Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі кезекті Үкімет отырысы болып өтті.
Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев индустрияландыру бағдарламасы бойынша баяндама жасады. Оның айтуы бойынша, елімізде тағы қосымша үш жаңа еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) құру жөнінде мәселе қаралуда. Атап айтқанда, болашақта «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА, Павлодар облысында мұнай-химия өнеркәсібі еркін экономикалық аймағы және Қарағанды облысында «Сарыарқа» ЕЭА құрылмақ.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің қайта өңдеу саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 11,2 пайызға өсіп, 204 миллиард теңгені құраған. Индустрия және жаңа технологиялар министрінің мәлімдеуінше, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде түбегейлі институттық, заңдық және жүйелік шаралар бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілген. Мәселен, «Kaznexinvest» инвестиция және экспорт жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ атты мамандандырылған компания құрылып, осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізе бастады. Бұл компанияның жүйелі жұмысының нәтижесінде, әлемнің барлық өңірлеріндегі инвесторлармен 200 инвестициялық бастама бойынша жұмыстар қолға алынды. Бүгінге дейін елімізге жалпы көлемі 7 миллиард АҚШ доллары шамасында инвестиция тарту жөнінде келісімдер жасалған.
Еліміз бойынша, «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасына қатысуға 171 кәсіпорын ниет танытып отыр. Баяндамашының айтуынша, бұл ретте мәшине жасау кәсіпорындары, құрылыс материалдары индустриясы және агроөнеркәсіп кешені белсенділік танытуда. Қанатқақты кезең болып есептелетін 2011 жылы 19 миллиард теңгеден астам соманың көмегі көрсетілетін 50 жобаны жоспарға енгізу көзделініп отыр.
Биылғы жылы 7,3 миллиард теңге көлемінде инновациялық гранттар бөлінген. Бүгінгі күнге дейін жалпы көлемі 55 миллиард теңге болатын 700 өтініш түскен. Яғни, бөлінген гранттан келіп түскен өтініштер бірнеше есе артық.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие беру мөлшері 194,2 миллиард теңгені құрайтын 500 жоба мақұлданған. Қазір бағдарлама шеңберінде 175 кәсіпорында өндірістік құрылымды жаңғырту және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешенінің жобалары басым түсіп отыр. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешені бойынша 131 жоба, жеңіл өнеркәсіпте 98 жоба, металлургия, металл өңдеу және мәшине жасау өндірісі бойынша 78 жоба қолға алынған. Жалпы алғанда, бағдарламалар бойынша 67 мың адам жұмыс істейтін 600 кәсіпорынға қолдау көрсетілуде.
Әсет Исекешевтің мәлімдеуінше, қазірдің өзінде елімізде болашақта болуы мүмкін әлемдік экономикалық дағдарыстарға жан-жақты қарсы тұру іс-қимылдары жасалуы керек. Бұл ретте, бірінші кезекте ірі кәсіпорындарға, еліміздегі орта және шағын бизнес субъектілеріне басымдық берілуі қажет. Сонымен бірге, Индустрия және жаңа технологиялар министрінің мәлімдеуінше, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңін белгілеу жұмыстары жедел қолға алынған. Өнімдерін экспорттайтын отандық 1,5 мыңнан астам кәсіпорын жүйелі түрде мемлекеттік көмек түрлерімен қамтылған. Мәселен, өнім экспорттайтын 43 отандық кәсіпорынның 141 миллион теңге көлеміндегі әртүрлі мақсаттағы шығындары жабылған. Жалпы сомасы 292,6 миллион АҚШ долларын құрайтын экспорттық өнімдерге – мәшине, химия өнеркәсібінің құралдары, тоқыма өнімдері, дәрі-дәрмек, азық-түлік өнімдері және құрылыс материалдарына қолдау көрсетілген. Бұл өнімдер негізінен Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан сияқты 9 шетелге экспортталды.
Ел үміті егін үстіне ауған бүгінгі таңда диқан қауымының табан ақы, маңдай терімен өсірілген астықты дер кезінде жинап, ел игілігіне жарату маңызды да басты міндет. Үкімет басшысы осы мәселені ерекше айта келіп, бүгін-ертең жаппай басталғалы отырған орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізудің мемлекеттік мәнін атап көрсетті. Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков биылғы жылғы ауа райының ылғалды болуының нәтижесінде барлық өңірлерде бітік егін өскенін айтты. Қазір алдын-ала жасалған болжамдар бойынша, 18-18,9 миллион тонна астық, оның ішінде 14,5 миллион тонна бидай жиналады деп күтілуде. Бүгін Ақмола және Қостанай облыстарынан басқа өңірлердің барлығы дерлік егін орағына қызу кіріскен. Жақында ғана орақ науқанын бастап кеткен Солтүстік Қазақстан облысында бүгінге дейін 1,2 миллион гектар алқаптың егіні бастырылып, 1,7 миллион тонна астық жиналған. Солтүстік Қазақстан облысындағы гектар өнімділігі орта есеппен 16,7 центнерден айналған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 50 пайызға жоғары. Еліміз бойынша биыл әр гектардан жиналатын өнім 14,4 центнер болады деп күтілуде. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 центнерге жоғары болмақ.
Иә, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аталып өтетін биылғы жылы да қазақтың жомарт даласы ел ырзығын еселеп бергелі тұр. Алайда биылғы ауа райы жағдайына байланысты алынатын өнімнің ылғалдылығы жоғары болады. Сондықтан, өсірілген астықты сапалы әрі толық сақтау күн тәртібіндегі басым мәселенің бірі болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, Қазгидромет орталығының деректеріне сәйкес күз айлары жауын-шашынды болмақ. Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында күзде түсетін ылғал мөлшері орта көрсеткіштен артық болады деп күтілуде.
Осыған байланысты астықты өңірлердегі егін көлемінің 40 пайызын іріктеп оруға тура келеді. Сонымен бірге жаз айларында жауын-шашынды күндердің көп болуына байланысты кейбір өңірлерде дәннің пісіп-жетілуі әдеттегіден 1-2 апта кешеуілдеуі мүмкін. Ылғалдылығы мол астықты дер кезінде кептіріп, сапалы сақтау үшін қолдағы бар астық қабылдау пункттері, элеваторлар және қоймалар сақадай-сай болуы керек. Әзірге еліміздегі қолда бар 214 астық қабылдау пунктінің 197-сі жаңа орақ астығын қабылдауға дайын. Министрдің айтуынша, егіні бітік өскен солтүстік облыстардың элеваторларында Азық-түлік корпорациясының өткен жылғы егіннен қалған 800 мың тонна астығы сақтаулы тұр. Бұл өңірлерде жаппай егін орағы басталғанға дейін бұл астықты оңтүстік өңірлердің астық сақтау қоймаларына көшіру керек. Бұл шара дер кезінде жүзеге асырылған күннің өзінде болжамдағы астықты жинап алатын болсақ, солтүстік өңірлердегі астық сақтайтын қоймалардың тапшылығы 1-1,5 миллион тоннаны құрайды. Министрдің айтуынша, дәл бүгінгі күнге дейін орақ техникаларының 93 пайызы дайындық сапына қойылған. Сонымен бірге еліміздің өңірлерінде азық-түлік қорын тұрақтандыру мақсатында Үкімет тарапынан 17,2 миллиард теңге қаржы бөлінбек.
Селекторлық режімдегі Үкімет отырысында барлық өңірлердің әкімдері жергілікті жерлердегі елді мекендердің барлығы дерлік алдағы қысқы жылу маусымына дайындықтың белгіленген кестеге сай жүргізіліп келе жатқандығын мәлімдеді. Отырысты қорытындылай келіп, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық барысы жөнінде барлық өңірлердің әкімдерін жүйелі түрде әдейі тыңдағанын, бұл мәселенің айрықша маңыздылығын тағы да ескертті. Қалған аз уақыттың ішінде орын алған олқылықтар болса, дереу жою керек екендігін айтты. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында бүгінгі күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті министрліктер мен ведомстволардың өкілдеріне, өңір әкімдіктеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.