ХХІ ғасыр – технологиялық индустрия ғасыры. Өндірістік құрал-жабдықтар мен құрылғылардың жаңа түрлері дүниеге келіп, шаруашылықты оңтайлы басқару қолға алынуда. Экономикалық интеграция мен геосаяси бірлестіктер өркениетке жету жолында түрлі маркетингтік, менеджменттік тәсілдерді пайдалануда. Капитал мен еңбек ресурстарын, жер мен жеке меншікті, өндіріс пен шикізатты тиімді үйлестіру ғана мемлекетке пайда әкеледі. Осы бағыттағы әлемдік шаруашылық жүйесі қалай жұмыс істеуде? Ұлттық экономиканың ғаламдық өндірістік даму үрдісіндегі рөлі қандай? Осы жайында әңгіме өрбітсек.
Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінде ұлттық экономиканың дамуы қоғамдық өндіріс құрылымдарына тәуелді екенін соңғы уақыттарда айқын аңғарғандаймыз. ХХ ғасырда әлемде негізгі ішкі жалпы өнім 18 есеге өсті. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 6 есеге артты. Бірақ есесіне оның экономикадағы үлесі 3 есеге қысқарды. Дәл осы тенденция индустриясы дамыған мемлекеттерге де тән еді. Өткен жүзжылдықта дамыған елдерде ІЖӨ 15 есе, ауыл шаруашылығының өнімі 4,3 есе көбейіп, агроөнеркәсіп өнімі 3,6 есеге азайды. Бұл деректерге қарай отырып, дамыған елдердегі ауыл шаруашылығының үлесі жалпы әлемдік өндірістен 2 есеге аз екені байқалады. Десе де, дамыған елдің аты – дамыған. Олардағы ең басты жетістік – өнеркәсіптік өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамуы. Сондай-ақ, қызмет көрсету салаларында, оның ішінде қаржы секторында да тұрақтылық сақталуда.
ХХІ ғасырдан бастап дамыған елдердің ІЖӨ өндірісіндегі қаржы және басқа да қызмет көрсету салаларының үлесі 46,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш жалпы дүние жүзінде – 42,5 пайыз, алпауыт АҚШ-та – 48,2 пайыз, Ұлыбританияда – 44,3 пайыз, Жапонияда – 39 пайыз болса, Германияда 32,4 пайызды құрап, экономикалық өсімнің тұрақтылығын көрсетті. Ал бұл бағыттағы Ресей ұлттық экономикасының қарқыны мүлде өзгеше. Ресей Федерациясында ауыл шаруашылығының үлесі жалпыәлемдік көрсеткіштен сәл аз, яғни 5 пайызды құрайды.
Ал енді Қазақстандағы макроэкономикалық үрдістер қай деңгейде, соған жауап іздеп көрсек. Қазақстан бүгінгі таңда экономикадағы даму тенденциясында тұрақтылыққа қол жеткізіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кластерлік технологияны дамыта отырып, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға мән беру керектігін, сол арқылы әлемнің алдыңғы қатарлы 50 мемлекетінің қатарына қосылу стратегиясын жалпыұлттық міндет етіп қойып отыр. Бұл бағытта еліміз әлемдік алпауыт мемлекеттермен иық теңестіре сауда-саттық жасап келеді. Әрине, әзірге жыртығымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеуге шикізат саласынан түскен қаржы себепші. Сондықтан да, Елбасы алдағы уақытта қазба байлықтан түскен қаржыға қарап отырмай, өндіріс пен өнеркәсіпке, ғылыми технологияға мән беру керектігін шенеуніктерге шегелеп айтумен келеді. Қазақстан бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеге назар аударып, ғаламдық рынокты жаулаудың жолдарын үйренуі керек. Еліміздегі бай шикізатты рынокқа өнім ретінде алып шығу үшін тек қана жер бұрғылай берудің қажеті жоқ. Одан да технологиялық тиімді әрі экономикалық шығыны аз өңдеуші өнеркәсіп салаларын дамытуға мән бергеніміз жөн. Сонда ғана елімізде қаптап кеткен импорттық тауарлардың үлесі азаятын болады.
Экономика жүйесіндегі даму, ең алдымен, оның құрылымдық өзгерістеріне, өндірістік өнеркәсіп өнімінің көлеміне тікелей байланысты. Бұл үдеріс бесінші технологиялық төңкеріспен, ақпараттық технологиялардың өсуімен, телекоммуникацияның, электроника мен электрлі құрал-жабдықтар өндірісінің өсімімен, бұқаралық ақпарат құралдарының артуымен, дәрі-дәрмек өнеркәсібі ауқымының кеңеюімен басталып отыр. Жаңа технологиялар экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беруде және ол қызмет көрсету саласында айтарлықтай шеңберде дамуда. Әлемнің көптеген елдерінде экономикалық дағдарыс белең алып, қарапайым сіріңкенің өзі сырттан сатып алынып жатса, ал енді бір елдер қалдықтарды қайта өңдеп, өндірістік пайдаға кенеліп жатыр. Бұл – соңғы он жылда болып отырған тенденция.
Бесінші технологияның өндіріске енуі дамыған елдердің жыл сайынғы озық технологиялық өсімін орташа есеппен 2 есеге дейін көтерді. Ал өзге өндіруші өнеркәсіп салаларының орташа жылдық өсімі осы кезеңнің соңында 10 пайызға жетті. Бұл аталмыш елдердің әлемдік рыноктағы бәсекелестік қабілетін арттырып, экономикалық қуатын кемелдендіре түсті. Сондай-ақ ғылыми өндіріс салаларының да жоғары технологиялық өніміне қол жеткізді. Алтыншы технологиялық даму өндірісін қалыптастыру өз кезегінде экономикалық құрылымдық моделді өзгеріске ұшыратады. Жобалық бағалау мен нақты өндіріске сәйкес дәстүрлі емес энергетика, жаңа материалдар өндірісі, байланыс жүйесі мен ақпарат өңдеу, био және нанотехнология мен геоиндустрия салаларын дамыту қажет.
Жалпы алғанда, ұлттық экономика құрылымының дамуы өндірісті тиімді құру мен оны рынокқа шығарудың пайдалы көздерін табудан басталады. Егер сұраныс зор болса, тауар тұтынысы мемлекетке толағай табыс әкеледі. Бұл – халықтың әл-ауқатының артуының ең басты кепілі.
Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғлымдарының докторы, профессор Кенжеғали Сағадиевтің айтуынша, АҚШ-та экономикадағы адамның тиімділігі 1,45 % болса, бізде оның көрсеткіші – 0,29 %. Бұл дегеніңіз, біздің адами фактор бойынша тиімділігіміз америкалықтардан 5 есе төмен дегенді білдіреді. Мұның барлығы түптеп келгенде еңбек өнімділігімен тікелей байланысты. Біздің артта қалуымыздың негізгі себебі технологиялық кешеуілдеуімізде жатыр.
Біздің еліміздегі адам өзінің өмірге деген дайындығы бойынша өркениеті озық елдермен бәсекеге түседі. Азаматтарымыз бәсекеге қабілетті болғанда ғана, мемлекетіміздің әлеуеті артады. Олай болса, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын технологиялық тұрғыдан қолға алғанда ғана, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі артпақ.
Айдос САДУАҚАСОВ, саяси ғылымдардың кандидаты.
Астана.