Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 20 жыл
Сонымен, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы тарихи Жарлықтарының бірімен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толып отыр. Заманымыздың ақиық ақыны Олжас Сүлейменов сол тұстағы Елбасымыздың батыл қадамын нағыз азаматқа тән ерлік деп бағалаған еді. Шындығында бұл өзі егемен елдің басшысы тарапынан жасалған саяси кемеңгерлік пен алыстан болжайтын сұңғыла саясаткерліктің жарқын үлгісі болды. Сол шақта 70 жыл бойы жарты әлемге үстемдігін жүргізіп келген алып империя әлі тарап үлгермегенін ескерсек, әлгіндей ерліктің мән-маңызы өз-өздігінен айқындала түседі. Тарих үшін қас-қағым сәттей көрінетін өткен 20 жыл ішінде әлемдік қоғамдастық Орталық Азияда жаңа тұрпатты мемлекеттің пайда болғандығына көздері жетіп, бейбітшілік ісін бағдаршамдай ұстанған біздің елдің үлгісіне көз тоқтатып, көңіл аудара бастады. Орталық Азия демекші, осыдан алты жыл бұрын Елбасы тарапынан мұнда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы көтерілген болатын. Соған орай 2006 жылдың күзінде Семейде Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа осы өңірдегі бес республиканың Сыртқы істер министрлері қол қойғаны баршаға мәлім. Ал одан кейінгі жерде елімізде қат-қабат маңызды оқиғалар бір-біріне жалғасып жатты. Айталық, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені, осы мәртебелі ұйымның саммиті Астана қаласында өткені күні кеше ғана. Осы екі аралықта Елбасымыздың алыстағы Америкада, Вашингтонда ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысып, әлемде бейбітшілікті орнықтыру жөнінде сындарлы ұсыныс, тың бастамаларымен жарқырап көзге түскені баршаға мәлім. Өткен жылдың көктемінде елімізге ресми сапармен келіп кеткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның біздің мемлекеттің басшысына қарата әлемдік ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа Сіз жетекшілік етуге тиіссіз деуі сондықтан болса керек. Ал біздің елде ядролық сынақтарға қарсы «Невада – Семей» халықаралық қозғалысы көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастамасымен 1989 жылдың ақпан айында құрылғаны белгілі. Құрылған беттен ядролық сынақтарды тоқтатуды талап еткен 2 миллионға жуық адамның қолын жинап үлгерген шын мәнісіндегі халықтық қозғалыс біздің еліміздегі нөмірі бірінші үкіметтік емес ұйым еді. Ал қазірде ондай үкіметтік емес ұйымдар саны қырық мыңның үстінде. Нұрсұлтан Әбішұлының сол бірінші нөмірлі үкіметтік емес ұйымды, бүкіл халықтың қолдауына ие болған қозғалысты құрылған күнінен бастап күні бүгінге дейін қолдап, қамқорлық танытып келе жатқаны және шындық. Соның айғағындай, Елбасымыз біздің тарапымыздан бұған дейін өткізілген ядролық сынақтарға қарсы алқалы жиындардың ешқайсысынан сырт қалған жоқ. Соның бірінде, нақтылап айтсақ, 1993 жылдың тамыз айында Алматыда өткен екінші ядролық сынақтарға қарсы конгресте тәуелсіз Қазақстанның басшысы әлемдік қоғамдастыққа ядролық сынақтарға мораторий жариялау жөнінде ұсыныс жасады. Соның бәрі біздің Елбасымыз тарапынан алдын ала ешқандай талап қойылмай, риясыз көңілден болғандықтан, бұл ұсынысқа әлемдегі іргелі ел басшыларының бәрі түсіністікпен қарады деп ойлаймын. Қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан елдің бұл бастамасы әлі күнге дейін өзінің жалғасын тауып келе жатқаны кеудеңе қуаныш ұялатады. Ал кешегі атом полигонының астанасы іспеттес Курчатов қаласы бүгінде бейбіт мақсатта өсіп, өркендеп қанат жайып келе жатқаны да көп нәрсені аңғартса керек. Қазірде мұнда Елбасының Жарлығымен ашылған Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі толық қуатында бейбіт мақсатта жұмыс істей бастады. Оның алғашқысы ғылыммен айналысса, екіншісі сол ғылым жаңалықтарын өндіріске енгізуде. Бір кезде алып империяның басына түрлі айла-шарғымен келіп қалған Хрущев семсерден соқа жасаймын деп өрекпіп, бірақ іс жүзінде әлемді үшінші дүниежүзілік соғыс қатеріне ұрындыра жаздаған еді. Ал Курчатов қаласындағы қазіргі жағдай кешегі қатерлі қарудың бейбіт мақсатта жұмыс істей бастағанын айғақтайды. Жоғарыда Елбасының халықтық қозғалысқа деген құрметі мен қамқорлығы туралы айтып қалдық қой. Осыдан екі жыл бұрын Семейде, ондағы Ертіс өзенінің айрығындағы аралда атом құрбандықтары құрметіне салынған «Өлімнен де күшті» монументі басында осы өңірдегі ядролық полигонда сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығы қарсаңында сан мыңдаған адам қатысқан салтанатты жиын болып өткені белгілі. Елбасымыз сол алқалы жиында сөйлеген сөзінде ядролық сынақтарды тоқтатуға Олжас Сүлейменов басқарған «Невада – Семей» қозғалысының белсенді қызметі көп жәрдемдескенін айтты. Аталған жиында біздің еліміздің тарапынан БҰҰ-ға елеулі ұсыныс жасалды. Сол жылдың соңында мәртебелі ұйым тарапынан әлгі ұсыныс бірауыздан қабылданды. Сөйтіп, Семей атом полигонының жабылған күні – 29 тамыз әлемдік күнтізбеге Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып енгізілді. Бұл да біздің еліміз бен Елбасымыздың әлемдік қоғамдастық алдындағы зор беделін көрсетсе керек. Осы өткен 20 жыл ішінде ядролық сынақтарға қарсы алқалы жиындардың ешқайсынан сырт қалған жоқпын. Соның бірінде, нақтылап айтқанда, 2000 жылдың мамыр айында Астанада өткен ядролық сынақтарға қарсы екінші халықаралық конгресте бейбітшілік жолындағы күрескер басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде бастама көтеріп, сөз сөйледім. Іле осы ұсынысымды Қазақстан халқы Ассамблеясына жолдадым. Біздің бұл бастамамыз кейінде АҚШ елінің конгресмендері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне қатысушы қайраткерлер мен Түркі халықтары бүкіләлемдік ассамблеясының тарапынан зор қолдау тапты. Семей атом полигоны жабылуының 20 жылдығына орай бүгіндері Семей – Алматы – Астана бағытымен веложорығын аяқтаған Норвегияның «Бейбітшілік үшін саяхат» қоғамдық қорының белсенді мүшелері де біздің тілекке қолдау білдіруде. Бүгінде біздің қозғалыстың бөлімшелері әлемнің бірқатар елінде жұмыс істеп жатыр. Олар да осындай игі шарадан сырт қалмайды деп білеміз. Ал біздің қозғалыс болса, қазірде сынақ аймағындағы дертке ұшыраған жас ұрпақты сауықтыру ісімен айналысуда. Соның айғағындай, 2000 жылдан бері 500-ге жуық жас жеткіншек еліміз бен Италиядағы сауықтыру орындарында емделіп және демалып қайтты. Осы орайда «Бөбек» қайырымдылық қорының төрайымы Сара Назарбаеваға да алғысымыз шексіз. Бейбітшілік жолындағы ізгі талпыныс ешқашан тоқтамақ емес. Және сол ізгі мақсаттағы әрбір іс дер шағында өз бағасын алуы тиіс деп есептейміз. Қатерлі қаруды жасауға атсалысқан бірқатар ғалымдар Нобель сыйлығын иеленген болса, енді сол қатерлі қаруға ең алдымен тыйым салған елдің басшысы осындай атақты неге иеленбеске! Семейде биылғы жылдан бері Нұрсұлтандар мен Олжастардың клубы жұмыс істейді. Негізінен 1989–1991 жылдары өмірге келген, қазірде жастары жиырманың әр жақ, бер жағындағы олар біздің қозғалыс жұмысына зор белсенділікпен атсалыса бастады. Олар да осында игі тілек үстінде. Сұлтан КАРТОЕВ, ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының вице-президенті, ҚР еңбек сіңірген энергетигі және атом саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері.Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Саясат • Бүгін, 11:50
Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26