12 Тамыз, 2011

Таза су ішер күн жақын

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Биыл Елбасының Жолдауында атап көрсетілген халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында 2011-2020 жылдарды қам­­титын «Ақ бұлақ» бағдарла­масы қабылданды. Қазір бағдарлама аясында істен шыққан су жүйе­лері қайта қалпына келтірілуде. Көксу ауданы Алғабас ауылында жерасты құбырларын толық ауыс­тыру үшін облыстық бюджеттен 80 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алғабасқа қазан айында таза ауыз су келеді. Айта кететіні, бұ­рынғыдай ұңғымадан емес, тау шатқалындағы Қайнар бастауы­нан жетеді. Қазір мердігер компания ауыл сыртында жаңадан су қоймасын салып, бастаудан қой­ма­ға дейін құбыр тартып, жаздың әр күнін еселі еңбекпен жалғауда. Әрқайсысы көлемді су сақтайтын екі қоймаға бұлақ суын тазарта­тын қондырғы орнатылуда. Осы­лайша, жергілікті тұрғындар тазар­тылған, сапалы бұлақ суын ішетін болады. Тау шатқалындағы бұлақтан келетін судың қашықтығы төрт шақырымнан асады. Ауыл ішіндегі жалпы су жүйесінің ұзындығы 6,5 шақырым. Бүгінгі таңда осы жұ­мыстардың 55-60 пайызы атқары­лып қалды, дейді «Ай Өмірхан» жауапкершілігі шектеулі серіктесті­гінің директоры Өмірзақ Үмбетов. Қазір тұрғындар 70-жылдары салынған ұңғымадан су ішіп отыр. Жерасты құбырлары тозған, қазір жаңасына ауыстырылуда. Бұрын әр көшеде бір колонка болса, енді ол әр аулаға тартылып, жұмыс жеңіл­деді. Су – тіршілік көзі. Денсаулыққа пайдалы таза суды көптен күттік. Себебі, мұнда көбіне үлкендер тұ­рады. Олар су тасымай, үйінің ішін­де ағып тұрған суды пайдалан­ғаны жаман ба, деген Тоқтасын Төлеубаевтың тілегі орынды. Көксу ауданындағы елді мекен­дер­дің 90 пайызы орталықтанды­рылған су жүйесіне қосылған. Ор­талық жүйе халықты ауыз сумен қамтығанымен тоза бастапты. «Ау­ыз су» бағдарламасы қолға алынғалы 15 елді мекеннің су жүйесі жаңар­ды. Биыл қабылданған «Ақ бұ­лақ» бағдарламасынан да үміт көп. Қа­зір алдағы жылға Теректі, Жам­был, Балпық би және Мұқыр ау­ылда­рының су жүйесін жөн­деу­ге жо­балық-сметалық құжаттар дай­ын­далуда екен. Алдағы он жылға жоспарланған «Ақ бұлақ» бағдарламасы талай ауылдағы су мәселесін шешетін болды. Құжатта осы мерзімде елдегі ауыл халқының – 80,  қала хал­қының 100 пайызын орталықтан­дырылған су жүйесіне қосу жос­пар­ланғаны қуантады. Жалпы, ха­лық «Ақ бұлақ» әкелген жаңа­лық­қа қызығушылық танытып отыр. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.