Сенат Төрағасы Қайрат Мәми мұнайлы өңірде болды
– Біз ел өміріндегі айрықша айтулы кезең – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін жылы кездесіп отырмыз, – деп бастады сөзін Сенат Төрағасы облыс активімен кездесуде. – Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, қысқа мерзім ішінде Қазақстан ғасырға пара-пар жолдан өтіп, қарқынды дамып келе жатқан, әлемдік қоғамдастықта лайықты орнын алған елге айналды. Отанымыз бүгінде дамыған нарықтық экономикасы, орнықты саяси жүйесі бар, өз азаматтарының әлеуметтік қорғалуын жақсы жолға қоя алған осы заманғы мемлекет ретінде қалыптасты. «Қазақстандық даму жолы» деп аталған табысты саяси-экономикалық өзгерістердің бұл оң сипаты, ең әуелі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының, ерекше саяси дарыны мен көрегендігінің, стратегиялық тұрғыдан байыпты шешімдер қабылдауының арқасында мүмкін болғаны баршаға мәлім.
Ел тәуелсіздігінің қалыптасуына, экономикасының өркендеуіне әр өңірдің өзіндік үлесі бар. Қазақ мұнайының қайнар бастауы алынған Атырау бүгінде Қазақстанның белді индустриялық аймағына айналды. Өңірде қуатты өндіріс қалыптасты, осы заманғы технологиялық инновациялық орталықтар шоғырланып, шетелдік инвесторлар – әлемге әйгілі мұнай өндіретін және қызмет көрсететін компаниялар жұмыс істеп келеді. Логистикалық, геофизикалық кәсіпорындар дами бастады, мұнай және газ саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының базасы құрылды. Бұл өңірде өткен жылы негізгі капиталға қосылған инвестицияның жалпы көлемі 1,1 триллион теңгеден асып түсті, оның 72 пайызын шетел инвестициясы құрап отыр.
Атырау – ел бюджетіне қомақты қаржы түсіретін ірі өнеркәсіпті аймақ. Мәселен, былтыр республикалық бюджетке 208 миллиард теңге аударылса, биылғы 6 айда 251,7 миллиард теңге салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер жиналды. «Бұл табыстарда аймақтың экономикалық әлеуетінің негізін құрап отырған мұнай және газ кешендерінің елеулі үлесі бар. Көмірсутек шикізатының мол қорына ие мемлекеттер ондығына кіретін Қазақстандағы мұнай және газ кеніштерінің 40 пайызы Атырау облысының үлесіне тиеді. Өткен жылы мұнайшылар мен газ өндірушілер 30 миллион тоннадан астам мұнай, 13,6 миллиард текше метрден астам газ, 2,8 триллион теңгеге жуық өнім өндірді. Оған қоса, алғашқы жартыжылдықтың нәтижесіне қарағанда, 2011 жылы бұл көрсеткіштер одан әрі асып түседі деуге әбден негіз бар. Өндірістің осы қарқыны сақталғанда, Атырау мұнайшылары ағымдағы онжылдықта әлемдегі мұнай өндіретін жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіру туралы Мемлекет басшысы алға қойған міндетті орындай алатынына сенемін», деді Сенат Төрағасы Қайрат Мәми.
Сенат Төрағасының айтуынша, Қазақстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық және саяси қуаты, оның елеулі геосаяси рөлі елдің көптеген шетел мемлекеттері мойындаған өңірлік көшбасшы болуына ықпал етті. Тұтастай алғанда, қазақстандықтардың жаңа, тәуелсіз, күшті және гүлденген мемлекет құруға бағытталған 20 жылдық жасампаз еңбегінің қорытындысы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз дамудың және табысқа жетудің: жаңғыру арқылы тұрақтылықтан – гүлденуге атты айрықша дұрыс формуласын таптық» деген сөзінің әділ екендігін толық дәлелдейді.
– Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мәселесін ерекше атап өткім келеді. Бұл оқиғаның айрықша маңызын сезіне отырып, Парламент Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы декларациясын қабылдауға ниеттеніп отыр. Замандастарға және болашақ ұрпаққа арналған осы салтанатты саяси-заңдық құжатта Қазақстанның егемендікке ие болған жылдарда қол жеткізген басты жетістіктері атап көрсетіледі. Жаңа декларация әрбір азаматқа Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің басшылығымен еліміз жүзеге асырған істер ауқымын сезінуге мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы декларациясы барша Қазақстан халқының жаңа жарқын жеңістері мен жетістіктері үшін берік негіз қалайды, – деп сенім білдірді Сенат Төрағасы Қ. Мәми.
Мемлекет басшысының алдағы онжылдыққа жаңа үлкен міндеттер жүктегеніне, соған орай жергілікті атқарушы биліктің Үкіметпен бірлесіп, өңірлерді дамыту жөнінде бағдарлама әзірлеу қажеттігіне назар аударылды. Мұндағы негізгі стратегиялық мақсат – облыстардың экономикалық әлеуетін ұлғайту, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, жергілікті билік институттарының қызметін жақсарту. Сонымен қатар, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және оның экспорттық әлеуетін ұлғайту жөніндегі міндеттер аясында ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Халықаралық сарапшылардың бағалаулары бойынша, 2020 жылға қарай азық-түлік тауарларының құны 2 есеге ұлғаяр болса, бұл Қазақстан экономикасының әлемдік экономикаға ықпалдасуы жағдайында біздің елге де әсер етуі ғажап емес. «Осыған байланысты мемлекет ауыл шаруашылығы өндірісінің деңгейін, бірінші кезекте, астық, жарма, ет-сүт өнімдерін өндіруді одан әрі арттыру, құс шаруашылығын дамыту, сондай-ақ, тамақ өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау базаларын жеделдетіп дамыту міндетін қойып отыр. Мұның бәрі аралас салалардағы – ауыл шаруашылығы машинасын жасауда, химия өнеркәсібінде, жемшөп өндіруде, техника жөндеуде өндірістің өсуіне ықпал етеді. Президенттің биылғы Жолдауында атап өтілгендей: «Үкімет, барлық өңірлердің әкімдері ауылды индустрияландырудың осы аса маңызды бөлігімен айналысуға тиіс», деді Қайрат Мәми.
Өңірлер экономикасын өркендету үшін инвестициялар тарту неғұрлым белсенді жүргізілгені дұрыс деп санайды Төраға. Алайда, бұл орайда мемлекеттің стратегиялық мүдделері мен әлеуметтік тұрақтылыққа нұқсан келтірмеуі қатаң қадағаланғаны жөн. Жергілікті билік органдары инвесторлардың өз келісім-шарттық міндеттемелерін бұлжытпай орындауын бақылай отырып, ел заңдары мен халықтың мүддесі сақталуын үнемі назарда ұстауға тиіс. Өкінішке қарай, соңғы кездері кейбір шетелдік әріптестер тарапынан осындай «міндеттеріне немқұрайлы қарау» барған сайын жиі кездесуде. Қазақстандықтардың еңбек құқықтарын, республиканың көші-қон және экологиялық заңнамасын бұзу фактілері бар. Бұл келеңсіз құбылыстарға берік тосқауыл қою қажет.
– Сіздерді Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына арналған Жалпыұлттық іс-шаралар бағдарламасын орындауға айрықша көңіл бөлуге шақырамын, – деді Сенат Төрағасы Қ.Мәми. – Осы міндеттерді орындау үшін әкімдіктер мәслихаттармен қоян-қолтық жұмыс істеуге, жергілікті бизнес қоғамдастығын, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдарды осы жұмысқа барынша тартуға тиіс. «Нұр Отан» партиясының жергілікті бөлімшелері Президент белгілеп берген жоспарларды іске асырудың алдыңғы қатарында болады деп сенемін. Жергілікті жерде тиісті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыратын мәслихаттар өңірлік даму мәселелерінде үлкен рөл атқаруы керек. Мәслихат депутаттары қызметінің басым бағыттарының бірі Президенттің өңірлерді дамыту жөніндегі саясатын түсіндіру мен насихаттау болуға тиіс. Жергілікті халықпен сындарлы үнқатысу үшін алаңдар ұйымдастырып, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Сенат Төрағасы Қ.Мәми бастап, құрамына сенаторлар А.Судьин, Қ.Ищанов, С.Еңсегенов енген топ мұнайлы өңірдегі «Жайық-Агро» жылыжай кешенінің, «Брандо» кәсіпорнының бір реттік щприцтер шығаратын зауытының, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы секілді әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысты. «Атырау облысы халқының әл-ауқатын жақсартуда жергілікті биліктің атқарып отырған қызметіне және жаңа индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асырудағы жұмыстарына оң баға беремін. Өйткені, жергілікті атқарушы билік аз уақыт ішінде бірталай қызметтер жасаған. Облыста жаңа кәсіпорындар ашылып, халық жаңа жұмыс орындарына қызметке тұрған. Сол себепті Атырауда атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалауға болады», деді Қ.Мәми журналистерге берген сұхбатында.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.