Атыраудың батыс қақпасындағы Құрманғазы ауданында мұнай өндірісі жоққа тән. Мұндағы тұрғындар негізінен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайды. Шаруашылықтар бұрынғыдай көп емес. Сол көп емес шаруашылықтың ішінде «Мақаш» өндірістік кооперативінің шоқтығы биік. Осы шаруашылықты жұртшылық «Қажымғалиев түлеткен кооператив» деп орынды атайды. Ал Қажымғалиев деп отырғанымыз осы шаруашылықты 1992 жылы басқаруды қолға алған Өмірзақ Қажымғалиев дейтін іскер азамат.
Ол бұл шаруашылықты басқаруға аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен өзі сұранып келіпті. Сол кезде бұл шаруашылық «Коммунизм жолы» аталады екен. Кабинетте таңылып отыратын жұмыстан гөрі шаруашылықпен тығыз байланысты тірлікті көңілі қалаған ғой. Содан бері 19 жыл бойына аталған шаруашылықтың тізгінін ұстап келеді. Осы жылдар ішінде өндірістік кооперативтегі еділбай тұқымды қой санын өз төлі есебінен өсірді. Кеңшарлар жұмысы қожырап, қиындықтың күрмеуі ширатыла бастаған тұста өз алдына шаруа қожалығын құрамын деп ниеттенгендерді қолынан қақпай, үлесін берді. Ал «Ұжымдасайық, бір мақсат жолында еңбектенейік» деген ауылдастарын кеудеден итермей, ортақ мүддеге тоғысқан ұсынысын қолдады. Сөйтіп, өндірістік кооператив болып құрылған шаруашылықта қазір 15 000 еділбай қойы бағылады. Шаруашылыққа Мақаш ауылдық округінен 170 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, бәрі де асыл тұқымды еділбай қойының санын көбейтуге бір кісідей атсалысуды мақсат тұтқан. Ауыл адамдарының ауызбірлігінің мықтылығынан болар, «Мақаш» өндірістік кооперативінің табысы да молая түсуде.
– Біздің шаруашылыққа, – дейді төраға Өмірзақ Қажымғалиев, – 2005 жылы асыл тұқымды мал зауыты мәртебесі берілді. Бұл бізге бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік жүктеді. Ғылыми селекциялық жұмыстар үздіксіз жүргізіліп, асыл тұқымды еділбай қойын көбейту арқылы ауыл шаруашылығы саласын жаңа биіктерге көтеруді мақсат еттік. Шүкір, ойлаған ісіміз оңғарылды. Жыл сайын өтетін «Қараөткел» республикалық жәрмеңкесіне шаруашылық өнімдерін, асыл тұқымды еділбай қойын ұсынамыз.
Бұл шаруашылықтың жетістіктері «Қараөткел» жәрмеңкесінде лайықты бағасын алып келеді. Мәселен, 2007 жылы аталған жәрмеңкеде шаруашылықтың еділбай қойына екінші дәрежелі диплом берілсе, шаруашылық жетістігі 2008 жылы 1-дәрежелі дипломмен аталып өтілді. Ал биыл Атырау облысының 4 шаруашылығына «Қараөткел-2011» жәрмеңкесінің алтын медалі берілді. «Қараөткелдің» алтын медалін алған шаруашылықтың бірі – «Мақаш» асыл тұқымды мал зауыты. Мұны шаруашылық басшысы Өмірзақ Қажымғалиев ортақ мақсаттың жолында еңбектеніп жүрген ұжымдастарының табысы деп есептейді.
– Мал шаруашылығын дамыту оңай іс емес, – дейді шаруашылық жетекшісі Ө.Қажымғалиев. – Талмай еңбектену қажет. Ең бастысы, ұжымның ауызбірлігіне байланысты. Ал ұжымда ауызбірлік болуы үшін еңбеккерлердің әлеуметтік тұрмысы жақсы болғаны жөн. Балалары сабақтан қалмауы, өздеріне жалақысы тұрақты берілуі қажет. Былайша айтқанда, еңбеккерлер шаруашылық тарапынан нендей көмек керек болса, соған қол жеткізеді.
Қай кезде де шаруашылықтың малшылары орталыққа таяу емес, алыс-алыс жайлауларда отырады. Себебі, асыл тұқымды қоймен бірге шаруашылықта жылқы, түйе, сиыр түліктері де өсіріледі. Олардың әрқайсысының саны 150 бастан кем емес. Қазір мал өсіретін үш ферма бар. Әр фермаға осы өңірде әр қырынан танылған танымал тұлғалардың аты берілген. Сөйтіп, мал өсіру фермалары Сәт баба, Сардар баба аттарымен аталады. Бір фермаға Жұмажан Мәмбеталиев аты берілген. Ал ферманың бірі Ниетбай аталатын жерде қоныстанған. Бұдан оншақты жыл бұрын шаруашылық басшысы Өмірзақ Қажымғалиевтың ұйытқы болуымен Ниетбайда 9 жылдық мектеп ашылды. Қазір бұл мектепте 42 бала алаңсыз оқиды. Мұғалімдерге шаруашылық көмек көрсетеді. Егер орталау болса да, бұл білім ордасы ашылмаса, аудан орталығынан, шаруашылық орын тепкен Мақаш ауылдық округінен кем дегенде 150 шақырымдай қашықтағы малшы балаларының мектепке қатынауы қиынға соғар еді. Шаруашылықтың, оның басшысының шарапаты малшы балаларына осылай тиіп отыр.
Шаруашылық тек мұғалімдерге емес, малшыларға деп әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасайды. Жалақыны тұрақты береді. Адам болған соң сырқаттанбай тұра ма? Сондайда мезгілімен дәрігерлерге қаралуына, сауықтыру орындарында емделуіне жағдай жасайды. Жұмысшылардың шаруашылық малымен бірге жеке иеліктегі түліктерін көбейтуіне шектеу жоқ. Малшылардың, өзге де жұмысшылардың денінде жеке көліктері бар. Демек, «Мақаш» асыл тұқымды мал зауытында жұмыс жасайтындардың тұрмысы түзелді деуге негіз бар.
Айтқандай, бұл шаруашылықтың жанынан ашылған шұжық цехы бар. Онда шұжықтың бірнеше түрі дайындалады. Цехқа әкелінген мал халал технологиясымен сойылады. Сонымен бірге, Мақаш ауылында тігін цехы жұмыс жасайды. Мақаш ауылының тұрғындары да, ардагерлері де, көп балалы отбасылары да осы шаруашылықтың демеуін көріп келеді. Шарушылық басшысы ауылға да, шаруашылыққа да аты берілген, кезінде Каспий теңізі жағалауындағы 1-ші және 2-ші округтерде ұзақ жыл әкім болған, сөйтіп, осы өңірдегі халықтың отырықшылыққа бой үйретуіне, білім алуына жұмыстанған Мақаш әкімнің есімін есте қалдыруға да атсалысып жүр. 2000 жылы Мақаш әкімге кесене тұрғызса, былтыр Мақаш әкімнің 170 жылдығын атап өтуге ұйытқы болды.
Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығын өркендетуде мол тәжірибесі бар, соған орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Өмірзақ Қажымғалиев басқаратын «Мақаш» асыл тұқымды мал зауытының бағыты айқындалды, көші түзу жолға түсті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы.