыммен сабақтасты­рылған. Анығырақ айтқанда, мұнда доллар­лық стандарттан үштағанға (еуро, доллар және юаньға) қарай және одан кейін аумақтық ұлт үсті ва­лю­­та­лар жүйесі арқылы біртұтас әлем­дік валютаға қарай қадамдар болмақ. – Менің ойымша, бүгінгі күн тақырыбындағы бұл мәселе – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың әлемдік стратегиялық аса маңызды, сарабдал ұсынысы­мен үйлесім табуда. Белгілі бір мем­лекеттің экономикасына тәуел­ді валютаға тұрақтанып, соған бай­ланып қалудың қажеті жоқ. Сон­дықтан да Қазақстан Президентінің көтеріп отырған мәселесінің ма­ңызы орасан зор және де жақын келешекте Елбасының бұл тұжыры­мы жүзеге асатындығына да сенім артуға болады. Қазіргі кезеңде доллардың еңсеріліп, еуроның қарқын алуы аңғарылуда. Қайткен­мен де, болашақта әлемдегі ешбір мемлекетке тәуелсіз әлемдік ортақ біртұтас валютаға көшу ең орнықты шешім болмақ. Дегенмен, оның ұзақ мерзімге созылатын үдеріс болуы да әбден мүмкін, – дейді экономика ғылымдарының докто­ры Берлин Кенжетайұлы. Берлин Кенжетайұлының тұжы­рымдауынша, Еуроодақтың Орта­лық Азия аумағымен страте­гиялық серіктестігіндегі қиыншы­лықтарды талдап, зерттеудің қа­жет­тілігі мол. Оның басты себебі, құ­рамында жиырма жеті елді бірік­тіріп, әлемдегі ең үлгілі одаққа айна­лып отырған Еуроодақ тәжі­ри­бесін үйренудің қандай мемлекет үшін болса да пайдасы орасан екендігі талас тудырмаса керек. Ғалымның ой-түйіні “Қазақстан Еуроодақта емес, Еуроодақпен бірге”. Ал, енді бүгінгі күнге дейін интеграциялық тиімді әрі қонымды модельдерді іздестіріп жүрген Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы елдері үшін, әрине, бұл еңбектің тигізер пай­дасы мол, берері зор. Қазақстан қаржыгерлері қауымдас­тығының төрағасы Серік Аханов та бұл пікірді қолдайтынын айтады. – Жаңа ғылыми зерттеудің жарық көруі еліміз өміріндегі елеулі оқиға, менің өзім бұл еңбекті үлкен ынтамен оқып шықтым. Назар аударарлығы, мұнда біздің мемле­кетіміздің экономикалық дамуына арналған бірқатар құнды ұсыныстар бар. Еуроодақтың өзінің ауқымды жетістіктері, мүмкіндіктері шын мәнісінде де қызықтырарлық екен­дігін жасыруға болмайды. Ортақ біртұтас валюта туралы Мемлекет басшысының салмақты пікірі қалың көпшілік үшін қолдауға тұрарлық, – дейді Серік Аханов. Егер қандай да бір мемлекеттің экономикалық ахуалының өркен­деуі – сол елдің басшыларының қабілет-қарымына тәуелді десек, бұл мәселеде де ТМД елдері бас­шыларының да өз халқының жақсы әлеуеті үшін ымыраға келуі кө­рікті келешекке жол ашары сөзсіз. Қорыта айтқанда, тұрақтылық пен дамуды қалыптастыра отырып, одақтаса өмір сүру – жетістікке жетелейтін тура жол. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.