Тағылық тамырының жойылуы қиын
Соңғы біраз күнде әлемнің ақпарат құралдарының басты тақырыбы Лондондағы, Британияның басқа да қалаларындағы тәртіпсіздік жайында болды. Телеарналар күні-түні отқа оранған қала көшелерін, ондағы халықтың полициямен қақтығысын көрсетіп жатты.
Әдетте мұндайда халықтың билікке қарсылығы, өз құқықтарының аяқасты болмауын талап етуі көңілге оралады. Мұндайды демократияның көрінісі санайтынымыз да бар. Ал Тұманды Альбион дейтін елдегі бұл оқиғалардың демократия, адам құқы үшін күреске ұқсастығы шамалы, оның нағыз қасақана бүлдірушілік, вандализм, тағылық әрекет екені айдан анық.
Қалай болғанда да, мұның себеп-салдары, бастамасы бар ғой. Ол Лондонның солтүстік аймағындағы Тоттенхэм ауданында басталған. Онда қазіргі заманғы ғимараттар да, сауда орындары да, спорт кешендері де бар. Басты бір ерекшелігі – үнемі түрлі қақтығыстар, ұрыс-керіс болып жататын тұрғын үй кешені де осында. Онда басқа елдерден келген келімсектер көбірек. Дау-дамай көбіне солардың арасынан шығады.
Міне, сол ауданның тұрғыны Марк Дагган деген полициямен қақтығыста қаза тауып, оның туысқандары мен достары дау шығарып, оның аяғы бүкіл елді шарпыған тәртіпсіздікке ұласты. Дагган – қара нәсілді, содан да бүлікшілік бастаушылары оған нәсілдік сипат бергісі келеді.
Ал тәртіп қорғау адамдары оның гангстер екенін, қарулы қарсылық көрсеткен кезде қаза тапқанын айтады. Олар Дагганның соңына түсіп, оны ұстау сәті туғанда, ол қарсылық көрсетіп, бірінші болып оқ атқан. Ең бастысы – оны полиция қара нәсілді болғаны үшін емес, қылмысы үшін ұстамақ болған.
Қалай болғанда да, бұл оқиға үлкен қақтығысқа душар етті. Әрине, оның негізгі себебі басқада. Бір сарапшылар халықтың әлеуметтік жағдайын алға тосады, жұмыссыздар көп дейді. Бірақ сол үшін дүниенің бәрін бүлдіріп, өртеп, ойран салудың жөні жоқтығы белгілі.
Біреулер дамыған ел дегендеріңде де сондай теңсіздік, кемсітушілік, жоқшылық, тапшылық бар деп айызы қана айтады. Бүлікшілерді соған қарсы тұрған күрескерлердей көрсеткісі келеді.
Белгілі дәрежеде сондай кемшіліктер бар деген күннің өзінде де, осынау ойранды, тағылық бүлдіруді ақтаудың жөні жоқ. Мұның өзін «сәтті жағдайды» пайдаланып қалған қылмыскерлердің, тонаушылардың, талаушылардың, бір сөзбен айтқанда, тағылардың әрекеттері деп бағалаған жөн болар.
Қаншама тарихи, мәдени-әлеуметтік ғимараттардың, тұрғын үйлердің отқа оранғанын, сауда орындарына талаушылардың шабуыл жасағанын көргенде, жан түршігеді. Бұзақылардың құқық қорғау адамдарына тас лақтырып, оларды жарақаттағанын көргенде, осынау қаныпезерлерді де аяусыз жазалаған жөн болар еді-ау деген ой келеді.
Әйтеуір сол малғұндардың айуандығына тыйым салынды. Тәртіп қорғаушылар оларды ауыздықтаған сыңайлы. Біразы, нақтырақ айтқанда, мыңдай адам, қамауға алыныпты. Біразы емес, бәрін де қоғамнан аластатса жөн сияқты.
Әскері бағынбаған билік қашан да әлсіз
CNN Turk ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, Ыстамбұл соты ауыр қылмысы бойынша 14 адамды қамауға алу жөніндегі шешім қабылдапты. Оның екеуі жоғары шенді әскерилер – армия генералы Гусейн Нүсірет Таштелери мен генерал Хифзи Чубуклу екен.
Түрік ағайындардан келетін хабарларға қашан да құлағымыз түрік. Әсіресе, әскерилерге қатысты хабарлар елең еткізеді. Бұл ел үшін әскерилердің орны бөлек. Сонау Ататүрік заманынан оларға айрықша мәртебе берілген. Елді жаңа биікке көтеріп, Түркия мемлекетіне әлемдік деңгейден орын алып берген ел көсемі Ататүрік өсиетіне адалдық – түрік әскерилерінің басты ерекшелігі. Биліктегілер әлдебір пендешілік пиғылмен сол Ататүрік жолынан ауытқып бара жатса, әскерилер билікті өз қолдарына алып, ауытқушыларды жөнге салып келген.
Тағы бір ерекшелік – әскерилер билікті қолға алғанымен, қандай да диктатуралық тәртіп орнатуды мақсат тұтпай, билікті азаматтық қоғамға қайта ұсынып отырған. Соған қарамай, соңғы кезде түрік қауымында билік пен әскерилер арасында тартыс барлығы жайында әңгімелер көп айтылып жүр. Әсіресе, бұл әңгіме, әңгіме ғана емес, айтарлықтай тартыс билікке Әділдік және даму партиясы келгеннен кейін күшейе түсті.
Оның да саяси негізі бар. Әскерилер қашан да елдің зайырлық сипатына өздерін кепіл санаса, қазіргі биліктегі премьер-министр Режеп Тәйіп Ердоған басқаратын Әділдік және даму партиясы байсалды-исламдық бағыт ұстанып келеді. Соған орай түрік қауымында исламдық ұстанымға бетбұрыс қалыптасты. Бұл жәйт әскерилер мен билік арасында тартысты тереңдете түсті. Қазіргі билік қалай да әскерилердің қоғамдағы беделін әлсірету жолында қатқыл шараларға барды. 2003 жылы әскери төңкеріске дайындыққа қатысты болды деген айыппен көптеген офицерлер тұтқынға алынды. Олардың арасында ел алдында айтарлықтай еңбегі бар әскери қайраткерлер де болды.
Соңғы парламент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін Әділдік және даму партиясының басшылығы әскерилерге қарсы батыл да қатқыл шараларға барды. Биылғы сәуір айында Ыстамбұл сотында әскерилерді айыптаған үкім шығарылғанда, Бас штаб басшылығы оны құптамаған мәлімдеме жасады. Ал оған биліктегі партия басшылығы әскерилерді құқық қорғау органдарының шешімдеріне қарсылық деп бағалап, үкімет әскерилерге қысымын күшейтті.
Мұның аяғы қарулы күштер басшылығының қызметтерінен кетуіне соқтырды. Бас штаб бастығы Ышық Кошанер 250 офицердің қамаққа алынуына келіспейтінін мәлімдеді. Оларға қазіргі билікті құлатуға әрекет жасады деген айып тағылған болатын.
Әскер басшыларының кетуін тиімді пайдаланған Ердоған үкіметі жаңа басшылыққа билікке қолайлы адамдарды тағайындауға күш салды. Жұрт бұрынғы әскери полиция бастығы Неждет Өзелдің құрғақтағы әскер басшысы және Бас штабқа басшы болғанына айрықша назар аударып отыр. Билікке қарсы келмеген адам. Енді де оның айтқанымен жүретініне күмән жоқ.
Осыған қарап жұрт билік пен әскер арасындағы қақтығысқа нүкте қойылар дегенде, тағы да екі генералдың қамауға алынғаны тандандырмай қоймайды. Оның бірі армия генералы Таштелериді өткен аптада ғана Жоғарғы әскери кеңес құрғақтағы әскердің оқу-жаттығу жөніндегі бастығы етіп тағайындаған болатын.
Мамадияр ЖАҚЫП.