06 Тамыз, 2011

Түсініктеме

775 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі №118 Жарлығымен Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасы (бұдан әрі – Болжамды схема) қабылданды. Болжамды схема Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құрам­дас құжаттарының бірі және экономика салаларын, инфрақұры­лымды дамыту мен өңірлік даму мәселелері кешенді түрде қарал­ған Қазақстан Республикасы дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын іске асыруының ең маңызды құралы болып табылады. Болжамды схеманың мақсаты еліміздің өңірлері мен эконо­мика салаларының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану және дамыту негізінде халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ететін жағдай жасау болып табылады. Айқындалған негізгі міндеттер: - өндірістік және еңбек ресурстарының «өсу нүктелерінде», экономикалық тұрғыдан перспективалы және тіршілікке қолайлы аудандарда аумақтық шоғырлануын ынталандыру; - ірі қалаларда инновациялық экономиканың негізін қалау мақсатында урбандалу мен агромерациялық процестерді ынта­лан­дыру мен реттеп-дамыту; - еліміздің және оның әрбір өңірінің ресурстық әлеуетін, олардың артықшылықтарын оңтайлы пайдалану; - еліміздің Еуразия құрлығындағы тораптық және транзиттік орналасуының артықшылықтарын іске асыру және еліміздің ішкі байланыстылығын күшейтуге бағытталған аумақтық-кеңістікте дамытудың арқаулы жүйесін құру; - өңірлердің республикалық, өңірлік және халықаралық еңбек бөлінісіндегі бәсекеге қабілетті экономикалық мамандануын қалыптастыру; - тұрғындардың мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызмет­терге, әсіресе ауылдық жерлерде және шалғай аудандарда бірдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған, халықты және әлеуметтік объектілерді орналастырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру. - өндіргіш күштерді орналастыру мен халықты қоныс­тандыруды ұйымдастыра отырып инженерлік (көліктік, энерге­тикалық, сондай-ақ сумен қамтамасыз ететін) инфрақұрылым нысандарын перспективалы орналастыруды өзара ұштастыру; - ауыл шаруашылығын, орман шаруашылығын, тұрғын аймақ­тарын бөлуді ескере отырып, рекреациялық және индус­триялық аймақтарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру мен аумақтық дамудың функционалды аймақ­тарының перспективалы құрамын қалыптастыру; - экономиканың барлық салаларында және өңірлік деңгейде мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетігін енгізу; - табиғатты ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға эко­логиялық жүктемені азайту арқылы аумақтардың эколо­гиялық жай-күйін және халықтың экологиялық қауіпсіздігін жақсарту; - шекара маңындағы аумақтарды дамыту және Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағының жұмыс істеуін ескере отырып, олардың сауда-экономикалық, көші-қон, өндірістік, ғылыми және мәдени байланыстарын күшейтуге жағдай жасау. Болжамды схема 4 бөлімнен тұрады. «І. Аумақтардың экономикалық әлеуетін талдау және баға­лау» бөлімінде өңірлер әлеуметтік-экономикалық әлеуеті бо­йынша жіктелген, елдегі және өңірлер бөлігіндегі демогра­фиялық даму мен урбандалу үрдістерін ескере отырып, демо­графиялық және еңбек әлеуетіне баға берілген, халықтың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі бағаланған. «ІІ. Аумақтық-кеңістікте дамытудың негізгі бағыттары» бөлімі елдің аумақтық-кеңістікте дамуының 2020 жылға дейінгі мақсаттарын, міндеттерін айқындайды, өңірлерді дамыту сценарийлері инерциялық және басқарылатын деп сипаттаған. Өңірлерді дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары белгіленген: экономикалық даму, оның ішінде өнеркәсіп бойынша, агро­өнеркәсіп кешенінің әлеуетін қалпына келтіру және дамыту, қазіргі бар өндірістік әлеуетті қолдау, өңірлердің қажетін ескере отырып жаңа өндірістер құру; туристік-рекреациялық әлеуетті, көліктік-логистикалық қыз­мет­ті және басқаларды дамыту; әлеуметтік саясат бойынша, оның ішінде еңбек нарығын дамыту, кедейлікті азайту, халықтың жұмысбастылығын қам­та­масыз ету және кадр тапшылығын жою, әлеуметтік инфра­құры­лымды дамыту және әлеуметтік қызметтер сапасын жақсарту. Құжаттың аясында аумақтардың экологиялық жай-күйін жақсартуға баса назар аударылған. Атмосфераға зиянды зат­тарды шығаруды азайту, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдық­тарды өңдеу-жаратуды жетілдіру мәселелері қарастырылған. «ІІІ. Қазақстан Республикасының экономика секторларын дамытудың болжамды схемасы» бөлімі индустриялық сектор­дың, агроөнеркәсіп кешенінің, инженерлік-көліктік инфрақұры­лымның перспективалы даму схемасын айқындайды. «IV. Алдағы онжылдық кезеңінде Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асыру мониторингінің индикаторлары» бөлімінде алдағы онжылдық кезеңінде өңірлерді дамытудың негізгі көрсеткіштері мен экономика салаларын дамытудың болжамды параметрлері тұрғысынан мониторинг жүргізу үшін индикаторлар көзделген. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің  Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы.