06 Тамыз, 2011

Толассыз тасымалдар, толайым табыстар

380 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ертең – Көлік және байланыс қызметкерлерінің күні

  Барыс бейнелі болашағымыздың баянды болуы ел экономикасының қан тамыры – көлік саласының жүйелі де табысты жұмысына тікелей байланысты екендігі белгілі. Жаһандық дағдарыстан тоқыраусыз шығып, дуалы ауыз әлемдік сарапшылардың пікірінше, қарқынды даму даңғылына түскен Қазақстанда іс жүзіне асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның болашағы да осы саланың жұмыс ырғағына байланысты өріс алып келеді. Ертең өздерінің дәстүрлі кәсіби мерекесін атап өткелі отырған респуб­ликамыздың көлік саласы қызметкерлерінің бұл ретте атқарып жатқан жұмыстары ауқымды, белгілеген межелері биік. Қазіргі таңда ел экономикасының қаншалықты дәрежеде алға басып отыр­ғандығын Қазақстанның әртүрлі көлік саласындағы кәсіпорын­дарының қол жеткізген жетістіктерінен де айқын аңғаруға болады.   Атап айтқанда, ағымдағы жыл­дың бірінші жарты жылды­ғында 1,08 миллиард тонна жүк тасымалданып, 2010 жылдың сәй­кес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 19,9 пайызға арт­қан. Жүк айналымы өткен жыл­дың сәйкес мерзімімен салыстыр­ғанда 12,1 пайызды құрап, 144,4 миллиард тонна шақырымды құ­раған. Тасымалданған жолау­шы­лар саны 26,4 пайызға артып, 7,174 миллиард жолаушыны құра­ған. Жолаушылар айналымы 80,1 миллиард жолаушы шақырымға жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 25,6 па­йызға өскен. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен соңғы жыл­дары елімізде автомобиль көлігі жолдарын жаңғырту және жаңа күре жолдар салу мәселесінде де бұрын-соңды болмаған бетбұрыс басталды. Мәселен, ағымдағы жы­лы жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдарын дамытуға 286,9 миллиард теңге қаржы қа­рас­тырылып отыр. Осы мақсатпен жалпы пайдаланымдағы, оның ішінде жергілікті жүйедегі 5 179 шақырым автокөлік жолдары күр­делі жөндеуден өткізілмек. Би­ылғы жылы еліміздегі рес­публи­калық дәрежедегі автокөлік жол­дарын дамытуға бюджеттен 221,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 194,5 миллиард теңге жаңа жолдар құрылысын салуға және қайта құруға бөлінсе, 27,0 миллиард теңге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөлінген. Бұл қаржыға Алматы – Астана – Петропавл, Са­ма­ра – Шымкент, Омбы – Май­қапшағай, Астрахань – Атырау – Ақтау – Түркіменбашы, Ташкент – Шымкент – Алматы – Қорғас, Ақ­төбе – Мортық, Астана – Қос­танай – Челябі, Таскескен – Бақты және Щучье – Бурабай бағытын­дағы 912 шақырымға созылатын автокөлік жолдары қайта жаңар­тыл­мақ. Сонымен бірге биылғы жылдың соңына дейін елімізде 359 шақырым жаңа жол құрылысы пайдалануға беріліп, 1238 шақы­рым автокөлік жолдары күрделі және орта жөндеу жұмыстарынан өткізілмек. 2011 жылы жергілікті маңыз­дағы 3029 шақырым автокөлік жолын дамытуға 65,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжыл­ды­ғын­да республикалық жүйе бойынша бөлінген қаржының 46,2 миллиард теңгесі игеріліп, 308 шақырым жол салынды және қайта жаңартылды. 319 шақырымға созылған автокөлік жолы жөндеуден өткізілді. Ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­ара­лық көлік дәлізінің құрылысы жоғары қарқынмен басталып кетті. Бұл халықаралық көлік дәлізінің 2787 шақырымы Қазақстан аума­ғына жатады. Қазір еліміздің 4 облысы аумағындағы 1615 шақы­рымға созылған халықаралық көлік дәлізінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2010 жылы осы маңызды жол құрылысына 90,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, 417 шақырым жол құрылысы салынды. Биылғы жылы бұл мақсатқа 155,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыға 730 шақырым авто­көлік жолының құрылысын салу жоспарланған. Экономиканың күретамыры ата­латын темір жол саласында да ат­қарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелер баршылық. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты­жылдығында темір жол көлігімен 133,6 миллион тонна жүк тасы­малданып, жүк айналымы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 3,5 пайызға артып, 102,9 миллиард тонна шақырымды құра­ған. Еліміздің теміржолшы­лары болат жолды одан әрі дамыту мақ­сатындағы ірі жобаларды да жүзеге асыруда. Бұл ретте «Өзен – Түр­кіменстан мемлекеттік шека­ра­сы» және «Жетіген – Қорғас» бағыт­та­рында салынып жатқан темір жол тораптарын ерекше атап айтуға болады. «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» бағытындағы 146 шақырымға созылған жол то­рабы құрылысын салуға 65 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Қазір мұнда 1,6 мың адам және 450 жол құрылысы техни­калары уақыт­пен санаспай еңбек етуде. «Жетіген – Қорғас» бағытын­да­ғы 293 шақырымға созылған жол торабы құрылысын салуға 154 миллиард теңге қаржы бөлінді. Үсті­міздегі жылдың 12 шілдесіне дейінгі дерек бойынша бұл жол тора­бының 83,6 шақырымы салынып, 22,3 мың текше метр топырақ үйіндісі жасалған. Жол торабын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 15257 электр бағаналары орна­тылып, 286 суағар құбырлар тө­сел­ген. 24 көпір құрылысы бас­талған. Мұнда 4,3 мың адам құры­лыс жұмыстарымен айналысуда. Еліміздің темір жол саласын жаңа техникалармен жарақтандыру мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, биылғы жыл­дың өзінде 602 жүк вагоны, 27 локомотив және 22 жолаушылар тасы­малдайтын вагондар сатып алын­ған. Астана қаласындағы локомотив құрастыратын зауыт биылғы жылы 86 жаңа локомотивке жолдама бермек. Екібастұз қаласындағы жүк вагондарын шығаратын зауыт жыл басынан бері 70 жартылай вагондар шығарып, жыл аяғына дейін оның санын 545-ке жеткізбек. Петропавл қаласындағы жүк вагон­дарын шығаратын зауыт бірінші жартыжылдықта 320 жүк вагонын рельске қойған. Республикамыздың әуе компа­ния­лары ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1,8 миллион жолаушы, 14,7 мың тонна жүк тасымалдады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіштер тиісінше 23,7 және 18,5 пайызға артқан. Отан­дық әуе компаниялары қолданыс­тағы әуе кемелерін жаңарту және жаңғырту мәселелеріне де ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, биыл­ғы жылы «Эйр Астана» АҚ лизингке Embraer EMB-190 әуе кемесін сатып алса, «Скат» және «Дета Эйр» АҚ-тары жеке меншіктеріне тиісінше Боинг-757 және Боинг-737 әуе кемелерін иеленді. Ал «Еуро-Азия Эйр» АҚ лизингпен МИ-8Т маркалы екі тікұшағын, «Қазавиа» МИ-8ПС, «Семейавиа» АҚ лизингпен Embraer EMB-145 әуе кемесін сатып алған. Тәуелсіздік жылдарында дү­ние­ге келген отандық теңіз ай­лақтары да толымды табыста­рымен көрініп келеді. Мәселен, Ақтау теңіз айлағында ағымдағы жылдың алты айы ішінде 4,311 миллион тонна мұнай, 1,097 миллион тонна жүк тасымалданса, паромдық жүк тасымалдау көр­сеткіші 651,1 тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 126,3 пайызға артты. Мемлекеттік техникалық флотты жаңғырту бағдарламасы шеңберінде 2011 жылы жаңадан 5 кеме сатып алынбақ. Сонымен бірге елімізде тағы да 9 кеменің құрылысы жүргізіліп жатыр. Кәсіби мерекелерін осындай толымды табыстармен қарсы алып отырған еліміздің көлік са­ласы қызметкерлерінің тәуел­сіз­дігіміздің 20 жылдығы аталып өтетін желтоқсан айына дейін белгілеген межелері де биік. Әр­бір қазақстандық үшін қас­терлі де қадірлі күн болып саналатын Тәуелсіздік мереке­сінің 20 жыл­дығы көлік саласы қызмет­кер­лерінің толайым тарту­лары­мен ерекшеленбек. Еліміздің әлеу­меттік-экономикалық өміріне жү­йелі түрде қан жүгіртіп отыр­ған көлік саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай оты­рып, еңбектеріне табыс тілейміз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.