Жақында өңір тізгінін ұстаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жағдаймен танысуға уақыт оздырып жатпай-ақ, бірден іске кірісіп кетті. Өзінің алғашқы жұмыс сапарын Темір ауданының Кеңқияқ, Саркөл және Шұбарши ауылдарынан бастады. Ол осы елді мекендердегі әлеуметтік-мәдени мекемелерді аралап көрді, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, шешімін күткен мәселелерді бағамдады және халықпен кездесті. Мақсат – ақын С.Торайғыровтың өлеңіндегі: «Біздерде мынадай бар, мынадай жоқ», – дегендей, алыстағы ауылда ненің жеткілікті, ненің жеткіліксіз екенін көзбен көру.
Өңір басшысы алдымен Кеңқияқ кенттік полиция бөлімшесінің жаңа ғимаратында болды. Бұрын құрылыс мекемесінің кеңсесі болған екі қабатты ғимаратқа 10 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Ғимарат дербес жылу қазандығымен жылытылады, су құбыры тартылған. Күрделі жөндеу жұмысының сапасына көңілі толған Архимед Бегежанұлы қажетті құрал-жабдықтармен, жиһазбен жабдықтауға аудан әкімдігі көмектесетінін жеткізді. Күрделі жөндеуден өткен ғимараттың байғазысы ретінде кенттік полиция бөлімшесіне су жаңа жеңіл автокөлік тапсырды. Полиция қызметкерлеріне ауыл тұрғындарының өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік жүктеді.
Облыс басшысының Кеңқияқ кенттік клубында ауыл тұрғындарымен, осы аумақта жұмыс істеп жатқан ірі кәсіпорындар басшыларымен кездесуінде Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы және алда атқарылатын шаруалар туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша, қазір Кеңқияқта ауыз су құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оған 116 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ бұған дейін Шұбарши кенттік округіне қарап келген Кеңқияқта өз алдына дербес ауылдық округ ашу мәселесі де шешімін таппақ. Кеңқияқ кентіндегі «Сазды-2» шағын ауданына су, газ, кәріз құбырларын жүргізу де қолға алыныпты. Шұбарши ауылының бес көшесінің жолына қатты жамылғы төсеу де биыл аяқталады. Қопа және Құмсай ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылыстарын аяқтап, тиісті мамандармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге әрқайсысына 15 миллион теңге қаржы бөлінген.
Аудан әкімі шілде айының басында Шұбарши ауылында орын алған қайғылы оқиға кезінде полиция қызметкерлерін өлтіргендерді қолға түсіру операциясы барысында зардап шеккен ауыл тұрғындарына көмек ұйымдастырылып жатқанын мәлім етті. Сол кезде баспанасынан айрылған Нұрлан Үргенішбаевқа 2,8 миллион теңгеге тұрғын үй сатып әперілген. Қандай да шығынға ұшыраған отбасыларына өтем жасалатын болды. Ол сондай-ақ осы оқиғаға байланысты құрамында дәрігер, заңгер, психолог және басқа мамандар бар үгіт бригадасы жұмыс істеп жатқанын, болашақта осы өңірден шыққан белгілі өнер адамдарымен, ғалымдармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізіп, жастармен тәрбиелік-тағылымдық шараларды жетілдіре түсу көзделіп отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ауданда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 105,4 пайызды, ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 105,3 пайызды құрағанын, төрт түлік малдың өскенін тілге тиек ете келіп, өңірде бірігіп атқарылар істер, ортақ ойласып шешер мәселелер бар екенін айтты.
– Тұрғындар тарапынан айтылатын өтініш-тілектер маған белгілі. Ең алдымен, ауыз су мәселесі. Ауыз су құбырын жаңарту жұмыстары үстіміздегі жылдың бірінші желтоқсанына дейін аяқталуы керек. Шұбарши ауылында жолдарды жөндеуге 30 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр, бұл да уақытылы аяқталуы тиіс. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу керек. Жастар жағы жұмысқа көбіне вахталық әдіспен орналасады. Он бес күн жұмыстан кейінгі демалыста олар немен айналысады? Жергілікті билік, қарапайым тұрғындар, ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдары осыған көңіл бөлуі қажет. Спорттық нысандар ашу, ұлттық спорт түрлерін дамыту керек, – деді Архимед Бегежанұлы.
Облыс әкімі шілде айының басында Шұбарши ауылында орын алған қайғылы оқиғаны сан-саққа жүгіртпеу керектігін, қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, тиісті орындар бұл оқиғаға не себеп болғанын нақты анықтағанша, түрлі болжамдар айтудың артықтығын алға тартты. Ол жергілікті іскер азаматтар мен кәсіпорындар басшыларын осы оқиға салдарынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуге шақырды.
Жиыннан кейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін тұрғын үй ретінде қайта жарақтандырылған кенттік полиция бөлімшесінің бұрынғы ғимаратын көрді. Ауылдағы халыққа қызмет көрсету орталығында және спорт залда болды. 198 жер учаскесі бөлініп, тұрғын үйлер салынып жатқан «Сазды-2» шағын ауданымен танысты. Облыс әкімі осы мөлтек ауданға газ құбырын жүргізу үшін 50 миллион теңге бөлінгенінен хабардар етті.
Облыс әкімі Саркөл ауылындағы орта мектеп пен «Алақай» балабақшасын аралап көрді. «Алақай» балабақшасы 2009 жылы пайдалануға беріліпті. Мұнда 25 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Ал Шұбарши ауылында облыс басшысы алдымен мектепке барды. Шұбарши орта мектебінде 895 бала оқиды. 1989 жылы салынған мектеп тарлық етуде. Әкім Кеңқияқта салу жоспарланып отырған 600 орындық мектепті осы Шұбаршиде салуға уәде берді, ал 300 орындық мектеп Кеңқияқта салынатын болды.
1968 жылы салынған Шұбаршидегі мәдениет үйі пайдалануға жарамсыз екен. Енді мұнда жергілікті бюджет есебінен 150 орындық клуб бой көтеретін болды. Архимед Мұхамбетов құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы осы жерде ауыл тұрғындарымен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.
– Ауылдарда атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де бар. Сол істерді жүзеге асыруда мен сіздерден үлкен қолдау күтемін. Бәріміз ынтымақ-бірлікпен жұмыла кіріскенде ғана үлкен жетістіктерге жете аламыз, – деді ол.
Архимед Бегежанұлы жұртшылықпен жүздесуде өзіне өтініш-тілек білдіруге ниет еткен қарапайым адамдардың әрқайсысына жазбаша түрде жауап берілетінін жеткізді. Аталған құрылыстар пайдалануға берілгенде осы елді мекенде 80-ге жуық жұмыс орны ашылатынын мәлім етті. Ең бастысы жастарды жұмыспен қамтуға бағыт ұсталатынын айтты. Халықпен кездесуден соң облыс әкімі Шұбарши ауылдық мешітіне барып, мешіттің жаңа имамы Нұрмұхаммед Бижановпен жүздесті. Облыс басшысы имамға алда Рамазан айында тұрғындармен жұмысты белсенді жүргізуді тапсырды. Осындағы кәсіпорындар басшыларымен, сыйлы қариялармен бірлесіп қайырымдылық бағытта белсенді жұмыстар жүргізу қажеттігін қадап айтты. Ол жаңа имамға жұмысында сәттілік тілеп, автокөлік кілтін табыс етті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.