16 Тамыз, 2011

Мұғалім мамандығын таңдау

4614 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
ОНЫ МЕКТЕПТЕ ҚАЛЫПТАСТЫРСАҚ, ҰСТАЗ БЕДЕЛІ АРТАР ЕДІ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Қазақстан Респуб­ли­ка­сында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Ота­ны­мызда білімді ойдағыдай жү­зеге асырудың маңызды құралы болып табылады. Соның нәти­же­сінде қазіргі таңда педаго­ги­ка­лық жоғары оқу орындарына жақсы жағдайлар жасалуда. Олар аймақтың білім беру жүйе­сін тұрақты дамыту мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін базалық ғылыми-әдістемелік ор­та­лыққа айналуда. Ең бастысы, өңірде педагог кадр дайындау ісі заман талабына сай орнығып келеді. Иә, қазір жоғары оқу орын­дарына, оның ішінде жас ұрпақ тағдыры сеніп тапсырылған мұ­ға­лім мамандығын әзірлеуге қой­­ылатын талап күн санап күшейіп келеді. Бұл аймақтың инновациялық үдерісі мен әлеу­меттік дамуына да өз үлестерін қосуда. Жалпы, институттардың білім беру жүйесімен өзара әре­кеттестігінің дәстүрлі үлгісін түбегейлі қайта қарастыру қа­жет. Бұл – уақыт талабы. Аймақтық білім беру кеңіс­тігінде педагогикалық институт­тар­дың алар орны ерекше екені белгілі. Заманауи әдіснамалық негізде жергілікті жердегі білім басқармаларымен ынты­мақ­тас­тықта кадр дайындау ісі өз жемісін беруде. Егер осыны алда да жетілдіре алсақ, екі жаққа да тиімді болады. Бұл өз кезегінде, аймақтарда білім беруді да­мы­тудың мемлекеттік бағдар­ла­ма­ның оң көрсеткіштерге қол жеткізуіне айтарлықтай ықпал етеді. Мұғалімдердің биылғы та­мыз мәслихаты «Отбасы, мектеп, қоғам – болашақ игілігі үшін ынтымақтастық» деген тақырыпта өтеді. Яғни, ұрпаққа білім беру, тәрбие үйрету ісі отбасына, мектепке, қоғамға тікелей қатысты. Осыны ұстаздар қауымы, ата-аналар, ғалым-пе­да­гогтар бірлесе отырып, тал­қы­ға салатын болады. Мен мұны үш жақтың мәмілеге келуі деп бағалар едім. Осы ретте мен пединституттың аймақтық білім беру жүйесімен өзара әрекет­тестігінің негізгі бағыттары, об­лыс аумағын дамыту бағ­дар­ла­масымен ұштаса жүретінін айта кетсем деймін. Заманауи білім өмір бойғы қызмет өзегін құ­райды. Қазіргі таңда мұғалім­дерден ғылыми-ізденушілік дағ­дысы заман талабына сай талап етілуде. Осыдан келіп, мемлекеттік саясат талаптарына жауап беретін педагог маман­дар­ды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйе­сін құру қажеттілігі туындауда. Қоғамдағы ұстаздың биік беделін қалыптастыру аса маңыз­ды әлеуметтік-педагогикалық жоба болып табылады. Осы мақ­сатты мүлтіксіз орындау жо­лында оқушыларды педаго­ги­ка­лық мамандықтарға тарту үшін бейіналды және бейіндік пе­да­го­гикалық сыныптар ашу жүзеге асырылуда. Мұның бәрі мұғалім беделін арттыруға негізделген. Өкінішке қарай, мектептерде келешек педагогикалық элитаны қалыптастыру бойынша мақсат­ты іс-шаралар жүргізіліп келе жат­қан жоқ. Кәсіпке бағдарлау кезінде бітірушілерді педаго­ги­ка­лық саладан басқа барлық ма­ман­дықтарға бағыттайды. Ал педагог маманды­ғы­на көп мән беріле бермейді. Зерт­теулер нәтижесі көрсеткендей, тоғызыншы сы­нып бітірушілердің қала мектептерінде – 3-6%, ауыл мектептерінде – 10% ғана мұғалім маман­ды­ғын таңдайды екен. Осы­дан келіп, педагогикалық маман­дық­­тар­ға академиялық дайынды­ғы жеткіліксіз жастар келеді. Мұн­дай кездейсоқ келгендерден мық­ты мұғалім шығады дегенге сене қою екіталай. Жоғары оқу орын­да­рын­да кәсіби білім алуымен қа­тар адами қасиетті болашақ мұға­лім­нің бойы­на сіңіру, нақты­лай түссек, ізет пен инабатты, кішіпейілділік пен кісілікті, өзге де асыл қасиеттерді олардың сана­сы­на бірте-бірте да­ры­ту қажет. Егер мұн­дай ізгіліктің негізі мектепте қа­лыптасса, ма­ман­дық алу бары­сын­да талапкер қиналмас еді. Мұны көп болып ойласып, жұрт болып кеңесіп іске асырсақ, нұр үстіне нұр. Мұғалім мамандығын таңдау­ды қалай қалыптастыруға бола­ды деген сұраққа берер жауап, бір замандары мұндай үрдіс бол­ған, соны дәуірге сай жаңғырт­сақ ұтыл­мас едік. Оны бейіндік педа­гогикалық сыныптар, сон­дай-ақ мұғалім мамандығына бағ­дар­лан­ған педагогикалық гимназиялар арқылы іске асыруға болады. Қазір ана бір жылдары баға­лы мамандық саналатын кәсіптің нәсі­бі сол тұстағыдай тасы дәйім өрге домалап тұрған жоқ. Қайта мұға­лім­дікке бет бұрғандар жыл сайын көбейіп келеді. Бұған Ел­ба­сының жастарды ауылды көр­кейтуге үлес қосу қажеттігі тура­лы бастамасы мен жасап жатқан қам­қорлығы кең жол ашуда. Тек осы игілікті іске кей азамат­тар­дың атүс­ті қарап, кейде жете мән бере бермейтіні үміткер­лердің тал­пы­нысына кері әсер ететінін жасыра алмасақ керек. Қалада үйсіз-күйсіз жүргенше кіндік қаны тамған ауы­лына барып, елге ұйыт­қы, заман­дас­тарына үлгі, кейінгіге өнеге көрсет­се, қане. Өмір көріп қа­лып­тас­қан соң қалаға оралып, өрісін кеңейтем десе, қызмет істеп, ғы­лым­мен шұғылдануға талпынса, кім кедергі болады. Болашақ мұғалімдерді даяр­лау­ды модернизациялаудың бірінші кезектегі міндеті – білім берудің барлық сатысында білім мазмұнын жаңарту; бейінді оқы­ту­ды есепке ала отырып, бола­шақ ұстаздарды терең ғылыми негізде даярлау; ауылдық, шағын комплектілі мектептерде оқитын да­рын­ды балалармен жұмыс жүр­гізу, оқытуды диверсификациялау, саралау және ақпараттық техно­логияларды игеру. Арнайы мектеп немесе жалпы білім беретін мекемелердегі мүмкіндіктері шектеулі балаларға ерекше назар аудару. Себебі, олардың арасын­да таланттар аз емес. Солардың бағын ашу, қатардан қалдырмау, біз үшін парыз. Енді білім мазмұнын жаңар­ту­дағы инновациялық ізденістер қандай болу керек деген мәсе­ле­ге жауап беріп көрелік. Біріншіден, 12 жылдық білім беруге кө­шу алдында оған озық дайындық қажет. Барлық педагогикалық ма­ман­дықтарға «Бейіндік оқыту педагогикасы» пәнін енгізуге тиіспіз. Екіншіден, ауылдық шағын комплектілі мектепте жұмыс істеуге ұмтылған жас мамандарға бағдар беру. Шынында, ауыл ал­тын бесігіміз дейміз. Сол ауылды білікті де білімді жас маманмен қамтамасыз ете алсақ, мыңдаған ұл-қыз тәлімді де тәр­биелі болып өседі. Үшін­ші­ден, ұқсас пәндер бойынша маман­дан­дыруды ба­тыл енгізу: математика-физика, математика-информатика, физика-информатика, биология-химия, тарих-география, т.б. Төр­тін­­шіден, «Шағын комплектілі мек­тепте білім берудің әдістемесі мен техноло­гия­сы» пәнін тия­нақ­тау. Бесіншіден, психология­лық-педаго­ги­калық және әдістемелік цикл пән­деріне инклюзивті білім беру мәселелерін және «Білім берудегі менеджмент» бойын­ша ма­ман­дан­дыруды орнық­тыру. Ал­­тын­шы­дан, болашақ мұғалімдерді ғы­лы­ми зерт­теулер жүргізуге және да­ры­н­ды балалармен жұмыс жүр­гізуге даярлау. Жетіншіден, көп тіл білетін педагог мамандарды әзір­леу­ді жүзеге асыру. Сегізіншіден, «е-Іеаrnіng» элек­трон­ды оқыту жү­йе­сін білім беру үрдісінде баянды ету. Ауыл мектебіне қажет мұға­лім­дерді кәсібіне қарай тиімді даярлау үшін педагогикалық институт жү­зе­ге асыратын кешенді шаралар қан­­дай дегенге келетін болсақ, олар: жұмыс берушілердің сұра­ны­сына қарай аймаққа қажет мұға­лім­дер туралы маркетингтік зерттеулер жүргізіп отыру; ауылдағы мектеп бітірушілерді кәсіпке бейімдеу механизмін құру және жүзеге асы­ру; жоғары оқу орындары мен ауыл­­дық жерлердегі білім беру ұйым­дары арасындағы байла­ныс­ты, оның ішінде оқу-өндірістік әріптес­тік желісін құру және дамыту; ауыл­дық жерде жұмыс істеуге дайындалып жүрген студенттердің кәсіби дайындығы жайлы жүйелі мониторинг жүргізу­ді назарда ұс­тау; оқу-тәрбие үдері­сін ұйым­дас­ты­ру мен мазмұнын ауылдың әлеу­меттік жағдайына бейімдеу; педа­го­гикалық жоғары оқу орындары базасында ауылдық мектепте білім алып жүрген оқушы­ларға арналған олимпиадалар өт­кізу­ді ойластыру. Бұл оқушылардың болашақта мұ­ға­лім мамандығын таңдауға мүм­кін­дік алары сөзсіз. Тағы бір ойымды талқыға салар болсам, аймақтағы білім беруді тиімді дамыту, қоғамның әр мүшесі үшін ол қолжетімді болу мақса­тын­да пединституттар жаны­нан бейіндік мектептер, физика-ма­те­матика­лық, хи­мия-биоло­гия­лық, гумани­тар­лық ба­ғыттағы (оның ішін­де қа­шықтықтан оқытатын) ба­за­лық сы­нып­тар, ауыл­дық мектептердегі да­рын­ды балалар үшін интернаттар ашу өзекті болып тұр. Егер осы мә­се­лені дұрыс жолға қой­сақ, жыл са­йын өткізілетін олим­пиадаларға қа­­ты­сатын озат оқу­шыларды анық­тау­ға, білім ұя­сы­ның беделін нығайтуға, тиісті кә­сіптік бағдарлау жұмысын жүр­гізу­ге мол мүмкіндік болар еді. «Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны» – осы төрт тұғырды түгендеу күн тәрті­бі­не шығып отыр. Бұл шешімін тапса, еліміздің зияткерлік және шығармашылық кадрлық әлеуетін қалыптастыруға, білім берудің инновациялық жүйесін әрі қарай дамытуға, ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыс алаңын заманауи орталыққа айналдыруға болар еді. Міне, осындай құрылым­дар­дың жүйелі желісін қалыптас­тыр­сақ, аймақтық педагогикалық инс­титуттардың беделі артып, білім сапасы көтерілетіні еш күмәнсіз. Дәуірге сай ақпараттық-білім беру технологияларын пайдалану есебінен оқыту сапасын артты­ру­ға, тұл­ға­ның өмір бойы білім алуы мен өз бетінше ізденуіне жол аша­тын уақыт тұрды. Қолжетімді білім беру­дің бір жолы – жоғары оқу ор­ны­ның сайты екені мәлім. Біз осы­ны ескеріп облыс­тық порталдан тұ­рақ­ты орын алған «Мұға­лім­ге көмек» атты қо­сымшаны құ­ру­ды қарастырып жа­тыр­мыз. Ол мектепке дейінгі, мекте­пал­ды даяр­лық, жал­пы орта, техни­ка­лық және кә­сіп­тік, жоғары білімнен кейінгі оқу бағдарламаларын жүзеге асы­ру; бейіндер бойынша пән­дік бағ­дар­лау, пәнаралық курс­тар­дың электрон­ды нұсқаларын ұсы­ну; қашықтықтан оқу­­шылар олим­пиа­да­ларын, сайыс­тарын ұйым­дас­ты­ру; виртуалды пси­хологиялық қыз­метті ұйымдас­тыру; оқушылар мен ұстаздар үшін оn-line жүйесі нәти­жесінде кеңес­тер, дәріс­тер, шеберлік-кластар өт­кізу; мүм­кін­дік­тері шектеулі бала­лар­ды қол­дау, Интернет орталық­тарын құру, т.б. Аймақтағы үздіксіз білім беру жүйесінде педагогикалық жоғары оқу орындарының атқаратын жұ­мысы аз емес. Ол үшін үздіксіз білім беру жүйесін теориялық-әдіс­намалық және әдістемелік жағы­нан қамтамасыз етуді жүзе­ге асыру; 12 жылдық білім беруге көшу бойын­ша облыс мектептерінде ғылыми-әдістемелік тә­жі­ри­белер­ді жандан­ды­ру; оқу­шы­­лардың бейіналды және бейіндік дайын­ды­ғына көмек көр­се­ту; ин­но­ва­ция­лық техноло­гия­­ларды пай­да­ла­ну арқылы оқу­шы­лар­дың ден­сау­лығына мониторинг жасап оты­руды енгізу; балалар мен жас­өспірімдер арасын­дағы тәрбиені бір сәтте көзден таса етпеу; ай­мақтық педагоги­ка­лық қауым­дас­тық­пен бірлесіп іс-ша­ра­лар ұйым­дастыру, оны кең кө­лем­де насихаттап, материал­дарын ба­сылымдарға шығару. Біздің институт секілді оқу орындарының ғылыми-педаго­ги­калық әлеуеті облыстық мұғалім біліктілігін арттыру институт­та­ры­мен салыстырғанда, біршама жоғары. Осыны пайдаланып, ай­мақ көлеміндегі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар­ды бірлесе отырып оқыту, мүм­кін­діктері шектеулі балалармен жұмысты жетілдіру, шағын комплектілі мектептер үшін аралас мамандықтар әзірлеу, уақыт өл­шеміне қарай пәндерді шет тілінде оқыту үшін бейіндік ағылшын (неміс) тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру басты мақсат бо­лып есептеледі. Бұл күндері мектепте жұмыс істейтін магистранттар 2%-ды ға­на құрайды. Педагогикалық оқу орындары тиісті пәндік сала бакалаврларын дайындауға бағ­дар­ланған. Бұл болашақ мұғалім­дер үшін өте төмен шек болып табылады. Бейіндік мектеп үшін білім беру магистрларын дайын­дау педагогикалық жоғары оқу орындарының базасында жүзеге асырылуы тиіс. Халықаралық дәрежедегі оқу орындарының ерекше бір түрі – педагогикалық университеттер бо­лып есептелінеді. Бұл дәстүрлі университеттерде берілетін педа­го­гикалық білім емес, университеттік педагогикалық білім бо­лып табылады. Болашақта педа­го­гика­лық институттарды университеттерге айналдыру мәселе­сі шешіліп жатса құба-құп. Біз сол кезде ғана ұстаздардың міндетті магистрлік білім алу мәселесін күн тәртібіне қоятын боламыз. Үкіметтің өткен мамыр айын­дағы отырысында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мұ­ғалімдер үшін интернатура инс­титутын құру қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Педагогикалық интернатураны тәжірибеге енгізу пединституттарды бітіруші жас мамандарға тәжірибелік және әдістемелік дайындығын жақ­сар­туға, кәсіби деңгейін, қызметке дайындық дәрежесін арттыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын өткізілетін мұға­лім­дердің тамыз мәслихаты тек мұ­ғалімдер үшін ғана емес, сол мұ­ғалім дайындайтын жоғары оқу орындарына да қатысты бол­ған­дық­тан біз осы мақаламызда азды-көпті ой пікірлерімізді ор­таға са­лып отырмыз. Оның ең бас­тысы мұғалім мамандығын таң­дауды мектептен бастау қа­жеттігі еді. Кәсіпке адалдықты мектептен ор­нық­тырсақ, бұл болашақ ұр­пақтың отаншылдық рухын қалыптас­ты­рып, елге деген сезімін арттырары сөзсіз. Осы жерде тағы бір бай­ла­мымды айта кетсем, артық болмас. Мектеп бітірген оқушы қа­лай назардан тыс қалмайтын болса, жо­ғары оқу орнын тәмам­даған жас­тарға да сондай мүмкіндік туғызу қажет. Ол үшін жоғары оқу орнын бітірушілер ассоциа­ция­сын құру қажет тәрізді. Ассоциация бітіру­ші­лердің өзара ақпарат алмасуына, кәсіптік және басқа да көмек алуы­на, іскерлік, достастық қа­рым-қа­ты­настарды дамытуға, өз инсти­ту­ты үшін жауапкершілікті сезінуге, аймақтық оқу орнының беделін нығайтуға септігін тигізер еді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында өтетін мұғалімдердің тамыз мәслихатында елдік істі елеулі биікке көтеру жолында ат­қарылатын жұмыс жан-жақты сөз болып, ол жаңа оқу жылында қол­ға алынып, кейін өз нәтижесін беріп жатса, ұлт үшін де, ұрпақ үшін де нәтижелі болмақ. Нұрғали АРШАБЕКОВ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, философия ғылымдарының докторы.