23 Тамыз, 2011

Баһадүрдің бетін кім жуады?

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қиярдың өзін пиарсыз жемейтін заман ғой қазір. Брендтен береке тауып, имиджбен игілікке жетіп жүргендер жеткілікті. Жарнама деген желкемізде жарбиып отыр. Теледидарда да, көшеде де бетпе-бет келесіз. Әр облыс, қалаға тән ескерт­кіш­тер бар. Әлгі ескерткіштер сол аймақтың бренді іспеттес болып келеді. Мәселен, Астанада Кене­сары, Алматыда Абылай хан! Біз­дің аймақта да ондай айбарлы ескерткіштер бар. Бірі – қара қып­шақ Қобыландыға қойылған. Екін­­шісі – Жалаңтөс баһадүрге ар­налған. Қобыланды қаланың ішін­де тұр. Жалаңтөс әуежайдан қалаға кіре берісте, жаңа мешітке қарама-қарсы жерде орнатылған. Айтпағымыз, Жалаңтөс баһа­дүр­дің жайы. Ескерткіш еңселі. Қалаға кіре бергенде қарғып тұр­ған атымен, сесті жүзімен қарсы алады. Осы жерді жанкештілікпен қорғағаны сезіліп тұрады. Қазақ жерін азат етуде қылышы қынында жатпағанын бағам­дай­сыз. Өмірі ерлікпен өткен осын­дай бабалардың болғанын мақтан етесіз. Сәулелі сәулет өнері қай жағынан алып қарасаңыз да орынды жасалған. Қали Сәрсенбай ағамыз бір кездері «Ұлылықтың бетін кім жуа­ды?» деген мақала жазған. Ма­қала Алматыдағы Абай ескерткіші туралы. Хәкім Абайдың тас мүсініне құс саңғып кеткен ғой. Содан ұлы Абайдың беті қанша уақыт бойына сатал-сатал болып тұрған. Қали аға осыны жазды. Бір күні троллейбуспен кетіп бара жатсақ, Абайдың беті жуылып жа­тыр екен. Құзырлы орын қа­лам­гердің сөзіне құлақ асқан. Айтқанын істеген. Сол секілді, Қызылордадағы баһадүр бабаның жайын айту бізге жазылып тұр. Ақмешіттің ауа райы өзгеше. Алматыдағыдай ауық-ауық жаң­быр жаумайды. Есесіне жел бар. Жердің бетіндегіні аспанға шыға­рып алақұйындатқанда анау-мы­нау адамыңды қаңғалақтатып жібереді. Қатты жел тұрғанда құм шайнап, тас түкіруге еріксіз мәж­бүр бола­сыз. Ескерткіштің кірлеуіне осы жел­дің де өз ықпалы бар. Баһа­дүр­дің тас мүсінін шаңға көміп, топы­рақпен жауып тастай­ды. Аракідік жауған жаңбырмен шаң ара­ла­сады да, ескерткіш цемент қосыл­ған бат­пақ секілді болып тастай қатып шы­ға келеді. Жиі-жиі жумаса, қожыр­ланып кетпей қояды. Десек те, ағал-сағал болған ескерткіштің бетін сүрткен адам көрмедік. Сарша тамызыңыз да түсті. Жаз бойына ескерткіш шаң басып, топырақ шайған күйінде тұрды. Әрі-бері өткен сайын то­пы­рақа көміліп тұрған баба мү­сі­нін көріп: «Осыны жуатын адам жоқ па?» деп ойлағанымызды жа­сырмаймыз. Бірақ ешкім жумады. «Айтқан адамның аузы жаман». Сонда да айтайық. Қала әкім­­дігінде басын көтеріп жүре­тін адам жоқ-ау, осы. Егер бас­тарын көтеріп жүрсе, бабаның батпаққа батып тұрғанын көретін еді ғой. Қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары осыны көр­меді дегенге сенбейміз? Әуе­жай­дан қонақ күтіп алып, шыға­рып салып жүр­генде бір рет болса да байқағаны анық. Болмаса, қаладағы мәдени мұраларды көзі­нің қарашығындай сақтауға тиіс мәдениет бөлімін­дегілердің де бай­қамауы миға сый­майды. Қыс­қасы, бабасы шаң­ға кө­міліп тұр­ғанда, балалары жаны­нан әрі-бері жүгіріп өтіп кетіп жүрді. Біреуі де «осы ескерткішті тазалау керек екен ғой» деп ой­ламады. Ойласа, баһадүр бұлай тұрмас еді. Айт­пақшы, естуімізше, осы Қызыл­ор­даңызда «Жалаңтөс баһадүр» атындағы қор бар екен. Ескерт­кіштің орнатылуына солар мұ­рын­дық болған. Ең болмаса, осы қордағылар да қолын қимыл­дат­пады. Қолын қимылдатпай-ақ қой­сын, аузын жыбырлатып, құ­зырлы орынға айтуға болады ғой. Ол да жоқ. Жоғарыда имидж бен бренд деген сөздерді бекер айтпадық. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, ескерткіш біздің бренд. Қалаға келген қонақ алдымен осы баһа­дүр бабаның тас мүсініне көз тоқ­татады. Ағал-жағал болып тұрған ескерткішті көрген адам не ойлап кетеді? Әрі-беріден соң біздің мәдениеттілігімізді де сонымен өлшеуі мүмкін. «Итің жаман» десе намыстан жарылардай болатын қазақтың баласымыз. «Мәдениет­терің төмен екен» десе ше? Бетімізбен жер баспаймыз ба? Сон­дықтан баба ескерткіші күн сәу­лесімен шағылысып, ай нұрымен астасып тұруы қажет. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.