16 Тамыз, 2011

Біз қайда кетіп барамыз?

529 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Редакцияға келген хаттар осындай сұрақтарға жауап іздейді

* * *

ЖАСЫРУ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ, ЖАМАҒАТ

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша дін мем­лекеттен бөлек. Алайда, бұл «дін бақылаусыз қалады» деген сөз емес екені белгілі. Биыл Дін істері жөніндегі агенттік құрылуы мем­лекеттің дін істерін реттеуге аса мән беріліп отырғанын көр­сет­ті. Осыған орай біз, бір топ маң­ғыс­таулық азамат елімізде бо­лып жатқан діни оқиғаларға бай­ланысты өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Жақында зия­лы қауым бастаған Қарағанды облысының бір топ тұрғындары ақпарат құралдары арқылы елдегі діни экстремизм, оның ішін­де вахабизм, салафизм туралы ашық хат жолдады. Хатта: «...Елі­мізде тамырын терең жіберген, оның ішінде біздің Қарағанды облысында да, жан-жақты жетілген ірі әрі өте қауіпті діни сая­си «уаһабилік – ваххабиттер» немесе «сәләфилік – салафиттер» ағымы туралы өз пікірімізді айтуды жөн көрдік» деп жа­зады. Осы мазмұндас Түркістан қаласы ардагерлері атынан жа­зыл­ған тағы бір ашық хат жа­қын­да баспасөз беттерінде жа­рыққа шықты. Осы орайда біз де өз өл­кеміздегі аху­ал­ға назар аудар­туды жөн көрдік. Маңғыстауда соңғы үш жыл қа­тарынан болған діни астары бар оқиғалар облыс ха­лқын алаңда­тып қана қоймай, белгілі дәрежеде қоғам өміріне ықпал етіп отыр. 2008 жылдың ақпан айында 5 вахабит полициямен қарулы қақты­ғыс­қа түсті. Онда Теңге елді мекеніне жауап­ты полиция капитаны Бисекенов қаза тапты. Елді дүр­лік­тірген бұл оқиға келесі жылы басқаша сипат алды. Бұл жолы, атап айтқанда, 2009 жылы Жаңа­өзен қаласынан өрімдей қазақтың бес баласы Да­ғыстанға жиһадқа аттанып, сол жақта өлтірілді. Бір үйден ағай­ынды екі бала оққа ұшқан бұл қаза тұтас облыс тұрғындарының қайғысы болды. Үшіншісі, тек Маңғыстау хал­қын ғана емес, тұтас елдің үрейін алған 2010 жылдың 22 маусымы күні Ақтау қаласының сыр­тын­дағы ГМ 172/1 қатаң режімдегі колонияда 21 соттал­ған қашқан қанды оқиға бол­ды. Қаншама адамның өмірін қиған бұл оқи­ғаға вахабит-са­лафиттердің қа­ты­сы барлығы ақпарат құрал­да­рында жа­зыл­ды. Қашқан­дар­дың ішінде діни экстремизм бой­ынша сот­тал­ған тараздық Дәурен Әлім­бе­ков­тің болғаны, ал оның әкесі Қордай аудан­дық мәсли­хаты­ның депутаты Біржан Әлім­бе­ковтің ақпарат құ­рал­дарынан діни қауіптен сақ­тандырып айт­қан сөзі, әке мен баланы ажырататын бұл істің түбі те­реңде екенін көрсетті. Парламентте де Мәжіліс депутаты Асхат Бе­кеновтің де­путаттық сауалында осы мә­селе қозғалды. Алайда, осын­шама жантүршігерлік оқи­ғалар болса да «жабулы қазан жа­бу­лы» күйінде қалып, дін атын жамылған содырлардың әре­кет­тері сот процесінде тек «қыл­мыстық іс» деп қаралуы бізді қатты алаңдатады. Мазарларымыз қиратылып, санғасырлық тарихи мұра­ла­рымызға, мәденитемізге, дәс­түрі­мізге жасалған шабуылды ел ішіндегі тентектің ісіне балап отыра береміз бе? Осы жағдайларды баяндай келе, әсіресе, вахабит-салафиттерді ауыздықтау жұмыстары бас­та­луы керек деп есептейміз. «Ырыс алды – ынтымақ» деген ескі халық нақылында айтыл­ғандай, қаншама ғасырдан бері талай азапты күндерді басынан кешсе де қайсар еліміз аузынан Алласын, екі сөзінің бірінен тәу­бесін тастамай, сын тезінен өтіп, қайыспай келіп еді. Исламның, ислам діні үйреткен біздің ха­лық­тың ең негізгі ұстыны біреуге қиянат жасамау еді. Сақал қойып, дін атынан сөйлеп жүрген жас­тар­дың вахабистерге ілесіп, соң­ғы уақытта жоғарыда айтыл­ған­дай қылмыстарға баруы ел тәуелсіз­дігіне төнген қатер деп білеміз. Біз, төменде қол қоюшылар, ва­хабиттік-салафиттік діни ұй­ым­дар мен вахабизмді уағыз­дай­тын баспа құралдары жұ­мы­сын тоқтату керек деп есептейміз. Еділ ЖАҢБЫРШИН, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, техника ғылымдарының докторы, Сержан ШӘКІРАТ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Қуанышбек АЛЕНОВ, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты,  Бекмұрат ЖҮСІПОВ, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты (Барлығы 13 адам қол қойған).

* * *

«ХАЛАЛ ТАМАДА» ДЕГЕНДІ ЕСТІП... ТАҢҒАЛДЫҚ

Кеңес өкіметінің өзіне тән жақсылықтары бол­ды. Дегенмен, жаманшылығы да болмай қалған жоқ. Соның бірі өз идеологиясындағы: «Құдай жоқ. Дін – апиын», деген сөздер еді. Ол заман тұтастай ха­лықты дінсіз етіп тәрбиеледі. Жаратушының ба­рына шүбә келтірді. Бұл – үлкен қателік болатын. Еліміз егемендігін алып, азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін дініміз бен тілімізге, өз ділімізге оралдық. Қаншама жылдар бойына үзіліп қалған тамырымызды қайта таптық. Дей тұрғанмен, елең-алаңда, ел еңсесін тіктей алмай, экономикасы шатқаяқтап тұрған шақта, әлеуметтің әлеуеті әлсіз тұста мемлекетімізге миссионерлердің қаптап кіргенін адамнан жасырғанмен, Алладан жасыра алмаспыз. Әуел баста мемлекеттік саясат та дінге деген ұстанымын анықтап алған. «Дін – мемлекеттен бөлек». Оны қате деуден аулақпыз. Әлемдік тәжірибеде солай. Таза діни мемлекет болмаса, өзге елдердің дінге деген саясаты осыған саяды. Оң-солымызды енді танып жатқан тұста елге кірген миссионерлер өз саясатын әркімге тық­палай бастады. Ашқұрсаққа тамақ берді, қалтасы таязды ақшамен арбады. Әйтеуір, өздері ұстанған бағытты қандай да болмасын жолмен насихаттап, қатар­ла­рын толықтыруға атсалысты. Қо­ғамның ащы да бол­са шындығы – арамызда кришнаит та, шоқын­ған да қазақтар бар. О заманда, бұ заман, мұн­дай­ды кім көрген? Оны айтасыз, бір үйде бірнеше дін ұс­таған отбасылары бар екенін де естіп, біліп жүр­міз. Бірі кришнаит болса, екіншісі иегова, үшіншісі мұсылман. Мұндай от­ба­сы­ларда қандай береке, бірлік, ынтымақ бо­ла­ды? Ата-баба жолынан айнып барамыз. Қанша заманнан бері үзілмей келе жатқан дінінен айырылып жат­қандар жеткілікті. Бұл алаңдауға тұрарлық мәселе. Басқа миссионерлерді айтпағанның өзінде ислам дінінің де тармақтары көбейіп кетті бүгінде. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде «Ислам діні 73 тармаққа бөлінеді. Бірақ соның біреуі ғана тура жолға бастайды» деген екен. Сол заманға тап бол­ған­дай әсердеміз. Баяғы бабаларымыз жақыны қай­тыс болса, «жоқтау» айтқан. Бүгінгі кей ағымдар «жоқ­тау» айтпа дейді. Өлген адамның жетісін, қыр­қын, жылын берген. Қазіргі кейбіреулер оны да жаратпайды. Басына ескерткіш тақта орнатып, мазар көтерген. Бұл да дұрыс емес екен. Оның бар­лы­ғы Аллаға серік қосу болып табылатын көрінеді. Оу, сонда, бізден бұрынғы бабаларымыз ақымақ па? Олар оны білмеген бе? Сонда олардың бәрі күнәһар болғаны ма? Өткенде мынадай оқиғаға тап болдым. Бір өрімдей жас жігіт «халал тамадамын» дейді. Та­мақ­тың халалын білетін едік, енді халал тамада де­гені несі деп елеңдеп қалдық. Бәлкім, арақ қой­ылмайтын жерге баратын шығар деп ой­ла­ғанымызды да жасырмаймыз. Сөйтсек, ол беташар жасалмайтын тойларды жүргізеді екен. Оның айтуынша, ислам діні беташарға қарсы. Бұл қайдан шыққан ұғым? Қазақтың келіндері үлкендерге ізет, ілтипат көрсетіп иіліп сәлем берген. Оны қазіргі әсіредіншілдер Аллаға серік қосу деп санайды. Адамның емес, Алланың ал­дында ғана бас июі керек екен. Келін иіліп сәлем берсе, ол ата-енесіне, қайын жұртына табынып кетіп жатқан жоқ қой. Ол құрмет көрсетіп тұр. Осыны түсінбейтіндеріне таңғаламын. Осы күні дінге бет бұрған жастар хиджап киеді. Тіпті, кейбірі аузы-мұрнын тұмшалап, көзде­рін ғана жылтыратып көрсетіп, қара жамылып алады. Қазақтың тарихында қай қыз хиджап киіп еді? Ол қасиетті дініміз тараған араб халқының ұлттық киімі ғой. Иә, қасиетті дінімізде әуретті жер­ді жауып жүру парыз. Енді солай екен деп араб­тың киімін қазаққа жабуға бола ма? Араб халқы өздерінің ауа-райының ерекшеліктеріне қа­рай солай киінеді. Бізге не жорық? Қазақтың қыз­дары бүрмелі көйлек киініп, үкілі сәукеле таққан. Тобықтан келетін қосетек көйлекпен жүрген. Аналарымыз кимешек киген. Ол да ислам дінінің қағидаларына орайластырылып, ойластырылып жасалған ұлттық киім болатын. Егер қажеттілік болса, ұлттық киімдерімізді жаңа заман талабына сай етіп жасайық. Жастарымыз да, жасамыстары­мыз да, кәрілеріміз де соны кисін. Әрбір істен, салт-дәстүрден, таным-түсініктен күнә іздеуге болмайды. Ата-бабаларымыз дінді бізден де жақсы білді. Олар сол жолмен жүрді. Біз мынаны айтқымыз келеді. Ислам, христиан, будда деген ұлт болмайды. Егер дінді ұлттан жоғары қойсақ, онда ұлт жоғалады. Ұлтпен бірге салт-дәстүр, таным-түсінік, ырым-тыйымның бәрі құрдымға кетпек. Онда біздің егемендігімізден, мемлекеттігімізден не пайда? Қазақ исламды өз пайым-парасатымен, зердесімен ұстанған. Бастысы, бабалардың жолынан айнымау керек. Сейілбек ШАУХАМАНОВ, Қызылорда облыстық  ардагерлер кеңесінің төрағасы.

* * *

ДӘРІГЕР КӨШЕГЕ АҚ ХАЛАТЫН КИІП ШЫҚСА, МҰНАЙШЫ ҚОҒАМДЫҚ ОРТАҒА КОМБИНЕЗОНЫМЕН КЕЛСЕ, НЕ БОЛҒАНЫ?

Қазақтың ұғымында ислам дінінің бүгінгі болмысы басқа­ша болушы еді. Бұдан 50-60 жыл бұрын өмір сүрген үл­кен­дердің көзін көрдік. Мәселен, Ізмұхамбет, Кәрім, Құмар Бай­төрин, Сақып Біләлұлы секілді өңірімізге белгілі молдалардың ел ішіндегі беделі зор болатын. Бұл адамдардың біразы кезінде ислам дінін ұстанғаны үшін жазаға да тартылды. Бірақ олар бес уақыт намазын қаза жібермейтіні өз алдына, елді ұдайы біріктіруге күш салатын. Еш­қа­шан аналарымызға, қыздары­мызға бетін көлегейлей бүр­кеу­ді міндеттеген емес. Ал бүгінгі ислам дінінің да­муында біздің ұғымымызға сай келмейтін көріністер бай­қала­ды. Әсіресе, қыздарымыз, келіндеріміз дейтіндей жастар арасында етегі жер сыпы­ра­тын­дай ұзын етекті көйлек, жыл­тыраған көзі көрінбейтін хид­жап, тіпті қолдарына қара қол­ғап киетінді  шығарды. Бұ­лар біз­дің салт-дәстүрімізде бұ­рын болмаған. Бұның соңғы жыл­да­ры тіптен көбейіп, жастары­мыздың оған көзсіз еліктеп бара жатқаны ойлантады. Көктем мезгілінде табиғат алуан түрлі гүлдермен әдемі көм­керіліп, ерекше бір түрге ене­тіні секілді, адамзаттың дамуында әйелдің сұлулығына ештеңе тең кел­мейді. Ер адамдардың ара­сын­да аналарымыз, қарындас-қыз­дарымыз сұлулығымен әр беріп жүргені ғанибет емес пе? Бұл күндері байқасаңыз, қазақтың жерінде қазақтың қыздарынан бас­қа­сы бетін тұмшалап, сұлулығын жа­сырып жүрген жоқ. Сонда біз­дің қыздарымыз әдемілігін кімнен, не үшін жасырады? Жүзін тұмшалағаны үшін оларға біреулер ақы беріп, қаржы төлей ме? Міне, осындай сауалдар көп­ші­лікті көптен толғандыратын бол­ды. Бірақ ешкімге бетіңді тұм­шалама, қысқа балақты шалбар киме, шошайтып сақал қойма дей алмаймыз. Заңда көрсетілмеген нәрсеге қайтіп құқымыз жүреді? Алдымен осы кілтипанды жөндеп алуымыз керек. Себебі, біздегі дін мәселесіне қатысты заңымыздың осал тұстары жетерлік. Сол құ­жат­тағы солқылдақты пайда­лан­ған, сөйтіп, дін атын жамылған ұй­ымдар қазақтың ұғымына жат әрекеттерді енгізуге күш салып жатқаны байқалады. Әлгі шолақ ба­лақты жас жігіттер мен бетін тұмшалаған қыздар тіпті, ата-ана­сын тыңдамауды шығарды. Некелерін өздері қиып, той жасауға да қарсылық білдіреді. Мұнысы несі? Қуанышқа туған-туысқанын ор­тақтастырма, не болғаны? Мұ­ның артында қазақтың әр отбасын іштен ірітіп, баласын ата-анасына қарсы қоятындай жымысқы саясат жатқан жоқ па? Міне, осы ке­лең­сіздіктер кең етек жаймай тұр­ғанда, заңмен тиісті шектеулер қою қажет. Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шә­ріп­тің «Егемен Қазақстандағы» сұх­батында көп мәселеге орын­ды түсінік берілді. Әсіресе, мем­лекет пен дін арасындағы бай­ланыс, бүгінгі қыздарымыз киіп жүрген хиджап туралы орынды айтылды. Ендеше, хиджап киюге заңмен шектеу қой­ылса, еш­кім­нің конституциялық құқығы бұзылмайды деп ой­лай­мын. Өйт­кені, бұл діни киімге жат­пай­ды. Сол себептен оны кө­шеге киіп шығып, жұртшы­лық­тың назарын аударуға бол­май­ды. Көше – қоғамдық орын. Мәселен, дәрігерлер ақ халатын тек ауруханадағы жұмыс уа­қы­тында, мұнайшылар, дәнекер­леу­шілер, өзге мамандық иелері  комбинезондарын жұмыс орын­да­рында ғана киеді емес пе? Егер осылардың бәрі сондай киімдерімен көшеде жүрсе не болар еді? Дініміздің келешегі үшін ақыл­дасатын, ойласатын жәйттер әлі де көп. Ең бастысы, осы мәсе­леге қатысты заңымыздың бап­та­рын қайта қарап, түбе­гей­лі өзгер­ту қажет. Әйтпесе, дін атын жа­мылғандар еліміздің ішкі қауіп­сіздігіне, ынтымағы мен бірлігіне сына қаққысы келетін әрекеттерін астыртын іске асыра бермек. Ойланайық, ақылдасайық, ағайын! Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Атырау облысы.