17 Тамыз, 2011

Ауыз ашарда концерт қойғаны несі?

593 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ОНЫ КІМ ОЙЛАП ТАУЫП ЖҮР? Бүгінде басшылар мен кә­сіп­керлердің ауыз ашар беруі жа­ңалық емес. Мұсылман мем­лекеттеріне ғана тән бұл мәселеде АҚШ сияқты атақты елдің президенті Барак Обама да қалыспай келеді. Демек, гәп – ауыз ашар дәстүрін дін ислам талабына сай тәрбие мен тағылымға, мән мен мазмұнға байыта түсуде болып отыр. Мысалы, ауыз ашар дәмі, негізінен, қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, кешке дейін жүрегі сазып жүрсе де Ал­лаға адалдық танытқан жан­дарға берілген уәжіп делінеді. Егер ауыз ашар беруші Алла тарапынан сауап күткен болса, ол сауап та, негізінен, әлгі қар­ны қабысып, ерні кеберсіген мүміндердің алғысы үшін жа­зылса керек. «Шақырған жерден қалма, ша­қырмаған жерге барма». Жа­қын­да, шақырған соң, біз бір ауыз ашарға бардық. Бірақ дас­тар­қан басында ораза ұстаған мү­міндерден гөрі «аузы ашық» пенделер көбірек көрінді. Ертеңгі асы мен түскі дәмін уақтылы ішіп, түс қайта қою күрең шайға тағы бір «тойып» алатын кішігірім бастықтар: «Біз де осылар сияқ­ты құдайға құлшылық жаса­сақ қандай ғанибет болар еді», деп ауыз бекіткен жамағатқа үмітпен қарап, үлгі-өнеге алып жатса бір сәрі ғой. Жоқ, керісінше, олар үзілісте дін исламда ха­рамға шығарылған темекісін шегіп: «Міне, мені көрдіңдер ме?» дегендей түтіндерін бұрқыратып тұрды. Аузы берік мүмінге құрақ ұшып сәлемдесудің абзал екені ойларына кіріп те шықпады. Құд­ды дайын асқа тік қасық «той ге­нералдары» сияқты. Оның үстіне ата сақалы аузына шыққан аға буын өкілдері мен ақ сәлделі имамдардан жоғары жайғасып алды. Түсіне білген жанға бұл да кісілік пен кішіліктен алшақтау еді. Олардың орнында, мысалы, мешіттегі жұма намазға келіп құл­шылық жасап жүретін ұлт зия­лылары отырса қандай жара­сымды болар еді!?. Ауыз ашарға ауыз бекітпесе де келгендердің кейбіреуі артық сөз де айтып қалып жатты. Имам бастаған аз ғана топ ауыз ашқаннан кейін шам намазын оқуға беттеген кезде: «Мыналар қайда кетті?» «Намазға?».. «Ауыз ашар біткен соң оқыса да болмай ма?» деп қынжыла күңкілдей бастады. Жырқ-жырқ етіп күлгендері де жоқ емес. Өйткені, ауыз аша салып (кешке дейін дым татпай жүрсе де), намазға асыққан тақуалардың құлшылық тәртібіне адалдығы олар үшін оғаш көрінген сияқ­ты. Егер солар бір күнде бес рет қайталанатын азан үнінің: «На­мазға келіңдер, намазға келің­дер, құтылуға асығыңдар, құты­луға асығыңдар!» деп келетін адами пенделіктен биік тұрған мәні мен мағынасын тереңірек түсінсе, намаз – діннің тірегі, ғи­бадаттардың ең ұлығы, намаз оқымаған пенде Алланың әмі­рін орындамаған, Құдайға қар­сы келген болып табы­ла­тынын білсе, бүйтіп күнәға батпас еді. Жалпы, ауыз ашарда ән шырқаған мұсылмандарды, оның ішінде қазақтарды әлі күнге дейін көрмеппіз. Бірақ ауыз ашар­дың оразасы жоқ «қо­нақ­тарын» бірінен кейін бірін сөй­летіп алған жүргізуші бір уа­қыт­та: «Ендігі кезекті әнге берейік», деп хабарлады. Алатау­дың ақиығы Кенен Әзірбаевтың әні деген соң «е, тыңдасақ тың­дай­ық» десек, «Бас та өлең, құ­лақ та өлең, мұрын да өлең» деп басталатын көпке белгілі әннің сөзін «...ой да өлең, қыр да өлең» деп бастаған жас әншіміз айда­ла­ға лақты да кетті. «Дәстүрдің озы­ғы бар, тозығы бар». Егер ауыз ашар берушілер озық дәстүр ретінде бір-екі ән айтылса артық етпейді деп шешсе, ол әннің тек қана діни тағылым мен тәрбие тұр­ғысынан әуелегені абзал еді. Халқымызда «Көш жүре тү­зеледі» деген сөз бар. Алладан бас­қа ешбір тәңір жоқтығына және Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі екеніне куәлік еткен мұ­сылмандар қауымы, дейтұр­ғаны­мен, бұл ауыз ашарға да дән риза көңілмен марқайып тарасты. Өйткені, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пай­ғамбарымыз: «Рамазан айының басы – мейірім, ортасы – кешірім, аяғы – тозақ отынан азат болу», деген екен. Ал жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылып, шайтандар шынжыр­лан­ған Құ­ран айындағы ауыз ашардың тағылымы мен тәрбиесі алдағы уақытта тек қана сауапты іске сай болса екен деп тілейік. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.