06 Қаңтар, 2010

ТӨРЕ ТҮЛІК ТӨРГЕ ОЗСЫН ДЕСЕК...

5185 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазақ үшін жылқының орны бөлек. Қазақ пен жылқы егіз ұғым десе де болғандай. Қаншама ғылым мен техника жетістіктерін игердік, өркениетке жеттік дегенмен төре түлік біздің ұлттық брендіміз болуы керек-ақ. Жылқы өсіру тек қазақтығымызды көрсету үшін емес, нарықтық жағдайда пайданың да көзі болғалы тұрғанын ескеретін кез келді. Қазақ үшін жылқының орны бөлек. Қазақ пен жылқы егіз ұғым десе де болғандай. Қаншама ғылым мен техника жетістіктерін игердік, өркениетке жеттік дегенмен төре түлік біздің ұлттық брендіміз болуы керек-ақ. Жылқы өсіру тек қазақтығымызды көрсету үшін емес, нарықтық жағдайда пайданың да көзі болғалы тұрғанын ескеретін кез келді. Еліміз дамыған елу елдің қатарына енуге, Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге талпынып жатыр. Бұл біздің экономикамыздың тиімді жолдарын іздестіріп, нарықтық талаптарға сай дамытуды міндеттейді. Яғни, өзімізде өндірілген өнімдердің азуы алты қарыс Америка мен еңсесі биік Еуропаны былай қойғанда, көш ілгері кеткен Азияның алпауыт елдерінің озық технологиямен өндірілген өнімдеріне бәсекелестікке қабілетті болуына қол жеткізуіміз керек. Мұндайда өткізу рыногын таба алмай отырған шетел өнімдерінің баса-көктеп кіріп келу қаупі де қаперде болғаны жөн. Сондықтан Қазақстанның өзіне ежелден етене таныс, бұрыннан қалыптасқан ізі бар шаруаны ұмытпағанымыз ұтымды болар еді. Соның ішінде, мінсең көлік, қымызын ішсең емдік сусын, етін жесең дәрумен тамақ болатын төре түлік – жылқы шаруашылығын дамыту, оның өнімдерін өзіміз тұтыну, артылғанын шетелдерге шығарудың тиімділігін ғалымдар мен экономистер әлдеқашан шотқа қағып қойғаны рас. Алайда, осы төре түліктің БСҰ-ға кірерде қазақты төрге оздырар мол мүмкіндіктерін кәдеге жарата алмай отырғанымыз да шындық. Ойлап қараңыз, аталарымызға жауға шапса серік, тойға барса көлік болған жылқы кеңестік ұжымдастыруға дейін 4 640 мыңға жеткен екен. Қазір елімізде ұзын саны бір миллионнан астам жылқы бар деп есептеледі. Дүние жүзінде жылқының 300-ден астам түрі болса, соның он төрті Қазақстанда өсіріледі екен. Негізінен азық-түлік, жұмыс көлігі, асыл тұқымды және спорттық бағыттарда пайдаланылатын жылқының қадір-қасиетіне әлі де толық жете қойған жоқпыз. Техника мен технологияның өмірге дендеп енуі, кеңес өкіметінің кейбір әпербақан басшыларының төре түлікті түрпідей көрген солақай саясаты, өзіміздің қылқұйрықтың қадірін кетірген енжарлығымыз соңғы жылдары жылқы санының кемуіне соқтырды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аманғос Дербісәлиннің айтуынша, еліміздің батысындағы төрт облыста басқа түліктермен бірге жылқы санын бірнеше есе көбейтудің мүмкіндігі бар көрінеді. Ғалым Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында да осындай мүмкіндік бар екеніне шүбә келтірмейді. Оның дәлелдеуінше, 2030 жылға дейін жылқы санын ғасыр басындағы деңгейге жеткізуге әбден болады. – Жылқы жұтаң жайылымдардағы өсімдіктердің қоюлануына ықпал етеді. Қысы-жазы жайылымда болатын жыл­қыны өсіруге шығын де кетіп жары­майды. Қымызының, етінің қаншама ауруларға ем екенін екінің бірі біледі. Басқасын былай қойғанда, жылқы етінің адамның ағзасын жасартатын қасиеті бар, – дейді ол. – Бұл дегенің БСҰ-ға кіргелі тұрған біздің ел үшін мүмкіндік емес пе? Ат спортын дамыту, қымызын, етін, қазы-қартасын көптеп дайындау, шағын фермерлік шаруашылықтарда күш көлігі ретінде пайдалану қаншама пайда әкелер еді. Дерек көздеріне сүйенсек, елімізде соңғы елу жылда жылқының Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымы шыға­рылған екен. Көшім мен Мұғалжар тұ­қымды жылқылар осы біздің облыста шығарылғанын ескерсек, өңірде жылқы шаруашылығын дамытудың мол мүм­кіндігі бар екендігі тағы да аңғарылады. Кезінде Мұғалжар жылқы зауытының жылқыларын одақтас республикалардан келіп қымбатқа сатып алып кететін. Шыны керек, кешегі жекешелендірудің желеуімен ауыл шаруашылығы талан-таражға түскенде бұл зауыт та қиын­дықтың қамытын киді. Қазір елімізде асыл тұқымды Мұғалжар және Көшім жылқыларына сұраныс артып отырғанда республика оны небәрі 5-7 пайыз ғана қанағаттандырып отырғаны саланы салақсытып жіберудің зардабы. Ғалымдардың айтуынша, асыл тұқымды жылқының бағасы 100 мың АҚШ долларына дейін жеткен көрінеді. Ал бізде қазіргі таңда ондай мал жоққа тән. Рас, соңғы жылдары мал тұқымын асылдандыруға Үкімет қаржы бөліп, бұл іс қолға алынуда. Қазір облыста 82100 шамасында жылқы бар. 2009 жылы әр жүз биеден 91 құлын алынды. Соның өзінде жылқы саны баяу өсіп келеді. Мұның себебі, үйірдегі биелердің үлес салмағының тым азайып кетуі. Ауыл шаруашылығын жаппай жекешелендіру басталған кезде қуып айдап кетуге ыңғайлы жылқыны жекелер барымтадан қорқып біраз азайтып алды. Оларды да түсінуге болады, сол жылдары ауыл-ауылдан үйірлеп жоғалған жылқылар барымташылардың қолында кетті. Жылқы тиімді түлік. Облыстағы жеті шаруашылық асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысады. Алайда, сол асыл тұқымды жылқыларды пұлдап өткізе алып жүрміз бе, гәп сонда. Өткен жылы әрқайсысын 133900 теңгеден 161 жылқы өткізілсе, биылғы өткізілген жылқының ұзын саны 176 бас қана екен. Қазір асыл тұқымды жылқы өткізген шаруашылыққа етінің бір килосына 100 теңге субсидия төленетін болыпты. Мұның өзі де асыл тұқымды жылқы шаруашылығын аз да болса қолдау шығар, бәлкім. Алайда, бұл қай жыртығымызға жамау болғандай. Әлі де жылқының барлық қадір-қасиетіне толық жете алмай келеміз. Саумал қымызы әрі сусын, әрі емдік қасиеті мол шипалы дәрі десе де болғандай. Ашытылу ерекшеліктеріне қарай қымыздың ғана тоғыз түрі бар екен. Кезінде Темір кеңшар технику­мында биені аппаратпен сауу жолға қойылып еді. Қазір бәрі ұмыт болды. Алты арақ зауыты бар Ақтөбеден алты ай жазда бірде-бір қымызхана көрмейсің. Ақтөбені айтасың, ауылдық жерде де бие байлап, қымыз дайындайтындар сирек. Жылқы етінде 21,7 пайыз нәруыз бар. Жылқы етінің майы жеңіл балқитын болғандықтан, ол ағзада жақсы қоры­тылады. Жылқының жалы, қазы, сүр ет, шұжық, қартасы ерекше бағаланады.  Қа­зіргі таңда осы ұлттық тағамдары­мыз­ға көз тігіп отырған елдер де жет­кілікті. Израиль, Франция, Египет, Германия, Жапония сияқты елдер қы­мыздың дәрумендік қасиетіне қы­зы­ғушылық танытып отырған көрінеді. Ақпарат көздерінен білгеніміздей, қазақ жерінен өз елдеріне көшіп барған немістер қымыз өндіруді мықтап қолға алып жатса, Еуропаның біраз елін Түркияда тұратын қазақтар мен мадияр­лар қымызбен қамтамасыз етіп отыр екен. Жапондықтардың Моңғолиядан қымызды алдырып ішетіні де жазылып жүр. Сондай-ақ, Франциядағы бір қан­дасымыз қазы дайындап, патент алыпты. Сонда қолдағы алтынның қадірін білмей отырған біз ғана. Мұндай өтімді ұлттық тағамымызды шетелге шығаруды осы бастан қолға алмасақ, кейін сан соғып қалуымыз кәдік, әрине. Әлемнің наза­рына ілініп отырған бұл сусындарды өзге біреу еншілеп кетпесіне кім кепіл? Бү­гін­де жастарымыз құрамында адам ағза­сына зияны тұнып тұрған шетелдің газды сусындарына үйірсек. Бұл сол жастарға қымыз бен шұбаттың қасиетін ұқтыра алмай отырғанымыз демеске тағы амал жоқ. Қымызды ұзақ сақтаудың техно­логиясы әлдеқашан жасалып, кезінде Қарағанды облысының бір ауданында шыны ыдысқа құйып шығарғанын да естігенбіз. Ал біз болсақ өз қолымыздағы осындай өтімді ұлттық тағамдарымызды өзгелерге ұсына алмай есеміз кетуде. – Қазір ет-сүт бағы­тын­дағы Мұғал­жар жылқысының ембілік, сары­арқалық, құландылық деген үш түрі бар. Бұл жылқылар тебіндік жағ­дайға бейімді­лігімен, салмақта­ры­ның өте ауырлы­ғымен де ерек­ше­ленеді. Мұғалжар жыл­қыларының айғырлары 550-600 кило, биелері 500-550 кило тартады. Етінің дәмі тіл үйіреді, – дейді Аманғос Дер­бісәлин. – Жылқыны үйірлеп өсірудің мүмкіндігі мол. Бірақ, соны тиімді пайдалана алмай отырғанымыз шындық. Мұны шаруаға қырсыздық, әлі де істің ұтырын білмеуіміз деу керек. Қора са­лып, ала жаздай сабылып пішен дайын­дап жатпай-ақ, жаз жайлауда, қыс те­бінде бағылатын жылқы мал өсіремін деген қазаққа тиімді түлік. Шалқар ау­данындағы бір шаруа қожалығы екі мыңға жуық жылқы өсіріп, игілігін көріп отыр. Басқа жерлерде де бірен-саран үйір-үйір жылқы өсіріп отырғандар шыға бастады. Олардың қатары көбейсе құба-құп болар еді. Ал оның өз кезегінде арзан жылқы етін, қымызын өндіруге септігі тиеді. Облыста соңғы жылдары ат спорты да қолға алынуда. Қалталы жігіттер таза қанды ағылшын жылқыларын қымбатқа сатып әкеліп, бәйгеге қосып та жүр. Табиғи жағдайымызға төзімді етті көшім, жабы, мұғалжар жылқылары дастарқан молшылығын ғана жасап қоймайды, халқымыздың саулығына қызмет етеді. Экономикамыздың дамуына да серпін береді, әрине. Ол үшін жылқы өнімдерін насиахаттауымыз, жарнамалауымыз керек, өзгелердің осы ұлттық тағамда­рымызға деген сұранысын қалыптасты­руымыз керек. Яғни, қымыз ашытуды, қазы-қарта дайындауды ұлттық үрдіс­терімізді ескере отырып, өндірістік не­гізде ұйымдастыру қажет. Саланы дамыту бірыңғай жылқы тұқымын асылдандыру деңгейіне ғана емес, өндірісті ұйым­дастыру және жылқы шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде өңдеуге де тәуелді. Сондықтан жылқы шаруа­шы­лы­ғының барлық мәселелерімен айна­лысатын белгілі бір ғылыми орталық, институт керек Reuters агенттігі халықаралық зерт­теу­шілер тобының еңбегіне сүйене отырып, “Қамбар ата ұрпағын тарихта тұңғыш рет осыдан 5500 жылдай бұрын қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген адамдар қолға үйреткен” деген тұжы­рымды жариялады. Еуропадағы тай­палар жылқының не екенін білген уақыттан мыңдаған жылдар бұрын-ақ қазақ даласында аталмыш жануарды көлік қып мінгеніне, сүтін сауып ішкеніне, үй шаруашылығында пайдаланғанына дә­лел­дер жеткілікті. Олай болса, жылқы­ның қымызы, қазы-қартасы, жал-жаясы сияқты өнімдерін ұлттық мақтаны­шымызға айналдыру да біздің қазақтың еншісіндегі шаруа болуы тиіс. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.