12 Тамыз, 2011

Қазақ елінде бүйрек алмастыру жүзеге аса бастады

463 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні елордадағы Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында қазақстандық дәрігерлердің алғаш рет лапароскопиялық тәсілмен бүйректі алмастыру бойынша жасалған операциялар қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты болып өтті. Орталық мамандары бүйректі алмастырудың жаңа әдісін Оңтүс­тік Кореяның Анам госпиталінің ма­ман­дарымен тәжірибе алмасу кезінде үйреніпті. Әріптестерімен бірлесіп лапароскопияның көме­гі­мен 3 бүйректі алмастыру операциясы жасалыпты. Дәрігерлердің айтуынша, Қа­зақ елінде алғаш рет орындалған опе­рацияның бір артықшылығы ота кезінде жарақат аз болып, сырқат­тар­дың оңалуы 2-3 күнге қысқара­ды екен. Яғни науқас 2-3 күннің ішінде емін-еркін жүріп-тұра алады. Баспасөз мәслихаты барысын­да Республикалық жедел медици­на­лық жәрдем ғылыми орталығы­ның басқарма төрағасы Болат Бай­ма­ханов еліміздегі созылмалы бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар сыр­қаттардың жағдайымен та­ныстыра келе, мұндай опера­ция­ға 1500 нау­қастың мұқтаж бо­лып отырған­ды­ғын тілге тиек етті. Оның айтуын­ша, қазіргі таңда бір жылдың ішінде елімізде 10-12 бүйректі алмас­тыру операциясы жасалады. Бірақ бұл көрсеткіш науқастардың қажет­тіліктерін то­лық өтеп жатыр деуге болмайды. Сонымен қатар, ол мұн­дай опера­цияның құны елімізде өте қымбат екендігін де жасырмады. «Алдағы уақытта жасалатын опера­ция­лар­дың басым бөлігі лапароскопия көмегіне жүгінетін болады. Ота жасау барысындағы барлық шы­ғын мемлекет қаржысымен атқа­ры­латын болса, науқастарға кө­мек тегін көрсетіледі. Ондай жағ­дайда орта­лық аптасына 2 ота жа­сау­ға қабі­летті» деді Б.Баймаханов журналистермен жүздесу үстінде. Бүгінгі таңда Ұлттық меди­ци­налық холдинг Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қазақ­стан­дық­тар үшін жоғары маман­дан­дырыл­ған дәрігерлік көмекке қол­же­тімділікті ба­рынша арттыру үшін жұмыстар жасап келеді. Со­лар­дың бірі адам мү­шелерін ал­мас­тыру дер едік. Орта­лық ма­ман­дардың пікірлері бойынша алдағы 5 жылдың ішінде елімізде жыл сайын жасалы­натын мұндай ота жасау көрсеткіші кемінде екі есе ұлғаю керек. Бұл міндеттерді орын­дау­ үшін Ұлттық медицина­лық хол­динг­тің маманда­ры шетелдік әріптес­терінің алдың­ғы қа­тар­лы тәжірибе­лері­мен таны­сып, оны өзіміздің отандық медицина саласына белсенді пайдала­нуға тал­­пынуда екен. Мә­селен, бүй­рек­ті алмастырудың жаңа әдіс­терін то­лық игеру үшін оңтүстік­кореялық мамандар қазақ­стандық оташы­лар­ды өздерінің тәжі­ри­бе­лері­мен та­ны­су үшін өз елдеріне шақы­рып­ты. Ол мемлекет мұндай ота жасауда әлем елдерінің ал­дың­ғы қата­рынан көрініп отыр­ға­ны белгілі. Олардың клини­ка­ларында жылына 2 мың бүйрек және 1 мың бауыр ал­мас­тыру опе­рациясы жасалатын кө­рі­не­ді. Өткен жылы бұл елдегі кли­никалардың бірі 208 ота жасап, Гиннестің рекордтар кітабына еніпті. Мұндай көрсеткіш біздің елде де болады деген сенімдеміз. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.