Үкімет
«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Қазіргі таңда тәуелсіз ел атанып, іргесін бекіткен егемен еліміз күн сайын қарыштап дамып келеді. Экономикамыз да тұрақты. Жаңа технологиялар өндірісімізге еніп келеді. Десек те, жұмыссыздық мәселесі қазіргі таңда еліміздің алдында тұрған өзекті мәселе болып отыр. Кешегі әлемдік экономикалық дағдарысты еңсердік дегенімізбен, қазақ елінің иығына түскен өзіндік ауыртпалығы болғаны да жасырын емес. Елімізде жұмыссыз адамдар саны 2008 жылы 559 мың болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 6,9-5,5 пайызға жеткен болатын. Осыған қарап, еліміздің азаматтарын жұмыспен қамту басты толғандыратын мәселе екендігін айтуға болады. Міне, еліміздегі осындай жұмыссыздықтың салдарын жою мақсатында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеген болатын. Елбасы халыққа Жолдауында ел Үкіметі алдында еңбек рыногының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттері тұрғандығын ерекше атап өткен еді. Осыған сәйкес, Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы әзірленген болатын. Осы бағдарламаның жобасы ағымдағы жылдың 15 ақпанында Премьер-Министр К.Мәсімовтің жетекшілігімен өткен Үкімет отырысында мақұлданды. Бағдарлама 2011 жылғы 1 шілдеден бастап іске асырыла бастады. Елімізде бұрын-соңды болмаған бірегей жоба болып табылатын жаңа бағдарламаның мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру болып отыр. Алдына өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту, индустрияландыру бағдарламасын іске асыру үшін кадр әлеуетін дамыту, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру секілді аса маңызды және ірі міндеттерді қойған мемлекеттік бағдарламамен 1,5 млн.-ға дейін адам жұмыспен қамтылатын болады. Мұны өз кезегінде тұңғыш рет жүзеге асып отырған бұл бағдарламаның жетістігі деуге болады. – Үш бағытта, үш кезең бойынша жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарлама белгіленген осы он жылдың ішінде елімізде мыңдаған тұрақты жұмыс орындары ашылып, мыңдаған адамдар жаңа жұмыс көзімен қамтамасыз етілетін болады, – дейді еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова. Гүлшара Наушақызының айтуынша, бұл әзірленген бағдарламаның бұрынғы дайындалған бағдарламалардан үлкен айырмашылығы бар. Мемлекеттің бұл жолғы жобасы кең қанат жайып, өз іс-шараларына, тұңғыш рет тек жұмыссыздарды ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтушы және аз қамтылған азаматтарды тартпақ. Қазіргі таңда Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны жалпы еңбекпен қамтылғандардың 33,3 пайызын құрайды. Яғни 2,7 миллион адам нақты бекітілген еңбекақысыз, өз бетімен күн көруде. Сондықтан ұзақ мерзімді мемлекеттің бағдарламасы 8,2 пайыздық кедейліктің көлемін 6 пайызға дейін қысқартуды көздеп отыр. Ал жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспауын қадағалайды. Елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған жұмыссыздықпен күрестің ауқымды жобасын іске асыру үшін өз кезегінде 40 млрд. теңге қарастырылған. Тағы бір айта кетерлігі, үнемі Үкіметтің қадағалауында болатын аталмыш жоба аясында ауыл жастарына да көп көңіл бөлінген. Өз алдына кең де ауқымы зор міндеттер жүктеп, елімізде күннен күнге көбейіп келе жатқан түйткілді проблемаларды шешудің кілтіне айналып отырған осынау бағдарлама қажет болған жағдайда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін жолдар, жылумен және сумен жабдықтау, телефон және электр желілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды салу сынды қосымша қолдау да көрсетеді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының негізгі бағыттары Бірінші бағыт – кәсіптік оқыту арқылы жұмысқа орналастыру. Екінші бағыт – ауылда кәсіптерін ашып, жұмыс істеп жатқандарға көмектесу. Үшінші бағыт – тұрғылықты жерінде жұмысқа орналастыру, егер ол елді мекенде жұмыс жоқ болса, болашағы бар деп саналатын басқа жерлерге көшіп-қонудың жолақысын төлей отырып, көшіру. Мұхтар ИБРАИМОВ.