Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның мәжілісі болып өтті.
Елбасы отандық білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. «Назарбаев университетін» ашу еліміздегі білім деңгейін көтеруге ерекше ықпал етуі тиіс. Аталған жоғары оқу орнының өмірге келуімен «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде бакалаврларды даярлау аяқталды. Осы ретте тиісінше магистрлер мен PhD докторларын мақсатты даярлауға ерекше ден қойылып отырғандығын айта кету керек.
Бұл жөнінде Мемлекеттік хатшы былай деді: «Бүгінгі күні президенттік «Болашақ» білім беру бағдарламасы түлектерін жұмысқа орналастыру және олардың әлеуетін тиімді пайдалану қоғамның жіті назарында. Шетелдерден қайтып оралған стипендиаттардың елге қосатын үлесі шыққан шығындардың орнын толтырып, үміттерімізді ақтауы тиіс».
Елімізде экономиканың әлеуеті артып, индустриялық-инновациялық бағдарламаға сәйкес көптеген жобалар қолға алынуда. Олай болса, білімге деген талап та күшейе беретін болады. Шетелдерде кадрлар даярлауда қомақты қаржы жұмсалып келе жатқандығын ескерсек, оның қайтарымы болуы шарт. Мемлекеттік хатшы сөзінен осыны ұқтық.
Мәжіліске қатысып отырған комиссия мүшелеріне қарата Қ.Саудабаев әрбір үміткерге ерекше ден қойылуы қажеттігін ескертті.
– Сондықтан біз әрбір үміткердің шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарында оқуының әлеуетті мүмкіндігін аса тиянақтылықпен зерделеуіміз керек, – деді Қанат Бекмырзаұлы. Іріктеу әділ әрі қатаң түрде өтуі тиіс. Бізге сапа керек. Президенттік «Болашақ» бағдарламасы маңызды міндеттерді орындағандығын айта кеткен жөн. Аталған бағдарламаға сәйкес еліміз үшін халықаралық деңгейдегі көптеген мамандардың алғашқы буыны даярланды. Қазіргі таңда да іріктеу жүргізіліп келеді. Үстіміздегі жылдың 4 шілдесі мен 5 тамызы аралығында жүргізілген конкурстық іріктеудің қорытындысы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін республикалық комиссия қарауына 577 үміткердің өтініші енгізіліпті. Оның ішінде көптеген үміткер қаржы, құқық, экономика, мұнай-газ ісі саласына қатысты мамандықтарды таңдауға құлықты екендігін байқатқан. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар мен жүйелер; байланыс желілері және коммуникация жүйелері; көп каналды телекоммуникациялық жүйелер; радио байланыс; радио хабарламалар және телевизия мамандықтары жастардың қалауы екендігін көрсетіп отыр. Және де «Телекоммуникация», «Технологиялар менеджменті», «Туризм саласындағы менеджмент», «Қонақ үй менеджменті», «Энергетика» сияқты мамандықтар сұранысқа ие. Қалай болған күнде Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия елімізге аса қажетті мамандықтар бойынша лайықты үміткерлерді таңдауы тиіс.
Осы тұрғыдан келгенде кеше аталған комиссия отырыстың қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.