17 Тамыз, 2011

Өз азаматтарын өлтіру жалғасуда

426 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сирия әскерилері Латакия портты қаласын қор­шау­ға алды. Солдаттар шаһардан қашуға әрекеттенген тұр­ғындарға оқ жаудыруда. Өткен сенбі күннен бергі қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 30-дан асқан көрінеді. Түркия сыртқы істер министрлігі Башар Асадтың үкіметі осындай қадамдарын жалғастыра беретін болса, қарсы шара қолданатынын мәлімдеп, ескерту жасады. Оның қандай шара екені нақтыланбайды. АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Үндістан мен Қытайды Сирияның мұнайы мен газын сатып алудан бас тартуға шақырды. Жалпы, Сириядағы текетірес үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері жалғасып келеді. СОТ ПРОЦЕСІН КӨРСЕТУГЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ Каир соты Мысырдың бұрынғы президенті Хосни Мүбәрактің сот процесін телевизиядан трансляциялауға тыйым салды. Оның осы жылдың басында орын алған халықтың жаппай наразылығы салдарынан биліктен аластатылғаны белгілі. Сонымен қатар, сот Мүбәрактің ісін бұрынғы ішкі істер министрі Хабиб әл-Адлидің ісімен біріктіру туралы шешім қабылдады. Адлидің шеруге шыққан мысырлықтардың өліміне кінәлі деп танылғаны мәлім. Ал келесі сот мәжілісі 5 қыркүйекке белгіленген. Онда айып тағушылардың өкілдері тыңдалатын болады. ИЗРАИЛЬ ҰШАҚТАРЫ БЕС СОҚҚЫ ЖАСАДЫ Израиль әскери-әуе күштерінің ұшақтары кеше ер­теңгісін Газа секторының аумағына бес мәрте соққы бер­ді. Палестина тарабының деректеріне қарағанда, сек­тордың шығыс бөлігіндегі Зейтун ауданына жасал­ған шабуылдан үш адам ауыр жарақаттанған көрінеді. Басқа аудандарда да зардап шеккендер бар делініп отыр. Израиль әскери-әуе күштерінің операциялары  Газа секторынан Израиль аумағына зымыран жіберілгеннен кейін басталған. Зымыран ашық жерге түскендіктен, ешкім зардап шекпеген. Шілде айының басынан бері Газа секторынан Израиль жағына шамамен 30 зымыран аттандырылыпты. Ал әуе соққыларынан 19 палестиналық опат болса керек. ПРЕЗИДЕНТТІКТЕН ҮМІТКЕРЛЕР КӨП-АҚ Қырғызстанда 15 тамызда алдағы президент сайлауына қатысатын үміткерлерді ұсыну аяқтал­ды. Орталық сайлау комиссиясына тапсырыс берген кандидаттардың жалпы саны тіпті 83 адамға жеткен. Олардың көпшілігі өзін өзі ұсынғандар екен. Үміткерлердің арасында саясаткерлер, кәсіпкерлер, бірнеше журналист, сондай-ақ 20-ға жуық жұмыссыз бар көрінеді. Тек 16 адамды ғана саяси партиялар ұсыныпты. Үміт­керлердің барлығы дерлік этностық қырғыздар, деп хабар­лады Орталық сайлау комиссиясындағылар. Олардың 77-сі ер адам болса, 6-уы әйел. Сайлау 30 қазанға белгіленген. ҚЫТАЙМЕН ШЕКАРАСЫН ҚЫМТАЙ ТҮСТІ Корея Халық Демократиялық Рес­публикасы Қытаймен шекара­сы­на бейнебақы­лау камераларын ор­натып, тікенек сымдардан қо­сымша қоршау тұрғызды. Осы­лай­ша Солтүстік Корея шекараны кесіп өтетіндерге бақылау орнатып, өз азаматтарына шетелдіктердің ықпалын шектемек. Мұндай шараларға Солтүстік Корея басшылығы КХДР басшысы Ким Чен Ирдің Синыйджу қаласына сапарынан кейін барып отыр. Өйткені, Ким Чен Ирдің айтуынша, шекара маңындағы елді мекендер тұрғындарына бақылауды күшейту қажет. Себебі, оларға капитализмнің жаман ық­палы кеңінен әсер ете бастаған. Мұны жергілікті халықтың қалай болса солай киіне бастағанынан да көруге болады, дейді ол. ТҮРІК МЕКТЕПТЕРІН ЖАБА БАСТАДЫ Түркіменстанда 1990-шы жылдардың басынан ашылған түркімен-түрік мектептері жабыла бас­тады. Бұған аталған оқу орындарына пантүркілік «Нурджулар» қозғалысының ықпалы кері әсер етіп отыр деген билік басындағылардың алаңдаушы­лығы себеп болған көрінеді. Мектептерді жабу үдерісі 1 тамызда басталған. Қазіргі кезге қарай Ашғабадта осындай бір ғана оқу орны (Ата­түрік атындағы №57 мектеп) қалған. Ал оған оқушыларды қабылдау тоқтатылыпты. Бірақ қазіргі оқушыларға мектепті бітіруге мүмкіндік беріледі екен. Мұндай оқу орындары ашылған 20 жылға жуық уақыттан бері оларды мыңдаған түлектер бітіріп шыққан көрінеді.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

Үстіміздегі жылдың 10 шілдесінде Татарстанның Куйбышев су қоймасында «Булгария» теплоходы суға батып, көптеген адам құрбан болғаны белгілі. Қайғылы оқиғаға орай Ространснадзордың екі қызметкері тұтқындалған. Украинаның бұрынғы президенті Виктор Ющенко бұрынғы үкімет басшысы Юлия Тимошенконың ісін қараған сот отырысына келуден бас тартты. Екеуі билік құрған кезде әуелі ауыз жаласқанымен, кейіннен араларынан қара мысық жүгіріп өтіп, араздасқандары белгілі. Қытай армиясы елдің оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясында орналасқан монастырьді қоршауға алды. Оған тибет монахының өзін өзі өртеп жібергені себеп болды. Тибеттің тәуелсіздікке ұмтылып келе жатқаны мәлім болса, жергілікті буддистер көсемі Далай-лама 1959 жылдан бері қуғында жүр. Өзбекстанда Ферғана қаласының хокимі (әкімі) Эркин Нуралиев орнынан алынып, артынша тұтқындалды. Формальді түрде ол қызметінен өз өтініші бойынша кеткен. Қазір ол Ташкент қаласында біреулерге жер сатқаны, коммерциялық негізде ағаш отағаны үшін жауап беруде көрінеді.

Халық бостандығы партиясының тең төрағасы Борис Немцов екі күнде екінші рет Санкт-Петербург полициясының қамауына алынған. Ол Санкт-Петербург губернаторы Валентина Матвиенконың муниципалды депутат болуына қарсы дауыс беруге үндегені үшін тұтқындалып отырғанға ұқсайды.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.